• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қазақстан 24 Қараша, 2017

Елордада «Қазақстандық өнім жасаймыз» атты форум өтті

282 рет
көрсетілді

Бүгін Астанада тау-кен металлургиялық саладағы 70-тен аса отандық жеткізуші компанияның басын қосқан «Қазақстандық өнім жасаймыз» жыл сайынғы форумы аяқталды. Іс-шара ҚР Инвестициялар және даму министрлігі, «Kazakhmys Holding» ЖШС, «Еуразиялық Топ» ЖШС, «KazZinc» ЖШС, KAZ Minerals Тобы және «Қазақалтын» ТКМК» АҚ-ның қолдауымен өткізілді.

Биылғы Форумға 600-ден аса делегат қатысты, олардың қатарында қазақстандық тауар өндірушілер, тау-кен металлургиялық кешен (ары қарай - ТКМК) компаниялары, шағын және орта бизнес субъектілері, сондай-ақ, орталық және жергілікті атқарушы мемлекеттік органдардың өкілдері бар.

Іс-шара ұйымдастырушылары атап өткендей, Форумды ТКМК компанияларының қатысуымен өткізу отандық тауар өндірушілерімен ынтымақтасудың маңызды мәселелерін талқылау үшін жаңа форматты ұсынды. Сондай-ақ, Форум энергия тиімділігін ұлғайту және жеткізілетін өнімнің өзіндік құнын төмендетуге арналған жаңа шешімдермен, жобалармен таныстыруға мүмкіндік жасады.

Форумның ашылуына құрметті қонақтар, атап айтқанда, ҚР инвестициялар және даму жөніндегі бірінші вице-министрі Алик Айдарбаев, ҚР инвестициялар және даму вице-министрі Тимур Тоқтабаев қатысты.

Іс-шара кезінде тау-кен металлургиялық саладағы жергілікті мазмұн көрсеткіштерін сапалы деңгейде ұлғайту мәселесі көтерілді, атап айтқанда,  ТКМК-дегі қазақстандық мазмұнға шолу жасалып, оң тәжірибелерді және жеткізушілердің алдында тұрған қиындықтар, сондай-ақ, қатысушылардың импорт алмастыру мәселелеріне қатысты көзқарасы ашық талқыға салынды.

Осыған орай ҚР инвестициялар және даму жөніндегі бірінші вице-министрі Алик Айдарбаев былай деп атап өтті: «Тау-кен металлургиялық кешен Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілетті және қарқынды дамып келе жатқан секторларының бірі болып табылады. Осы өнеркәсіп саласында 100-ге тарта ірі және орта кәсіпорын қызметін жүргізуде. Аталған кәсіпорындар машина жасау, химиялық және жеңіл өнеркәсіп, құрылыс материалдарын өндіру сынды басқа салалардағы әлеуетті жеткізушілерді едәуір тапсырыс көлемімен қамтамасыз етеді. Мәселен, тау-кен кешеніндегі жер қойнауын пайдаланушылар және жүйе түзуші кәсіпорындар отандық өндірушілерден 995,7 млрд. теңгеге тең жалпы сомаға тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді сатып алған, бұл жалпы сатып алудың 43,5%-ын құрайды. Басқаша айтқанда, отандық өндірушілер үшін ішкі нарықта үлкен әлеует және өндіріс көлемін ұлғайу үшін кең мүмкіндіктер бар».

Пленарлық сессияның соңында форум ұйымдастырушылары - «Kazakhmys Holding» ЖШС, «Еуразиялық Топ» ЖШС, «KazZinc» ЖШС, KAZ Minerals Тобы және «Қазақалтын» ТКМК» АҚ топ-менеджменті Жергілікті мазмұнды дамыту аясында өзара ынтымақтасу жөнінде меморандумға қол қойды. Меморандум тараптардың тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді сатып алу кезіндегі жергілікті мазмұнды дамыту аясындағы ынтымақтастығын кеңейтіп, қатынасын нығайтуды көздейді.

«Импорт алмастыру стратегиялары» атты панельдік сессияда еңбек өнімділігін арттыруға және аумақтық кластерлерді дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары жөнінде пікірталас ұйымдастырылды. Осы тақырып жөнінде «Қазақстан индустриясын дамыту институты» АҚ басқарма төрайымы Әлия Арыстанбаева сөз сөйледі. Сессия кезінде отандық өнеркәсіптік кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін дамыту және жергілікті мазмұнды дамыту шараларын дайындау мақсатында мемлекет пен жеке бизнестің бірлесе жұмыс жүргізу мәселесі ортаға салынды.

Қалыптасқан дәстүрге сай Форум аясында отандық өнімді шығаратын кәсіпорындар мен жеткізушілердің көрмесі өткізілді. Жергілікті жеткізушілер серіктестермен тікелей кездесуге, келіссөздер өткізуге, өз өнімдерін таныстырып, ақысыз негізде клиенттерді табуға мүмкіндік алды. Ұйымдастырылған көрме отандық тауар өндірушілердің әлеуетімен, жаңа өндірістермен және шығарылатын тауарлар тізімдесімен таныстырды.

Форум соңында ең үздік жеткізушілерді марапаттау салтанаты өтті. Әрбір ұйымдастырушы компания өзінің серіктестерін марапаттады.