• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қазақстан 24 Қараша, 2017

Ауылым менің Қобдада...

1109 рет
көрсетілді

Өткенсіз бүгін жоқ, бүгінсіз ертең жоқ деп жатамыз. Расында да солай екеніне ешкімнің таласы бола қоймас. Өзінің өткен тарихы мен ежелгі салт-дәстүрлерін дәріптей білген елдер мен халықтардың еңсесі қашан да биік, жүзі қашан да жарқын. Әрине бұл арада басты мақсат – елдік істерді одан әрі еңселендіріп, оны бүгінгі жасампаз еңбекпен сабақтастыру. 

Осы орайда қойнауы құт Қобда өңірінің тұрғындары өз топырағының текті тұлғаларына тағзым ете отырып, өз өңірлерінің одан әрі өсіп-өркендеуі үшін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, толағай табыстарға қол жеткізгенін айтқымыз келеді. 

Бұл жөнінде газет тілшісіне Қобда ауданының әкімі Мейрамбек Шермағанбет тінін тарқата айтып берді. Әр жылдың өз ерекшелігі, өз ырысы мен өз несібесі болады. Соның ішінде ауданымыздың ынтымағы мен ауызбіршілігі жа­расқан еңбекқор халқы үшін би­ылғы жылдың орны бөлек деп бі­леміз. Осы қысқа уақыттың ара­лы­ғында аудан еңбеккерлерінің алған асулары, шыққан биіктері мен жеткен жетістіктері өткен жыл­­дармен салыстырғанда бір­ша­ма жоғары болды. Біз бұл та­быс­­тардың басты қозғаушысы қо­ғам­­дық сананы жаңғыртуға қозғау сал­ған, әрі тұтастай еліміздің ру­хани өміріне үлкен серпіліс ту­ғыз­ған Мемлекет басшысы Н.Ә.На­зар­­баевтың «Болашаққа бағ­­­дар: ру­хани жаңғыру» атты бағ­дар­ламалық мақаласы деп білеміз деп тұжырымдады ол өз ойын.

Бұдан кейінгі екеуара әңгімеде байыпты басшы биылғы 2017 жылдың басында елімізде болған саяси сипаттағы өзгерістер мен толықтырулар, оның ізін ала Қа­зақ­­станның экономикалық тұр­ғы­­­дағы Үшінші жаңғыруын жа­рия­лаған ел Президенті Н.Ә.На­­­­зар­­­баевтың Қазақстан хал­қы­­на Жол­­дауы және сәуір айы­ның 13-кү­ні республикалық бас­пасөз бет­­­терінде жарияланған Елба­сы­ның рухани жаңғыруы жөніндегі кең тынысты ой-толғаулары бір­ін-бірі толықтырып, байытып тұрған тұтастай мемлекетіміздің да­муының үш тұғыры екеніне тоқ­талды. Бұдан кейінгі кезекте ол осы жаңғыртулар аудан тұр­ғын­­дарына үлкен серпіліс, бұрын-соң­­ды болып көрмеген ынта-жігер әкел­генін толқыныс пен тебіреніс үстінде жеткізді.

Осы арада Қобда ауданының әкімі Мейрамбек Шермағанбеттің сөзі мен ісінің арасында ешқан­дай алшақтық жоқ екенін айт­қы­­мыз келеді. Оның басты мы­са­­лы жоғарыда айтылғандай о бас­тан Қобданың қойнауына орныққан құт пен береке биыл одан әрі еселене түскені. Біз бұған журналистік іссапар барысында айқын көз жеткізіп қайтқан едік. Қобда – мұнай, газ және конденсат секілді стратегиялық шикізат көздері өндірілмейтін, сондай-ақ аумағынан өзге де жер асты қаз­ба байлықтары игерілмейтін аудандардың бірі. Бұл жайттың өзі Қобданың құтсыздығын білдірмесе керек. Өйткені бұл өңірге әлі күнге дейін қазба байлықтарды іздейтін ұңғымалар түскен жоқ. Сондай-ақ өңір аумағына кең ауқымды геологиялық барлау жұмыстары да жүргізіле қоймаған. Қысқасы, бүгінде Қобда өңірі бар байлығын қойнына бүгіп жатқандай көрі­не­ді. Мұндай жағдайда өңір эко­номикасына инвестиция тар­­ту­дың бірқатар иірімдері, қиын­шы­лықтары мен кедергілері болмай тұрмайды. Ілкімділік пен икем­діліктің қажет жері де осында.

Өйт­кені таза ауыл шаруашылығы сек­торына бағытталған аймақта инвес­ти­циялық тартымдылық деңгейі тө­мендеп, қомақты инвестициялық қаражат қолға ұстата бермейді. Со­ған қарамастан биыл Қобдада өңір экономикасын өркендетуге тар­тылған инвестиция мөлшері қа­н­ағат тұтуға тұрарлықтай, яғни 3 миллиард теңгеге жуық болып отыр. Әрі оның көлемі өткен жылмен салыстырғанда 26,9 пайызға жо­ғары. Сондай-ақ өңірде жыл сайын аудан бюджетінің кіріс бөлігін толықтыру жөнінде тиянақты жұ­мыс­тар жүргізіліп келеді. Мұ­ның өзі Қобда қой­науы­ның үкі­меттен алып отыр­ған қаржылай кө­мегі мен субвен­ция­лық сомасының кө­ле­мін едәуір қысқартуға мүм­кін­дік береді. Бұл жөнінде қойнауы құт­ты Қобда өңірінде іргелі де кең ау­қымды шаралар белгіленген. Оның басты жолы шағын және ор­таша бизнесті дамытуға арқа сүйейді.

