Парламент Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Дариға Назарбаеваның қатысуымен Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығында әскери-патриоттық жұмыстарды жетілдіруге арналған ведомствоаралық кездесу өтті.
Шараға Парламент депутаттары, Қарулы Күштер қатарында қызмет ететін сала мамандары, мемлекеттік органдардың өкілдері мен әскери-патриоттық клубтардың және кадеттер класының тәрбиеленушілері қатысты.
Кездесудегі сөзінде сенатор Д.Назарбаева жастар арасында патриоттық тәрбие жүргізу арқылы жоғары рухани-патриоттық қасиеттерді, Отан алдындағы міндеттерін терең сезіну мен азаматтық жауапкершілік сезімін қалыптастыру – мемлекеттік органдардың, жастар ұйымдарының, отбасы мен қоғамның мақсатты және жұмыла әрекет етуін талап ететінін атап өтті. «Оқушылардың ақыл-ой, рухани және күш-қуат әлеуетін іске асыра алатын мектептердегі әскери-патриоттық клубтар осы бағыттағы маңызды миссияны атқарады. Мектеп ішіндегі осындай құрылымдар саны жылдан-жылға артып келеді. Бұл болашақ патриоттар тәрбиелеуге өте жақсы мүмкіндік және оны барынша пайдалануға болады», деді Сенат комитетінің төрағасы.
Ал жиынға жетекшілік еткен Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов биылғы жылдың ақпан айындағы кездесуде Мемлекет басшысы міндеттеген тапсырмалар салада өз деңгейінде жүзеге асырылып жатқанына тоқталды. «Біздің бүгінгідей басқосуымыздың жастарға әскери-патриоттық тәлім-тәрбие беруде маңызы зор. Осы мақсатта мұндай шараларға ардагер әскери мамандарымыз бен әскерилер отбасын және өзінің қызметтік борышын мінсіз атқарып жүрген жандарды мейлінше көбірек қатыстыруға тырысудамыз. Себебі олар біздің саланың майталман мамандары. Сондықтан да біз ондай азаматтарды қай кезде де кейінгі толқынға үлгі-өнеге ете аламыз. Әсіресе, елімізде жас әскерилер легін қалыптастыру мен олардың пікір алмасып, тәжірибемен бөлісу алаңқайларын ұйымдастыру қай жағынан алсақ та ұтымды», деді С.Жасұзақов.
Бүгінде республика бойынша 101 кадеттер класы ашылып, ол жерлерде 2 800-ден астам жасөспірім білім алуда. Министрдің мәлімдеуінше, кадеттер класының тәрбиеленушілері әскери саланың негізін оқумен қатар, ментальді арифметика, бал биі, салт атпен жүру, қоян-қолтық ұрыс пен әдеп, шет тілі сынды салаға қатысты тәртіп-талаптарды оқып, үйренеді.
Кездесуді қорытындылаған Парламент Сенатының депутаты Дариға Назарбаева елімізде әрбір азамат үшін бейбітшілік пен тұрақтылықтың маңызы ерекше екенін алға тартты. «Бүгінгі таңда біз салиқалы саясат ұстанған тұрақты билігі бар ынтымағы жарасқан бейбіт елде өмір сүріп жатырмыз. Ал өркениетке құлаш ұрған қазіргідей заман талабы қызық әрі қиындықтарға толы. Тіпті, білім алып, қызмет істеймін, айқын мақсатыма жетемін деп болашағыңды жоспарлай алудың өзі жас әскерлеріміз үшін зор бақыт», деді сенатор. Сондай-ақ ол кездесуге келген жас жауынгерлер назарын азаматтық парыз бен жауапкершілікті сезіну қабілетін қалыптастыру мәселесіне де аударды. «Белгілі бір деңгейде қол жеткізген жетістіктерімізді еселей түсу үшін бізге жас әскери құрылымдарды мемлекеттік деңгейде дамыту мен қолдау бойынша бірегей республикалық бағдарлама қажет», деді Д.Назарбаева.
Жиын соңында Қорғаныс министрі С.Жасұзақов сенатор Д.Назарбаеваға «Eл қорғаны» бірінші дәрежелі ведомстволық медалін тапсырды. Сонымен қатар кездесуге қатысушы тараптар арасында еліміздегі әскери-патриоттық жұмысты одан әрі жетілдіру бойынша ынтымақтастық пен өзара әрекеттестік туралы меморандумға қол қойылды.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, «Егемен Қазақстан»