Ақмола облысының тауар өндірушілері 224 тонна ауылшаруашылық өнімдерін халыққа ұсынады, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің медиа орталығы.
25-26 қараша күндері «Хан шатыр» ОСО маңындағы алаңда (Тұран-Д.Қонаев қиылысы) Ақмола облысының ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтеді.
Ақмола облысының 17 ауданы мен 2 қаласынан келетін тауар өндірушілер 146,2 млн теңгенің 224 тонна өнімін жеткізеді: 68,5 тонна ет және ет өнімдері, 6,6 тонна балық, 361,7 мың жұмыртқа, 33,0 тонна сүт өнімдері, 27,7 тонна көкөніс, 15,5 тонна сұйық май, 22,5 тонна картоп, 27 тонна ұн.
Жалпы, жәрмеңкеде нарықтық бағадан төмендетілген бағамен 43 тауар түрі саудаға қойылады.
Айта кетейік, 2017 жылдың наурыз айынан бүгінге дейін Астанада 64 аймақтық ауылшаруашылық жәрмеңкесі өткізіліп, онда 27 440 мың тонна өнім сатылды. Қала әкімдігі аталған жәрмеңкені қараша айының соңына дейін өткізуді көздеп отыр.