Қобда  – үлкен өндірістен қа­шық­тау болса да, оның қой­науына о бас­тан қонақтаған құт пен береке ыры­сын кеміткен емес. Шағын аудан­да мыңнан астам шағын және ор­та­ша кәсіп­керлік нысандары тір­келген. Ау­дан экономикасына тар­тыл­ған инвестициялардың ба­сым бөлігі осы кәсіпкерлік жобалар арқылы толықтырылатыны да атап айтуға тұрарлық мәселе. Ең бастысы, аудан экономикасы әлеуетінің артуы өңірдің рухани тынысының одан әрі кеңейе тү­с-

уі­не де әсерін тигізгені басы бү­тін бөлек әңгіме. Бір сөзбен айт­қанда, Қобда ауданының эконо­ми­калық жаңғыруы мен рухани жаң­ғыруының арасында айта қа­лар­­лықтай тығыз үйлесім мен бай­ла­ныс бар екенін іссапар барысында айқын сезіндік.

Осы арада Мемлекет басшы­сы­ның рухани жаңғыру мәселесіне қатысты бағдарламалық мақаласы республикамыздың шалғай аудандары арасында бірінші болып үн қосқандар да қобдалықтар еке­нін айту парыз. Осыған бір мы­­сал. Мезгіл биылғы сәуір айы­ның ор­та шенінен асқан кез еді. Оқыр­ман­дардың меншікті тілші­мен бай­ланыс телефоны шылдырап қоя берді. Арғы жақтағы дауыс өзін Қобда аудандық әкімдігі іш­­кі саясат бөлімінің басшысы Шолпан Ахмадиқызы деп та­ныс­тырды. Содан кейін ол Ел­басы ма­қаласында көрсетілген «Туған жер» бағдарламасын қолға алу жөніндегі мәселе кейінгі кезде өздерін де толғандырып жүр­­гендерін, Президент сөзі мен ұсы­нысы көкейде жүрген ойды дөп басқанын айта келіп, осыған бай­ланысты ауданда өткізі­летін «Туған жерге тағзым» акциясына қатысуға шақырды. Сол жы­лы қо­б­далықтар бұл шара­ны жүрек те­бірентерліктей, мән­ді де ма­з­мұнды түрде ұйым­дас­тыр­ға­нына куә болып едік.

Туған ай тураған етпен бірдей деген­дей міне, содан бері де жарты жылдан астам уақыт зырылдап өте шығыпты. Осы қысқа мерзімнің ішінде қобдалықтар туған жерін қайта түлету үшін тұтас бір бес жыл­дыққа, тіпті керек десеңіз, он жылдыққа татитындай қызмет жа­сай біліпті. Аталған аралықта жал­пы құны жарты миллиард тең­­геге жуық 15 ірі жоба жү­зе­ге асырылыпты. Осы тұста қай кезде де туған жерін мақтаныш тұ­та­тын текті топырақтың ұл-қыз­да­ры өз қаражаттар есебінен Те­ріс­­аққан, Бестау және Талдысай ауыл­дарында емдеу мекемелерінің ғи­мараттарын тұрғызыпты. Қобда гим­назиясы мен денешынықтыру ке­шеніне жеткізетін асфальт жол са­лыпты. Көшелерді абаттандырып, саябақтарды жасақтапты.

Қобда ежелден батырлар меке­ні атанған құтты мекен емес пе?! Оның бастауында Қобыланды, Исатай батырлар тұрса, одан бері салғанда кешегі Ұлы Отан соғысы кезінде осы топырақтың алты бір­дей перзенті Кеңес Одағының Ба­ты­ры атанғанын қайда қоярсыз?! Олар­дың біреуі қазақтың батыр қы­зы – Әлия Молдағұлова екені қа­лай мақтан етсек те, артықтық ет­­песе керек. Олардың өшпес ер­лік­­терін кейінгі ұрпаққа үлгі тұ­ту және қазақстандық патриоти­зм мен отаншылдық сезімді да­мыту мақ­сатында қобдалықтар та­ғы да өз қаражаттар есебінен мыс­тан құйылып, қызыл гранитпен қап­талған Қобыландының, Исатай мен Әлияның көкке бой созған ас­қақ қалыптағы ескерткіштерін тұр­ғыз­ғаны олардың есімдерін қас­тер тұ­ту­дың қабырғалы көрінісі­н­дей әсер қал­дырады.

 

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан»

Ақтөбе облысы,

Қобда ауданы

Суретте: аудан аймағынан көрініс