Ақпәтерлік Кәрім Өтеғұлов өз ауылында тарихи-өлкетану музейін ашу үшін 7,5 млн теңге қаржысын жұмсаған. Ақсақал өмірінің ең қызықты, қуатты кезін бұрынғы «Красный партизан» кеңшары, қазіргі Ақпәтер ауылының дамуына арнаған екен.
Батыс Қазақстан облысындағы бұрынғы бөкейлік – Еділ мен Жайық арасындағы жалпақ даланың тарихы шежіреге тұнып тұр. Қазіргі Қазталов ауданы Жалпақтал өңірінің өткені туралы әңгіме басталса, Кәрім ағайды тоқтату қиын. Әр жылдары Ақпәтер-Біртартар-Порт Артур-Красный партизан атанған ауылының арғы-бергі шежіресін шертуден жалықпайды. Мамандығы – физика пәнінің мұғалімі, өзі Кеңес жылдарында партком, кеңшар директоры қызметін атқарған адамның елден көне бұйым жинап, ескі-құсқы «теріп кеткені» қызық көрінеді.
«Оның еш қызығы жоқ» дейді бір ойым. Өзі топырағын басып, ауасын жұтып жүрген жердің тарихына қызықпау, оны құрметтемеу – мәңгүрттің ісі. Отан от басынан басталады. Кең-байтақ Қазақстанды сүю – кішкентай ауылыңды қадірлеуден қалыптаспақ.
– Осы ауылға, ол кезде «Красный партизан» ет совхозы, 1985 жылы тамыз айында директор болып келдім, – дейді Кәрім Тәжмағамбетұлы. – Ауылдың аты – Порт Артур еді. «Неге бұлай? Бұл жердің өз тарихы қайда?» деп сұрастырып жүріп, ауылдың байырғы атауы Біртартар екенін анықтадым, – дейді кейіпкеріміз.
Бұл ауыл іргедегі Саратов облысының Александров Гай қаласына көлікпен бір күндік жерде орналасқан. Ертеде Атырау мен Жаңақазаннан кіре тартқан көліктер осы жерге келгенде «Делбені бір тартатын жерге келдік қой, осы жерге түнеп, ат шалдырып алалық» дейді екен. Бұл жерде бір татар, бір қазақ үйі жолаушыларға қызмет көрсетіп тұрыпты. Сыртын әкпен сылаған керуен сарай алыстан аппақ болып көрінеді екен. Содан Ақпәтер атанған. Кейін 1930-жылдары әуеден фотоға түсіріп, өңірдің картасын жасап жүрген ұшқыштар ауыл шетіне қонып, «Бұл қай ауыл?» деп сұрамай ма? Сонда «Біртартар» деген сөзге түсінбей, «Порт Артур» деп жаза салыпты...
Айтпақшы, Кәрім аға ауыл атауы айналасындағы осы тарихты 1988 жылы «Мәдениет және тұрмыс» журналына жазып, мәселе көтерген. Сөйтіп тұрғындардың талабымен, ауылдық және аудандық мәжіліс хаттамалары толтырылып, облысқа, одан әрі республикаға жіберіліп, ақыры 1992 жылы ауыл Ақпәтер атанды.
– Бала, сен білесің бе, біздің ауылға 1922 жылы отарба келген. Патша өкіметі кезінде мына Қараөзенмен бу қазандығы бар пароход жүрген, – дейді Кәрім аға тағы бір тарихтың шетін қылтитып.
Сөйтсек 1921 жылы Азамат соғысының қызған кезінде Ембі мұнай кәсіпшілігі мен Алғай (Александров Гайды қазақтар әлі күнге Алғай деп атайды) арасында 500 верстік шойынжол салу туралы Лениннің тапсырмасы болғаны рас екен. Чапаев дивизиясының 40 мың армиясы осы іске жұмылғанда, «Алгемба» аталған құрылысты Фрунзе басқарыпты. Аштық пен аурудан бір жыл ішінде 35 мың адам қырылды дейді деректер. Ақыры большевиктердің бұл ісінен түк шықпаған. Алғайдан шыққан сынақ пойыз қазіргі Ақпәтердің жанындағы Байтұрған қыстағына дейін келіп, кері қайтыпты...
