Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы өтті.
Жиынды ашқан Г.Әбдіқалықова Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы ұлттық комиссияның жұмысына тың серпін бергеніне тоқталды.
«Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Заман сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» деп атап өткен болатын. Өскелең ұрпақ бойында жат ұғымдарға қарсы тұра алатын иммунитет қалыптастыру, отбасы құндылықтарын, Қазақстан халқының озық дәстүрлерін дәріптеу – маңызды бағыт. Бұл істің нәтижелі болуы мемлекеттік органдар мен қоғамдық институттардың өзара тиімді іс-қимылына байланысты», деді Г.Әбдіқалықова.
Комиссия отырысында Қызылорда және Павлодар облыстарындағы отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын іске асыру бойынша 2017-2019 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының орындалу барысы жөнінде баяндама жасалды.
Павлодар облысында өнімді еңбекпен айналысу және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша жұмыстар белсенді жүргізіліп келеді. Жыл басынан бері 329 нәзік жанды сұранысқа ие 52 мамандық бойынша тәлім алды. Облыстағы ауыл аймақтарда әйелдердің көшбасшылық қабілетін арттыруға арналған мектептерді дамыту жұмыстары істеліп жатыр. Мәселен, Баянауыл ауданында тағы бір осындай мектеп ашылды.
Жалпы Павлодар облысы қызмет атқаратын әйел затының саны бойынша үздік үш өңірдің қатарына кіреді. Онда нәзік жандылардың 30 пайызы жергілікті өкілетті мекемелерде жұмыс істейді. Аудандық мәслихат депутаттарының арасындағы әйелдердің саны 29,4 пайыз, қалалық мәслихатта 27,3 пайыз, облыстық мәслихатта 21,9 пайызды құрайды. Облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаевтың айтуынша, отбасылық және гендерлік саясатты тиімді жүргізудің нәтижесінде аймақта жетім балалардың саны азайған. Соның нәтижесінде, балалар үйінің бірі жабылып, ғимарат орнына лагерь ашылған.
Қызылорда облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өңірде 135 шара ұйымдастырылып, оларға 7 мыңға жуық жастар қатысты. Сондай-ақ, қысқа мерзімде кәсіби мамандар дайындау үшін екі мыңнан астам жұмыссыз адам оқуға жіберілді. Солардың 70,2 пайызы нәзік жандылар екен. «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша 320 әйел арнайы тренингтен өтіп, соның 124-і шағын несие алып, 54-і өз кәсібін үйіріп әкеткен.
Сонымен қатар, жиында 2018 жылғы ақпанда БҰҰ-ның салалық комитетіне ұсынылатын Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы конвенцияның орындалу барысы туралы Қазақстан Республикасының кезекті бесінші баяндамасының жобасы таныстырылды.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»