Павлодарлық кәсіпкерлердің қызметкерлерге төлемеген еңбекақысы 9,7 миллион теңгені құрайды. Бұл туралы облыстық Еңбек басқармасының басшысы А. Қапанов мәлімдеді.
Жиын барысында жұмысшыларына еңбек қарыздары төленбеген өндіріс орындары аталды. Олардың қатарында «ВиК-ЛТД» фирмасы ЖШС – 3,8 миллион теңге, «Нұр-Павлодар» ЖШС (1,2 миллион теңге), «Сервис-Строй-Реконструкция» ЖШС ( 0,3 миллион теңге), «Вегас-Павлодар» ЖШС (1,5 миллион теңге) және «Эк Алпар» ЖШС ( 2,9 миллион бар) бар. Ал бұдан бұрын өңірде жалақы бойынша 132 кәсіпорында 132 жұмысшының 309,7 миллион теңге көлемінде еңбекақысы төленіпті. Еңбек төлмеген жоғарыда аталған кәсіпорындардың басшыларына 11,4 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған.
Ал, облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, банкротқа ұшыраған әрі өз қызметін тоқтатқан 6 кәсіпорында еңбекақы төлеу қарызы 23,3 миллион теңгені құрайды. Бұл тізімде облыс орталығындағы «АДС», «ХАРИТОН», «Мұса Импекс», «Унистрой ПВ», «S TERMINAL LTD» және «Green Haus-Павлодар» ЖШС-лардың 2011-2016 жылдар аралығында 177 жұмысшыға еңбекақы төлемегені де анықталған.
Фарида Бықай,
«Егемен Қазақстан»
Павлодар