Тәуекел – талай ғасырлар бойы тәуелді болып келген жұртқа тәуелсіздік берді. Бүгінде жасампаз еліміз Жер шарына атағы жайылған абат елге айналды. Жаңа дәуірге қадам басты. Көпшіліктің көз алдында елдің жаңа тарихы қалыптасты.
Ұлт тарихындағы жаңа дәуірдің бастауы болған Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы – ел өміріндегі аса елеулі оқиғаға айналуы тиіс. Сондықтан да осы айтулы мерекенің шеңберінде ауқымды іс-шаралар жоспарланып, ол іс-шаралар еліміздің жиырма жылда асқан белестерін, яғни қол жеткізген зор жетістіктерін қоғамға жеткізуге, насихаттауға бағытталмақ. Өйткені өркениет жолымен серпінді дамып келе жатқан мемлекеттің бағыт-бағдарын, алдында тұрған міндеттерін әлем жұрты мен өз еліміздің ұландары жан-жақты білуі тиіс.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Тәуелсіздік – ата-бабаларымыздың жүздеген жылдармен өлшенетін арман-аңсарының жүзеге асқан ақиқаты», – деп қазақ халқының ежелден тәуелсіздікті аңсай отырып, талай қиындықты бастан кешіріп, бүгінгі күнге жеткендігін айтады. Азаттық рухы кең көсілген Арқадан кербез Алатауға дейінгі, алтын тамыр Алтайдан кәрі Каспийге дейінгі аралықта ұлан-ғайыр даланың ұлы өркениетін қалыптастырған батыр бабаларымыздың қайсар мінезінен оянған еді. Аз уақыттың ішінде біз егемен еліміздің әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын, мәдени, рухани келбетін бұрын болып көрмеген биік деңгейге көтердік. Әсем де, айшықты елордамыз – Астанамызды еліміздің төріне шығардық.
Соңғы жылдары ұлттық мұраны қайта түлету, ұлттық мәдениетті қолдау тұрғысында үлкен істер атқарылды. Биылдың өзінде "Мәдени мұра" мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында 51 тарихи және мәдени ескерткіштер қалпына келтірілді, ондаған археологиялық ескерткіштерге қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізілді. Мемлекеттік тілді дамыту жөнінде жұмыстар жүйелі жүргізілуде. "Мемлекеттік тілді дамыту" Президенттік қоры құрылып, қазірдің өзінде бірқатар жаңа жобаларды жүзеге асыра бастады. Еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалығы, Астана Саммитті де Тәуелсіздік тұғырының берік екендігін дәлелдеді.
Ел Тәуелсіздігін ұлықтаған Қазақстан тек экономикалық модельді таңдаумен ғана шектелмеді. Бұл орайда Конституциялық ережелерді, сондай-ақ, саяси инфрақұрылымды, дінаралық қарым-қатынасты қамтитын саяси модельді де таңдады. Президенттің: «Бәсекеге қабілетті ұлт деп – оның әрбір өкілінің бәсекеге қабілеттілігін, даярлық деңгейін, білімдік және даралық даму дәрежесін айтамыз» деген сөзінің мән-мағынасы, сөз жоқ, мемлекеттік бағытымыздың негізгі арнасымен ұштасады. Елбасы айқындаған жедел жаңару жолы елдікті ойлаған отандастарымыздан жаңа әрі серпінді ізденістерді талап етеді.
Уақыт – бәріне сыншы. Сондықтан бүгінгі отандық 147 жоғары оқу орнын, бейнелеп айтсақ, қатаң бәсеке-бәйге алдындағы 147 талап пен 147 ізденіс деп түсіну орынды сияқты. Білім және ғылым министрлігі мен «Назарбаев интеллектуалдық мектептері» АҚ әзірлеген тұжырымдама жобасында: «Жаңа жүйенің басты ерекшеліктерінің бірі ретінде мұғалімдер біліктілігін арттыру жөнінде ендігі бірыңғай тұжырымдамалық әдіс қолданылатындығын айтуымыз керек. Осы үшін әлемдік тәжірибе мен қазіргі заманғы мектептердің талаптары ескеріле отырып, деңгейлік курстардың тақырыптары жеті модуль бойынша анықталатын болады...» делінген. Бүгінде Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында осы мәселелерді басшылыққа ала отырып, білім берілуде.
Қазір заман талабына сай, жоғары сапалы білім беру деңгейіне жету үшін материалдық-техникалық базамен қамтамасыз ету және ғылымды жаңарту негізі принципін іске асыру мақсатында жаңа педагогикалық, инновациялық және ақпараттық технологиялар шебер қолданысқа ие болуда. Институттың материалдық-техникалық базасы жинақталған 8 оқу корпусында: оқу зертханалары, компьютерлік кластар, спорттық, хореографиялық және 2 электронды, 6 оқу залдары, ғылыми кітапхана орналасқан. 13 компьютерлік класс, 7 аудитория интерактивті тақта және 1 лингафонды кабинет бар. Әрбір білімгер жеке отырып, еркін жұмыс істей алатындай мүмкіндігі бар электронды оқу залында интернет арқылы ақпарат алу мүмкіндігі жасалған. Электронды оқу залының қоры электронды және магнитті тасымалдағыштағы материалдардан, көру-тыңдау құжаттарынан тұрады. Институтта магистратура, аспирантура, педагогикалық мамандықтарға сәйкес педагогикалық кадрлардың білімін жетілдіру және қайта даярлау аймақтық орталығы ашылған. Оқу корпустары мен жатақханаға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, олардың материалдық-техникалық базасы толықтырылған.
Институттағы жағымды жаңалықтың бірі – «ХХІ ғасыр мұғалімі моделі» жобасы дайындалып, бүгінде осы жоба бойынша жаңа тұрпатты мұғалім мамандарын дайындауда сапалы білім негізін қалау мәселесі алдыңғы орында тұр. Сондай-ақ, оқу үдерісіне де ерекше назар аударылады. Соның нәтижесінде білімді жастарға қолдау көрсету деңгейі өсе түскен. Соның нәтижесінде білімгерлеріміз елімізде өткізіліп жатқан пән олимпиадаларына қатысып жүр. Атап айтсақ, Алматы қаласында өткен республикалық пәндік олимпиададан «Бастауышты оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» мамандығы білімгерлері І орын, Ақтау қаласы Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік инженерия және технологиялар университетінде өткен ІІІ республикалық олимпиадада «Тарих» мамандығының білімгерлері ІІІ орын, Алматы қаласы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде өткен республикалық пәндер олимпиадасында «География» мамандығынан құралған «ТарМПИ» командасының мүшелері жүлделі ІІІ орын, Қызылорда қаласының Қорқыт ата атындағы ҚМУ ректорының кубогы үшін өткізілген пікір-сайыс турниріне «Талап» пікірсайыс клубының «Тараз тарландары» командасы қатысып 1 орын, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде Алматы қаласында «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» мамандығы бойынша қатысып жүлделі І орын, Шымкент қаласы М.Әуезов атындағы ОҚМУ-де өткен олимпиадаға "Кәусар тобы" қатысып ІІІ орын, «Креатив» командасы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен «Психология» пәнінен республикалық олимпиадаға қатысып ІІІ орынға ие болды.
Жоғары педагогикалық білім жүйесінің құрылымы мен мазмұнын жетілдіру мақсатымен бүгінде ТарМПИ Білім және ғылым министрлігінің оқу-тәжірибелік алаңына айналды. Болон келісіміне қол қойылған. Институтымызда ғылыми-зерттеу саласына да баса назар аударылады. Шет мемлекеттерден, атап айтсақ, Германия, Болгария, Венгрия т. б елдерден профессор-ғалымдар келіп, дәріс оқып, ғылыми тәжірибе алмасуда, институтта жыл сайын ғылыми конференциялар, семинарлар, кездесулер өткізіліп тұрады.
