• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
Қазақстан 24 Қараша, 2017

Рәміздер – рухымыз, ар-ожданымыз

3437 рет
көрсетілді

Елдік мақсат қазақты ұлы жолға салғалы да ширек ғасырдан асып барады. Осы жолда рухымызды асырған, ар-ожданымызға айналған рәміздеріміздің жөні бөлек. Төрткүл дүниенің төрінде көк Туымыз тік шалқып, киелі шаңырақтан күн нұры шашылып, қанатты пырақтарымыз бейнеленген Елтаңбамыз төрден орын алып, оң қолымызды жүрек тұсына шегелеген Әнұранымыз мемлекеттің символы, бірліктің алтын тұғыры саналғалы қашан. 

Сол алтын тұғырымызды жас ұрпақтың санасына сіңіріп, ойына ұялату мақсатында Елбасының рухани жаңғыру мақаласындағы идеясының іргесін бекіту ісінде, Тұңғыш Президент күніне орай «Мемлекеттік рәміздер және елдік мұраттар» деген тақырыпта Еуразия ұлттық университетінде дөңгелек үстел өтті. Онда ел рәміздері мен рәміз танушы туралы жан-жақты әңгіме болды. Мұндай игілікті іске ұйытқы болған іргелі оқу орнының практикалық қазақ тілі кафедрасы екенін айта кетелік.

Дөңгелек үстелге жиналған ұс­таз­­дар мен оқушыларға мемле­кет­­тік Елтаңбамыздың авторы, көр­­нек­ті сәулетші Жандарбек Мәлі­беков рәміздеріміз туралы ой қоз­ғап, бұл елдік іске Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерекше еңбегі сіңгенін атап айтты. «Мәселен, бір ғана детальды айтар болсам, кейбір халық қалау­лы­лары Елтаңбаның жоғары жағын­да тұрған жұлдызға күдікпен қара­ған­да, Президент ұлтымыздың жұл­дызың жансын, жұлдызың жоға­ры болсын деген сөздерін дә­йек­ке келтірді. Мүйіздегі жеті са­қи­наға да ерекше мән бергені есте. Ал Туға келгенде әркез бір түс­ті болса дегенді тілге тиек етіп жүрді.

Бүгінгі көк Туымыз желбірегенде оны құп алып, ұлттық орнаментті ұсынғаны халықтың есінде. Бұл жұмыста ұлт зиялылары С.Зиманов, С.Сартаев, Ә.Кекілбаев, өзге де азаматтар аз еңбек еткен жоқ», деді. Ол сондай-ақ қазақтың ардақты азаматы Ақселеу Сейдімбектің «Ұлттық рәміздерді ғылыми негіздеген Ербол Шәймерденұлы», деген пікірін ортаға салып, ел рәміздерін алғашқы кезде өз жұртымызға жеткізуде, кейін әлемдік деңгейде таралуына Ерболдың сіңірген еңбе­гіне дәйектер келтірді. 

Әр жыл сайын рәміздер күні аталып өте­тін тұста алғашқы рәміз­танушы Ер­бол Шәймерденұлы оқуларын өт­кізуді ұсынып, оған өзі қолдау көр­сететінін, тіпті батасын беруге әзір екенін жеткізді. Ол сонымен қатар осы дөңгелек үстел соның алғашқы бастауы деген ойын да ортаға салды.  Белгілі жазушы Қуаныш Жиен­бай рәміздер туралы ой қозғай келіп, Ербол Шәй­мер­денұлының үш тілде шық­қан қазақ рәміздері туралы кітап­тары шет мемлекеттердегі Қазақ­­стан елшіліктерінен орын алға­­нын, өзге жұрттың адамдары сол кітап­тардан ұлттық рәміз­дері­міз­ді танып-біліп жатқанына мысалдар келтірді.

Ұстаздар мен студенттер Елтаң­ба авторына алуан түрлі сұрақтар қойып, тұшымды жауаптар алды. Студент Диара Дүйсебек «Біз рәміздеріміздің авторын кейде біле алмай жататынымыз бар. Оларды таныту жайын да қолға алу керек секілді. Рәміз авторлары туралы деректі фильмдер түсіріп, әркез көрсетіп отырса», деген тілегін жеткізіп, қазір Ту авторының өмірде жоқ екенін, ендігі жерде ортамызда отырған Жандарбек Мәлібеков жайлы бейнетаспаларды шығарсақ ұтылмас едік деген пікірін де талқыға ұсынды.

Дөңгелек үстелге жиналғандар рәміздеріміз – рухымыз, ар-ожданымыз деген байлам жасалды.  

Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан»