Өз анаң бойыңа берген қуат, табиғат сыйлаған талантпен ұштасса, онда адамның бағы жанып, жұлдызы биіктен көрінеді. Қанатты қырандай көкке самғап, көрген көзді де сүйсіндіреді. Міне, сондай талантты азаматтардың қатарынан табылып келе жатқан Қазақстанның халық әртісі, Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, профессор, театр және кино режиссері Талғат Теменовтің әр жылдардағы жетістігі жұртты сүйсіндірумен келеді.
Ол жақында ғана «Мәдениет қайраткері» аталымы бойынша «Алтын адам» құрметті атағына лайық деп танылды. Бұл марапат күні кеше ғана Алматыдағы Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрында табыс етілді. Осы арада бұл атақ туралы аз-кем мәлімет берер болсақ, «Алтын адам» фестивалі – «Жыл таңдауы» халықаралық мәртебеге ие және ТМД мемлекеттерінің 5 елінде: Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Украина, Белоруссияда өтіп келеді. «Алтын адам» ұлттық жобасы – саясаттандырылмаған тәуелсіз жоба болып саналатынын да еске сала кетейік.
Табиғат берген талантымен өз отандастарымызды емес, әлем жұртшылығының да назарын аударып, көркем дүниелерімен көптің көңілінен шыға алған Талғат Теменовтің «Адамдар арасындағы бөлтірік» атты толық метражды көркем фильмі Майндағы Франкфурт қаласында өткен 15 халықаралық кинобәйгесінің Гран-при, Италияда «Күміс аю» жүлдесіне сол секілді Португалияда өткен халықаралық кинофестивальдың арнайы жүлдесіне ие болған еді.
Өзі сценарийін жазып, өзі қойған көркем фильмдері қатарында «Шаңырақ», «Қайдасың сен, Чапай?», «Торо», «Қызғыш құс», «Махаббат бекеті» болса, «Алма бағы», «Көгілдір такси» (С.Сматаевпен бірігіп), «Аққудың көз жасы» сынды пьесалар жазып, сахналанды. Талғат Досымғалиұлы тек кино және театр режиссері болуымен қатар қалың жұртшылыққа жазушы ретінде де жақсы таныс. Оның «Қайырлы таң», «Гүлназ», «Ой жасын» атты повестер мен әңгімелер жинағы оқырмандарының ілтипатына бөленіп келеді.
Режиссер 2017 жылы Ш.Айтматовтың «Қызыл орамалды шынарым» атты шығармасын сахналады. «Аққудың көз жасы» деп аталған спектаклі І Дүниежүзілік «Астана» театр фестивалінде көрсетілді. Бұл еңбек келесі жылы Лондонда өтетін Ш.Айтматовтың 90 жылдық мерейтойына арналған халықаралық өнер бәйгесіне шақырту алып отыр. Ал «Біздің қаланың кішкентай ханзадасы» кинокартинасы прокатқа шығып, Ялтада, Қазанда, Шанхайда өткен халықаралық кинофестивальде көрсетіледі. Өнер тарланы әлемдік өнер қайраткерлерінің қатарында жарық көрген туындыларды сараптайтын қазылар алқасының құрамында болып, өзінің білім-білігін танытып жүр.
Сөзіміз жалаң болмас үшін мысал келтірер болсақ ол Халық Қаһарманы Ә.Мәмбетовтің 85 жылдығына арналған «Сахнадан сәлем!» V халықаралық театр және VI этникалық театрлар, Каспий жағалауы елдерінің театр фестивальдеріне қазылар алқасына төрағалық етті. Қырғызстандағы «Арт-Ордо» халықаралық театр фестивалінде қазылар алқасының мүшесі, Халықаралық Еуразия кинофестивалінде негізгі аталым бойынша сарапшылар алқасының құрамында қызмет етті. Бір сөзбен айтқанда, тіл құдіретін ұғынып, сөз ұстаған, кино мен театр әлемін жетік меңгеріп, көркем туындылар берген, табиғатқа тартып туған Талғат Теменовтің де қазақ өнерінде өзіндік қолтаңбасы бар. Оны оқырмандар да, көрермендер де бағалап келеді.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан»