Алматы облысында үш күнге жалғасқан «Сонар – 2017» халықаралық құсбегілер сайсы бүгін аяқталды. Онда еліміздің іші-сыртынан келген 48 бүркіт, 4 қаршыға мен 4 ителгі сайысқа түсті.
Құсбегілер жарысын қорытындылауға Алматы облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар, «Қыран» федерациясының президенті Нұрлан Өнербай және ұлттық спорттың қамқоршылары Оралбай Əбдікəрім, Қанат Ахметов, Бағдат Мүптекеқызы қатысып, жеңімпаздарға сыйлық табыстады.
Бүркіттер бәсекесінде Астана қаласынан келген Күнтуған Серікбайдың «Тұйғын» атты бүркіті I орынды иеленді. II орынды Атыраулық Арман Күшқаровтың «Ақеділі» еншілесе, III орын Жамбылдық Серікболсын Жалғасұлының «Қапсалғанына» бұйырды.
Қаршығалардың сайысында Алматылық Сейітжан Бексұлтанның «Көкжендет» атты қаршығасы I орынды иеленді. Жамбылдық Бабажан Берікболсынның «Қанжары» II орын, Алматылық Ринат Мырзабаевтың «Алау» атты қаршығасы III орын алды.
Қыран құсты қолда баптаған құсбегілерге де арнайы сыйлықтар табысталды. «Біржан сал» атындағы сыйлық Тәттімбет Кәпұлына, «Ақан сері» атындағы арнайы жүлде Алдаберген Шәріповке, «Қапез сал» атындағы сыйлық Дулат Ақановқа берілді.
Талдықорған маңындағы Сырымбет ауылында өткен халықаралықұлттық спорт сайсы «Жалайыр Шора» құсбегілік мектебінің құрылғанына 30 жыл толуына орай Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында алға қойылған мақсаттарды жүзеге асыру негізінде ұйымдастырылды. Сонарда тұңғыш рет асау үйрету, теңге ілу, қызқуу, садақ ату, аударыспақ, көкпар тарту бойынша жарыс өткізілді.
Айта кетейік, спорттық шараны Қазақстан Республикасы Мəдениет жəне спорт минстрлігі Спорт жəне дене шынықтыру комитетінің, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының және «Қансонар» аңшылардың қоғамдық бірлестіктері мен аңшылық шаруашылығы субъектілерінің республикалық қауымдастығының қолдауымен Алматы облыстық туризм, дене шынықтыру жəне спорт басқармасы мен «Қыран» федерациясы ұйымдастырып отыр.
Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».
Алматы облысы, Сырымбет ауылы