Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданында Шыңғыстай атты шағын ауыл бар. Бұл – жазушы Оралхан Бөкейдің кіндік қаны тамған жер. Ауылда жазушының мемориалдық музейі және Әбдікәрім Ережепов атындағы орта мектеп орналасқан. Әбдікәрім Петерборда оқыған, Алаш зиялыларымен аралас-құралас жүрген адам. Бірақ оқуын аяқтамай, әкесі Ережептің нұсқауымен Шыңғыстайдағы Қаратай еліне болыс болып сайланған. 1919-1920 жылдары Семейде «Алаш» партиясының жаңа бағдарламасы қабылданған кезде, Әлихан Бөкейхановтан кейінгі қосымша баяндаманы жасаған осы Әбдікәрім болыс.
Әбекеңнің ағартушылығы бір төбе. Ол 1904 жылы өз қаржысына Шыңғыстайда орысша-қазақша оқытатын төрт жылдық мектеп салған. Шамамен 1915-1916 жылдары осы мектепте ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров оқытушы болып жұмыс істеген. Қаратай елінің ақсақалы марқұм Бошай Кітапбаевтың естелігінде С.Торайғыров өзінің атақты «Қамар сұлу» романын Әбдікәрім болыстың сұлу қызы Бағилаға арнап жазған дейді. Бірақ Бағиланы бұрын атастырып қойған Қосағаш-Шүй қазағының шонжары Бұқарбайдың баласы Ақсолтанға ұзатқан. Тағы бір қызы Нұрғызарды Алтай-Қобда өлкесінің атақты байы Ұлтарақ әулетіне ұзатқан. Ұлтарақ бай құдалыққа шідерлігі күмістелген 100 қаракөк байтал айдатса, Әбдікәрім болыс қызының жасауына қоңыраулы он тайлақ жетектетіп, 15 атанға жүгін артқан деген деректі зерттеуші Бабақұмар Қинаятұлы жазады.
Өзі Катонқарағайда жатып, қыздарын қиырдағы Алтай-Қобда мен Жазатыр асырып, Шүйдің жазығына ұзатқанына қарағанда Әбдікәрім болыс өрісті ұзақтан аңдайтын, қонысты шалғайдан шалатын көреген адам, көсем тұлға болса керек.
Болыстың үлкен ұлы Қамбар Петербордан университет бітірсе, ортаншы ұлы Қахан Уфадағы «Ғалия» медресесінде оқыған. Жазушы Бейімбет Майлинмен бірге «Садақ» атты қолжазба журнал шығарып тұрған. Кіші ұлы Шабдан Мәскеуде сауда институтын бітірген. Қысқасы бұл әулет Қазан төңкерісі алдында шығыстың шұғыласы іспеттес болған ғой...
Құзғынды қиядағы атысКеңестік большевиктер Әбдікәрім әулетін ұнатпады. Себебі белгілі. 1927-1928 жылдары бірден кәмпескеледі. Әбекеңнің өзінен бастап әулетін жер аудару жайлы үкімге байлады. Болыс ер жеткен ұлдарын бастап, көп жыл бұрын қызын ұзатып, құдандалы болған Алтайдың арғы беті керей ішіне қашып өтті. 1929 жылы болыстың елде қалған барлық тұқым-жұрағатын түгін қалдырмай, тіпті емшектегі баласына дейін қара тізімге алып, қалың орыстың іші Зырян жаққа жер аударды. Бұларды құтқарып алу үшін арғы беттен шекара асып Шабдан келген.
Шежіреші қария Бошай Кітапбаевтың естелігінде айтылғандай, арғы беттен келген Шабданға бала кезден бірге өскен орыс досы «облыстан келген милиция қызметкері, Ережеповтерді тұтқындап, Семейге жеткізуге бұйрық алған» дейтін өтірік құжат жасап береді. Мұндай қағазы бар адамға жергілікті үкімет орындары көмек көрсетуі тиіс. Осыны пайдаланған Шабдан әуелі орыс поселкесінде жертөлеге қамалып, бақылауда отырған кіші шешесі Қанаш, жеңгелері Дина, Күлпаран, Зылиқаларды тауып алады.
