Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында «Елбасы жолы. Бейбітшілік кіндігінде» атты кинокартина жобасын қорғау отырысы өтті.
Фильм идеясын таныстыруға байланысты өткен қорғалымда режиссер Ақан Сатаев киностудияның Сарапшылар кеңесіне дайындық кезеңінде атқарылған жұмыстар туралы баяндап, түсірілім тобын таныстырған соң жаңа туындысын түсіруге дайын екенін жеткізді.
«Бейбітшілік кіндігінде» фильмі Ақмоланың қарапайым қаладан ел ордасы – Астанаға айналуы мен бүгінгі қалыптасқан келбетіне дейінгі кезеңдер туралы баяндайды. Картина 1994 жылы астананың Ақмолаға ауысып, Астананың қысқа мерзім ішінде күн санап дамып келе жатқанын және әлемдегі ең әдемі астаналардың қатарына енгенін көрсетеді.
– Біздің фильміміз саясат пен саясаткерлер туралы. Сол себептен де біз Президент хаттамасынан, Президент Кеңсесінен көп кеңес алдық. Жаңа қалаға ту тіккен Астананың алғашқы кезде басынан өткерген қиындықтары және Президент пен айналасындағылардың оны қалай еңсергендері туралы талай мәлімет пен дерекке қол жеткіздік. Фильмдегі негізгі драматургиялық шиеленіс те осы тұрғыда өрбімек, – деді режиссер.
Болашақ фильмнің жобасын таныстыру кезінде түсірілім тобы фильмде қолданылатын барлық бұйымдар мен костюмдерді әкеліп, көрме ұйымдастырды. Сарапшылар кеңесі алдында фильмнің атқарушы продюсері Әлия Меңдіғожина мен кастинг-директор Жайна Әбдиева да сөз алып, түсірілім алаңдары және актерлер туралы әңгімеледі. Түсірілімдер Алматы мен Астанада өтеді. Бірінші түсірілім блогы желтоқсан айында Алматыда басталады. Ал қаңтар айында Астанада жалғасады. Қазір актерлердің пластикасы және сөйлеу мәнерімен мамандар жұмыс істеп жатыр, өйткені олардың сомдайтын кейіпкерлері өмірде бар адамдар. Актерлер мұрағаттық материалдармен жете таныстырылған, себебі мұның актердің өз образына енуіне әсері мол.
Экранда Н.Назарбаевтың бейнесін белгілі театр және кино актері Мұрат Ахманов сомдайды. Сонымен қатар фильмде Еркебұлан Дайыров, Жан Байжанбаев сияқты кино майталмандары да бой көрсетеді.
– Басты рөлге актер іздегенде біз үшін портреттік ұқсастығынан гөрі, оның актерлік шеберлігі маңыздырақ болды. Фильмде 14 түрлі күрделі грим жасалады, оны Марк Кульер жасайды. Кәсіби жасалған грим көмегімен актердің Елбасымен портреттік ұқсастығын келтіреміз. Ал екінші пландағы актерлерді негізінен түр-әлпеті прототипке ұқсайтындарын таңдадық, – дейді А.Сатаев.
Фильмнің қоюшы-операторы қазақ және қырғыз киносының мэтрі – Хасанбек Қыдырәлиев («Көшпенділер», «Моңғол», «Анаға апарар жол», «Бауыржан Момышұлы» және басқалар). Суретші-визажист және протез макияжы бойынша арнайы шақырылған британдық Марк Кульер «Гранд Будапешт отелі» фильміне жасаған үздік макияжы үшін «Оскар» жүлдесін және «Темір леди» фильміне жасаған үздік макияж бен шаш үлгісі үшін 87-Британ кино академиясының BAFTA сыйлығын иемденген.
«Елбасы жолы. Бейбітшілік кіндігінде» фильмінің шығармашылық тобы түсірілім жұмысын желтоқсан айында бастап кетпек. Ал фильм қалың көрерменге бір жылдан кейін, 2018 жылдың желтоқсан айында жол тартады деп жоспарланып отыр. Фильмді Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы мен «Сатайфильм» кинокомпаниясы бірігіп түсіреді.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