Кәрім Өтеғұлов 1998 жылға дейін кеңшар директоры болды. 2003 жылға дейін өндірістік кооперативті басқарды. Колхоз-совхоз ыдырап, балапан басымен, тұрымтай тұсымен кеткен кезде шаруаға ыңғайлы малшы қыстақтарын іске мығым, еңбекқор ауылдастарына беріп, ақыл-кеңесін аямаған. Соның арқасында бүгінде кішкене ауылдан 20 шаруа қожалығы шығып, мыңғыртып мал өсіріп отыр.
– Совхоз кезінде ауылда жекені қосқанда 500 бас жылқы, 5 мың ірі қара болатын. Қазір 1700 жылқы, 700-дей сиыр бар. Бұрын қой 23 мың еді, кешегі аласапыранда жойыла жаздаған қой қазір 18 мыңға жетті. Ауылда 51 жаңа трактор бар, – деп жатқа соғады ақсақал. Жасы 80-ге келсе де Ақпәтердің жоғын түгендеуін қоймаған. Ауылға қатысты кез келген деректі шырт ұйқыдан оятып алып сұрасаңыз да жаңылмай айтатын шығар.
– Алақандай ауылда 3200 құнды жәдігері бар музейді қалай аштыңыз? – деймін қызығып.
– Музей туралы 2000-жылдардан бері ойлап жүретінмін. Әркімге айтқанмен, серік болып ешкім шықпады. Содан өзім кірістім. 2011 жылы жер алып, арнайы музей үшін өз күшіммен ғимарат салдырдым. Ел-жұртқа сауын айтып, жәдігер жинадым. Пәлен жерде көне жәдігер, құнды бұйым бар десе, ерінбей барып, саудаласып сатып алдым. Оралдан, Ордадан музей мамандарын алдырып, музей жасақтадым. Осының бәріне 7,5 млн теңге қаржым, екі жыл уақытым кетіпті. Сөйтіп 2013 жылы Оралға келіп, облыс әкіміне хат жаздым. «Осылай да осылай, өз қаржыма осындай музей жасақтадым. Бұл өзім үшін емес, ел үшін. Осы музейді мемлекет қарауына алуыңызды сұраймын» дедім. Обалы не керек, әкімдер сөзге келмеді. Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің балансына алды. Қазір Ақпәтер тарихи-өлкетану музейінде 13 адам қызмет етеді, жылына мыңнан аса адам арнайы келіп, ауыл тарихымен танысып кететін мәдениет ошағына айналды, – дейді ағамыз мақтанышпен.
Ақпәтерде қазір 1200-ден аса адам тұрады. Орта мектепте 220 оқушы бар және ол жыл сайын өсіп келеді. Ауылда өнер мектебі, спорт мектебі жұмыс істейді. Табиғи газды 1991 жылдан бері тұтынатын ақпәтерліктер бүгінде қала тұрмысына көшкен: үй ішіндегі дәретхана мен ванна ауылдықтарға таңсық емес. «Осының бәрі тәуелсіздіктің арқасы ғой!» дейді Кәрім ағамыз.
«Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, Ел тегі қайдан алсын кемеңгерді!» демекші, ауылдастарының Кәрім ақсақалға құрметі де бөлек. Биыл Тәуелсіздік күнімен қатар келетін 80 жасын аудан көлемінде атап өткелі жатыр.
– Сол дүбірдің қажеті де жоқ еді, – дейді Кәрім ақсақал қарапайымдылықпен. Кейбіреулерге ұқсап қартайғанда қалаға жылыстап кету де ойында жоқ. «Шіркін, әр ауылда осындай ақсақал болса, ел іргесі сөгілмей, берекесі кетпес еді-ау!» деймін ішімнен.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан облысы