Қолындағы құжатты көрсетіп, ат-арба әзірлетіп, әбден жүдеген апа-жеңгелерін көлікке отырғызып жолға шығады. Семейге емес, тура шығысқа тартады. Жолай орыс поселкелерін айналып өтіп, таңмен таласа шекараға таяу Боранды ауылына келіп тоқтайды. Кеш батқан соң арбаны тастап, бірнеше ат тауып алып, әр атқа бір әйел, бір баладан міңгестіріп, арғы бетке бір-ақ тартады.
Қия соқпақтардан жылқылар болдырып жүре алмай әрі көзге түсе берген соң Шабдан аттарды босатып қоя беріп, апа-жеңге, бала-шағаны жасырын шатқал арқылы жаяу алып жүреді. Қашқындар азық-түлік жоқтықтан таудың семіз сарала шегірткесін отқа қақтап жеп күн көреді. Күршім өзені басталатын құзар шың Құзғынды қиясына келгенде артқы жақтан қарулы қуғыншылар да келіп жетеді. Бұл қия-асу адам мен мал көп қырылғандықтан осылай атанған. Себебі жемтікке үймелеген құзғындар осында қонақтайтын.
Шабданға серік болып сапарға бірге аттанған Нұрғали сол жерде оққа ұшады. Қалған қатын-бала қия тастарды сағалап, бас сауғалайды. Атқан оғы мүлт кетпейтін Шабдан жалғыз өзі бір топ қызыл әскермен атысып, кіші шешесін, жеңгелерін, төрт баланы аман алып өтеді.
Бұларды ажалдан құтқарған әуелі Алланың әмірі болса, екінші себеп Ақтанау ат. Бұл жүйрікті Шабдан арғы беттен мініп келіп, дәл шекара шебіне арқандап кетеді. Шабдан атысып жүріп қараса, Ақтанау ат сол арқандалған жерінде екен. Есті жануар иесін шақырған дауысынан танып, арқанды үзіп жетіп келген. Үстінде ер-тоқым. Шабдан шалт қимылдап, төрт баланы алды-артына мінгестіріп, қалған қатын-қалашты үзеңгі, құйысқаннан мықтап ұстатып, ай жарығында қия құздан шауып өтеді.
Таң атқан соң қарағайдың қу бұтағын жинап, от жағып, қашқындар киім-кешегін кептіреді, балалардың жаялық-жөргегін ауыстырады. Күн шығып, жерге жарық түсе бастағанда тасыр-тұсыр шауып келе жатқан аттың дүбірі естіледі. Қараса, бұларды қуып келе жатқан кешегі қызыл әскерлер екен. Ұйықтап жатқан Шабдан дереу оянып, мылтығына ұмтылады. Қатын-қалаш әдеттегідей қалың ағашқа кіріп кетеді. Бұл жолғы атыста Зылиқаның көкірегін оқ тесіп қаза болады. Қалғандары аман-есен.
Қызылдардан құтылған соң қашқындарды бастап Шабдан қозыкөш жердегі өздері пана тапқан ауылдың шетіне ілігеді. Қыркүйек айы мал тойынған, ауылдың қазан-ошағы қайнап жатыр... Үлкен үйдің төбесі көрінгенде қаншама қиындықтан мойымай келе жатқан үш әйел (кіші шешесі Қанаш, жеңгелері Дина мен Күлпаран) төбенің басына тізерлеп отыра кетеді. Жолбасшы Шабдан «қазандағы еттің иісі мұрындарына келіп, аш өзегі әлсіреп, бұратылып жүре алмай отырған шығар» деп ойлайды. Сөйтсе олай емес екен.
– Қарағым, басымызда орамал жоқ, ауылға қалай көрінеміз? – депті шешесі мен жеңгелері.
Шабдакең сол жерде етігін шешіп жіберіп, шылғауын үш бөліп үш әйелге беріпті. Басына күн туып, оқ пен оттың арасынан әзер аман шыққан қайран аналар аштық өзегіне түсіп бара жатса да, ауылға орамалсыз көрінуді өлім санаған ғой.
