Махамбет атындағы Атырау облыстық қазақ драма театры іргетасы қаланған 1938 жылдан бастап бүгінге дейінгі аралықта 600-ге жуық пьесаны сахналады. Келер жылы 80 жылдық мерейтойы болатын театр ұжымы тек атыраулықтарға ғана емес, еліміздің әр түкпіріндегі, тіпті шетелдердегі көрерменге өнерлерін көрсетіп келеді. Бұған дейін Мәскеудегі Модерн театрына барып, тұңғыш рет қазақ тілінде спектакль қойған атыраулық әртістер одан кейінгі сапарды Македонияда жалғастырған еді. Енді Түркияның төрінде екі бірдей қойылымды көрермен назарына ұсынып отыр.
Театр ұжымы алдымен Анкарадағы Билкент халықаралық зертханалық мектебінде белгілі жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рахымжан Отарбаевтың «Жасын ғұмыр» заманауи қойылымын сахналады. Бұл кездейсоқтық емес. Тағдыры спектакльге арқау болған Сүлеймен Ақдрашев осы мектепте білім алған. Төртінші сыныптан бастап Түркия мектебінде оқып, кейін осы елдегі және Англиядағы университеттерде білімін жетілдірген Сүлеймен 25 жыл ғана ғұмыр кешті. Бірақ көп нәрсеге үлгеріп кетті. «Дүниені жақсылық құтқарады» – дейді қойылымда Сүлейменнің әжесі. Ата-анасы мен әжесінің мейірім шуағына шомылып өссе де, өз басынан күллі адамзаттың тағдырын биік қойған, жастайынан ауыр дертке шалдықса да, өмірді өзгерткісі келген, ізгілік шырағын әр жанның кеудесіне жағып кетуге асыққан өрімдей жастың арзу-арманы көрерменді бейжай қалдырмайды.
Пьесаның авторы, театрдың көркемдік жетекшісі Рахымжан Отарбаев: «Заманауи тақырыпта бір дүние жазу көптен ойымда жүрген еді, – дейді. – Кешегі тоқсаныншы жылдардағы бизнес әлемінің көрген қиындықтары, жеткен жетістіктері жөнінде жаңа ой айтқым келді. Сүлейменді өзім көрген жоқпын, бірақ өмірден өтіп кеткеннен кейін көп естідім. Жас азаматтың, болашақ үлкен тұлғаның жиырмадан енді асқан жасында бес мың адамды жұмыспен қамтыған үлкен кәсіпорынды басқарғанының өзі көп нәрседен хабар бергендей болды. Шетелден оқып, көріп келген тәжірибесін туған жерінің игілігіне арнауға асыққаны тағы бар. Кішіпейілділігін, адамдығын қарауында істегендер әуезе қылып айтады. Әкесі Ибрагим Ақдрашев та елге белгілі азамат. Қаншама болсам, толсам деген жастар осылай өкіндіріп кетіп жатыр. Шетелден оқып келген қаншама жас буынның әрқайсысының өзіндік тағдыры бар. Осыларды ортақ образ қылып алдым», дейді.
Спектакльге Сүлейменнің Түркиядағы достары мен ұстаздары арнайы келді. Француз тілінен сабақ берген мұғалімі Шадие Түлү «Сабақты мен айтайыншы» деп үнемі қолын көтеріп отыратын елгезек қазақ баласының кейпі есінде қалғанын айтады. «Түсінбей қалғанын сұраудан именбейтін. Білгісі келіп тұратын. Мұғалімдері Сүлейменнің осы қасиетін жоғары бағалайтын еді. Өмірден өткені жайлы әлеуметтік желіден оқып, қайғырып қалдық. Өте өкінішті жайт. Қойылымды көріп отырып, ақылды оқушыммен бір сәтке болса да қауышқандай әсерде болдым. Дүниеде жақсылық ұмытылмайды, жақсы адамдардың аты өшпейді. Осындай жас ғұмырдың үзілгеніне қайғырып, өнер туындысына арқау еткендеріңізге тәнті болдым», деді ол.
«Жасын ғұмырды» Анкарадағы Гази университетінде қазақ әдебиетінен дәріс беретін академик Жәмила Кынаджы да тамашалады. «Түркия мен Қазақстан арасындағы әдеби-мәдени байланыстардың тамыры жыл санап тереңдеп келеді, – дейді жас ғалым. – Қазақ әдебиетінің шоқтығы биік тұлғаларының шығармалары түрік тіліне аударылды. Қазақтың ұлттық бейнесін көркем әдебиетінен де, театрдағы қойылымдардан да анық аңғаруға болады. Бүгінгі спектакльден болашағынан зор үміт күттірген жас азаматтың тағдырын, бизнес әлеміндегі ішкі қайшылықтар мен келісімдерді көрдік».
Махамбет атындағы Атырау облыстық қазақ драма театрының жас та талантты режиссері Жанат Телтаевтың қолтаңбасы ол сахналаған әр қойылымнан анық көрініс табады. Бұл жолы да солай болды. Суретші Темірбек Мұқтаровтың, Сүлеймен рөлінде ойнаған Нұрбек Съезхан, басты рөлдердегі Сәбит Қожабеков, Гауһар Қабиева және Сүлейменнің бала кезін шебер көрсете білген Нұржан Бақытжанұлының актерлік ойындары түркиялық көрерменді де тәнті қылды.
Айта кетейік, Атырау театрының өнер сапарына Қазақстанның Түркиядағы елшілігінде дипломатиялық қызметте жүрген Мәлік Отарбаевтың қосқан үлесі зор. Қазақ тілінде қойылған спектакльдердің түрікше нұсқасы арнайы экран арқылы көрсетіліп отырды.
Сондай-ақ театр Түркияның Афшин қаласында Мәлік Отарбаевтың драматургиядағы алғашқы ізденісі – «Баянды бақ» пьесасын қойды. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясындағы «Жаһандағы қазақстандық мәдениет» жобасы бойынша жолға шыққан Атырау театры бір апта бойы Түркия қалаларында өнер көрсетеді.
Бақытгүл БАБАШ, «Егемен Қазақстан» – Анкарадан (Түркия)