• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 23 Қараша, 2017

Эрмитаждағы ғұн сырмағы

676 рет
көрсетілді

Жуықта Астана қаласындағы Ұлттық музейде «Эрмитаж күндері» атты мәдени шара өтті. Бұл соңғы жылдары үзілмей жалғасып келе жатқан екі ел арасындағы рухани байланыстың жемісі болса керек. Өйткені сонау Петербордағы бай қазынаны бауырына басқан Эрмитажға барып, ондағы құнына қос айғырдың үйірін берсең де қолың жетпейтін жәдігерлерді тамашалап, тамсану кез келгеннің маңдайына бұйыра бермейді.

Жоғарыдағы шара аясында астаналықтар алыстан ат терлетіп, «қораға» өзі келген Эрмитаж экспонаттарын «виртуальды сүңгу» ар­қылы тамашалай алды. Осы көп­тің ішінде біз де болдық. Бас-ая­ғы ат шаптырым көрме залда­рын виртуальды түрде көктей шо­­лып келе жатып, біздің зама­ны­­­­мыз­дан бұрынғы І-ІІ ғасыр мұ­ра­­­лары жинақталған орыннан «Ғұн сырмағы» («Гуннская ковер») дейтін жәдігерді көзіміз шалды.

Бұл жәдігер қайдан жүр? Сөйтсек бұл сырмақтың тари­хы те­рең­де екен. Яғни қазіргі Моң­ғо­лия жерінде ел астанасы­нан ат­ты кісіге бір күндік жол «Ноян уул» (Ноин-Ула) атты тау бар е­кен. Ол ертедегі біздің ата-ба­ба­­­­мыз ғұн­дардың ұйық мекені дейді.

1912 жылы ұлты бурят ресей­лік А.Баллод деген қаңғыбас осы Ноян таудың қолат-қойнауын тіміскілеп, алтын іздеп шарқ ұрып жүріп, ғұн қорымдарындағы жәдігерлерді байқап қалған. Дереу оны Петербордағы Орыс география қоғамына хабарлаған. Олар да елең етіп, атқа қонғанымен Бірінші дүниежүзілік соғыс бас­талып кетіп, іс аяқсыз қалған.

Арада бір мүшел уақыт өт­кен­де, яғни 1924-1925 жылдары орыс ғалымы П.К.Козлов бас­қар­ған топ Ноян тауына экспе­дициялық барлау жасап, таудың аңғарында 200-ге тарта көне қорым барын анықтап, «бұлар ғүн дәуіріне тән» деген ғылыми тұжырым жасапты.

Осындағы алтыншы қорымды қазғанда біз сөз етіп отырған сыр­мақ сопаң етіп шыға келген. Жер астында 2000 жыл жатса да бүлінбей сақталған бұл бұйымды археолог-ғалымдар бір ауыздан «әлем археологиясының ХХ ғасырдағы керемет жаңалығы» деп бағалады. Мұндай құнды дүниені сақтап, қорғауға Эрми­тажды лайық деп тапқан орыс­тар жергілікті әкімшіліктің келісі­мін алып, жәдігерді Петерборға жөнелткен. Содан бері бабалар мұрасы осында тұр.

Кілем-сырмақтың сипатына келер болсақ: ұзындығы – 2,6 м, ені – 1,95 м, қалыңдығы – 5 см. Толық иленіп, суы қанған аппақ киізден жасалған. Сырмақтың дәл ортасында қошқар мүйіз иір оюлы 24 доғал-дөңгелек бейне­нің сырма-сұлбасы орналас­қан. Сырманың сырты өрнекті жіңіш­ке белбеу-бедермен қоршалған. Жәді­гердің шеттерін айналдыра арпалысып жатқан 9 қос жануар­дың бейнесі салынған. Оның 5-еуі бұқа басты барысқа ұқсаса, 4-еуі қашып, құтылуға асыққан бұғы-бұлан бейнелі мүсіндер. Бұлардан басқа 9 түрлі өсімдік жапырақтары кестеленген.

Сырмақтың өңір жиегін матасы қалың төртбұрыш оюлы қытай торғынымен көмкерген. «Құнды мұраның өн бойындағы: қодас, бұғы, қанатты барыс қатарлы жануарлардың бейне-мүсіні аса шеберлікпен салынғанына қарап, біз ертедегі ғұндар заманында бейнелеу өнері үлгісінің айрықша дамығанын байқаймыз», деп жазады ресейлік ғалым Сергей Теплоухов.

Ал біздің аңғарғанымыз: осы­дан екі мың жыл бұрын кілем-сырмаққа бейнесі салын­ған қанат­ты барыс пен дәл бүгін­гі ел дамуының 2030 жылға дейін­гі кезеңіне арналған «Қазақ­стан-2030» Стратегиялық бағ­дар­­ла­масына символ болған «Қанат­ты барыстың» арасында көп айырманың жоқ екендігі.

 

 

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»