* * *
Арада бір апта өткен соң Шабдан тағы жолға шығады. Мақсаты – Зырян маңындағы орыс поселкесінде тұтқында отырған ағасы Қаханның он екі жасар ұлы Тіленшіні босатып алу. Бұл жолы қасына серіктікке Әбдікәрімнің інісі Әбдіразақтың баласы Қабаш пен туысы Ақтайлақ ілеседі. Бұлар да елде қалған әйел, бала-шағасын, туыс-туғандарын алып қайтпақ.
Шекара асқан соң шолғыншылардың жолы екі айырылады. Шабдан Зырян маңынан бауыры Тіленшіні тауып алып, он бес күн дегенде аман-есен атасына жеткізеді. Қабаштар болса шешесін және жеңге-келіндерін Малонарымка деген орыс поселкесінен тауып алады. Соларды шұбыртып Құзғынды қиясына келгенде асуда күтіп жатқан қызыл әскер оқтың астына алады. Қабашқа еріп келе жатқан ағайынды Бексейіт, Нұрсейіт дейтін жігіттер оққа ұшады. Қабаштың әйелі Әбіштайға оқ тиіп қатты жарақаттанады. Жаны қысылған Әбіштай: «Қашыңдар, қорғансыз қатын-балаға не істер дейсің, сендер құтылып кетіңдер!» деп айғай салады.
Қаруы бар екі-үш еркек қашып құтылып, қалған қатын-бала түгелдей қызыл әскердің қолына түседі. Әскерлер үш жасар қызы Самиғаны бауырына басып зар еңіреп тұрған Қайшаны атып, қалғанын айдап кетеді. Қаныпезер солдаттың қоржынында кетіп бара жатқан Самиғаны жолай бір қазақ асырап алып қалады. Бірақ Қайша өлмейді. Оқ кеуде қуысын тесіп өткен екен. Есін жиып қараса, қасында Бексейіт пен Нұрсейіт жайрап жатыр. Содан жаяу-жалпылап арғы бетке өтеді. Қойшы-қолаң жолығып, Әбдікәрімнің ауылына жеткізеді.
Әбдікәрімнің арғы беттегі өмірі
Арғы бетке Әбдікәрім болыстың қосымен бірге балалары Қамбар, Шабдан, күйеу баласы Ғазез Қалбанов және Ысқақ Изетұлы, Тіленші, Әбдіразақ, Қабдыраш, Мәметек бидің немерелері Айдархан, Мұхтархандар бірге өтіп, Қанапия Мәмиұлының ауылын паналады. Бұлармен қатарлас Алтай-Тарбағатайға қашып келген алашшылдар Кәрім Дүйсебай, Сәлім Жаназаров, Мырзахмет, Құсайын, Ахметқали Жайсаңбаев, Жұптыбай Сағындықов, Райымжан Мәрсековтер сияқты Әбекең де барған елінің мәдениет істеріне өзіндік үлесін қосты. Шығармашылықпен шұғылданып, «Бозша торғай» атты дастан жазды.
Қараңғы елді сауаттандыру үшін мектеп ашуға бастама көтеріп, бала оқытып, ағарту саласына еңбек сіңірді. Есіл ер 1934 жылы (кейбір деректе 1936 жыл делінген) өмірден өтті. Жазушы Қалихан Ысқақ Әбдікәрімді Кеңес консулының қызметкерлері у беріп өлтірген дейді.
1937 жылы Қытай еліне құпия жолмен асып барған қызылдар Қамбарды, Шабданды, Қаханның ержеткен ұлы Тіленшіні, Әбдікерімнің күйеу баласы, Петербордан заң университетін бітірген Ғазиз Қалбановты, қайын ағасы Ысқақ Изетовті, адвокат Сәлім Жаназаровты, Шәкәрім қажының ұлы Зиятты, т.б. бір түнде ұстап жоқ қылды. Қалай атты, қайда жерленді әлі күнге белгісіз.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Суреттерде: 1. Отырғандар Әбдікәрім болыс және баласы Шабдан,
тұрғандар Қақан (сол жақта) мен Мағауия (оң жақта).
2. Әбдікәрім Ережепов.