Қазіргі кезде барлық мемлекеттердің ғалымдары адамзат өркениетінің жаңа кезеңі жайлы, жаһандық ақпараттық қоғам қалыптастыру жайлы сөз етеді. Нақ осы үшін кең ауқымды пайдаланушыларға ақпаратты жинақтаушы, сақтаушы және таратушы орын ретінде кітапханалардың рөлі өте зор. Біздің кітапханада кітап қоры жеткілікті Президенттік аудитория бар. Ұлы ғұлама ғалым Әл-Фараби: «Адамға алдымен тәрбие беріледі, содан кейін білім беріледі, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» – деген. Осы қағиданы біздің институт ұжымы үнемі басшылыққа алады, соның нәтижесінде тәрбие саласында үлкен жетістіктерге жетуде. Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай барлық факультеттерде, кафедраларда, академиялық топтарда және «Білімгерлер үйінде» ашық тәлімгерлер сағаттары, кездесулер, «дөңгелек үстел», дәрістер, жыр-мүшәйрасы және т.б. іс-шаралар жүргізілуде.
Елбасының «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Жолдауы, ҚР білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы және Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай атқарылған іс-шаралардың білімгерлерге берері мол. Атап айтсақ, «Қазақстанның Ислам конференциясы Ұйымына төрағалық етуі» тақырыбында «дөңгелек үстел», «Тәуелсіздік – қазақтың сан ғасырлық арманы» тақырыбында семинар, «Діннің адам өмірінде атқаратын қызметі мен алатын орны» тақырыбында облыс көлемінде семинар-кездесу өткізілді. Семинарға Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті «Дінтану» кафедрасының оқытушылары, теология докторы, тәфсіртанушы Исмайл Чалышкан, дінтанушы Сержан Қарсыбайұлы Оразбайлар қатысты. Сондай-ақ, «Тіл тәуелсіздігі – ұлт тәуелсіздігі» тақырыбында студенттер арасында әңгіме-сұхбат, Ғылыми кітапхананың ұйымдастыруымен тарихи тұлғаларды еске алуға арналған «Ер есімі – ел есінде» кітап көрмесі, ҰОС ардагерлерінің қатысуымен «Тәуелсіздік жолындағы күрестің тарихи маңызы» тақырыбында кездесу өткізілді. «Тәуелсіздігім – төл бесігім» атты облыстық форумға қатысқан білімгерлеріміздің идеясы бойынша Тәуелсіздікпен құрдас білімгерлер өздері оқыған мектептерінің ауласына 20 көшет отырғызды, бұдан басқа да тәрбиелік мәні зор іс-шаралар ұйымдастырылды.
Білімгерлерге тәрбие беру мақсатында ТарМПИ-дің 2011-2020 жылдарға арналған тәрбие жұмысының стратегиялық жоспары дайындалған. Жоспарда патриоттық тәрбиеге, ұлттар ынтымағын сақтауға, қазақ халқының дәстүр-салтын құрметтеуге, адамгершілік тәрбиесіне, саламатты өмір салтына баса назар аударылған. Өйткені Елбасы Н. Назарбаевтың «Өз Отаныңның патриоты болу дегеніміз – Қазақстанды жан-тәніңмен сүйе білу» деген қағидасын басшылыққа алған ТарМПИ ұжымы білімгерлер тәрбиесіне көп көңіл бөледі. Осыған байланысты барлық факультеттерде, кафедраларда, академиялық топтарда Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдаулары, ҚР заңдары, «Жастар саясаты» мәселелері талқыланып, насихатталады және жастар үшін тәрбиелік мәні зор «Жемқорлыққа қарсы күрес», «Нашақорлыққа қарсы күрес», «Экстремизмге қарсы күрес» акциялары өткізіліп тұрады.
Патриоттық тәрбие беру мақсатында институтымызда «Бауыржантану» орталығы, «Баласағұн» мұражайы, «Жастар саясаты» орталығы, білімгерлердің өзін-өзі басқару ортылықтары және жатақханада «Бәйтерек» клубы, «Айша» қыздар отауы жұмыс істейді.
Спорттағы жетістіктерді де атап өтуге болады. ЖОО студенттері арасында спорт түрлерінен республикалық VI жазғы универсиадаға білімгерлер қатысып, 6 алтын, 15 күміс, 16 қола медальға қол жеткізді. 1 оқу орнының бір жарыста 37 медаль алуы үлкен жетістік. Қыздардың регби командасы биыл алтын медальға ие болды. Алматы қаласында өткен дзюдо, Павлодар қаласында болған қазақша күрес, Петропавл қаласында ұйымдастырылған жүзу спорт түрлері де жеңіс әкелді. Бұл тек 1 жыл ішіндегі жетістік.
Институт білімгерлерінің оқуы мен демалысын тиімді ұйымдастыру да жолға қойылған. Жатақханада кітапхана, оқу залдары және спорт, тренажер, теннис залдары, компьютер бөлмесі және демалыс бөлмелері жұмыс істейді. «Білімгерлер үйінде» жыл сайын «Үлгілі бөлме», «Үлгілі қабат» байқаулары ұйымдастырылады. Адамгершілік және эстетикалық тәрбие беру мақсатында ашылған «Бәйтерек» клубында және «Айша» қыздар клубында ақын, жазушылармен, еңбек және соғыс ардагерлерімен, кәсіпкерлермен, мектеп директорларымен, психология мамандарымен, сән және дизайн шеберлерімен кездесулер жиі өткізіліп тұрады. Институтта жас дарындардың шығармашылық қабілеттерін дамытуда көп көңіл аударылып, әр түрлі деңгейде ән-байқауларын ұйымдастырып тұрады. Жастардың шығармашылық қабілетін дарыту және оқудан тыс уақыттарын қызықты, тиімді өткізу мақсатында талантты және талапты білімгерлерден «Гүлдерай» ансамблі құрылды.
Елбасы Н. Назарбаевтың қолдауымен ұйымдастырылған «Жасыл ел» қозғалысына – 150, «Білімгерлердің құрылыс отрядтары» республикалық жастар қозғалысына – 7 отряд, яғни 350 білімгерлеріміз белсене қатысып, алдыңғы шептен көрінді. «Жасыл ел» бағдарламасының арқасында білім ошағы да көркейіп, оқытушылар мен білімгерлер, магистранттардың ұйымдастыруымен институт корпустары алдында «Бітірушілер аллеясы», «Ғалымдар аллеясы», «Магистранттар аллеясы» жасалды. Корпустар мен білімгерлер үйінің алды алқызыл гүлдермен көмкерілді. Мұның жастарға эстетикалық тәрбие беруде үлкен мәні бар деп білеміз.
«Нұр Отан» ХДП облыстық филиалымен бірлесіп «Дипломмен ауылға» жастар форумы өткізіліп, соның нәтижесінде 2010-2011 оқу жылында 294 бітіруші жолдамамен ауылға аттанды. Сонымен қатар, Тараз қаласының 54 мектебінен мектеп директорларының қатысуымен жәрмеңке, акция ұйымдастырылды. Бұл іс-шаралар бітіруші мамандарды жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бүгінде Тараз мемлекеттік педагогикалық институты жұмысының негізгі бағыты – студенттердің жеке тұлғалық қасиеттерін қалыптастыру, шығармашылық қабілеттерін, патриоттық сезімдерін шыңдауға негізделіп, жоғары оқу орындарының жақсы дәстүрлерін дамытумен қатар, үздіксіз шыңдап, көркейтуге үлес қосу.
Тараз.