Мәжілісте «Қазақстан Республикасының елді мекендерін сапалы ауыз сумен қамтамасыз етудің өзекті мәселелері» тақырыбында парламенттік тыңдау өтті.
Шараға Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин мен Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов, Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек пен Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов қатысты. Жиында сумен жабдықтау және су тарту жүйесіне байланысты тақырыптық баяндамалар тыңдалды.
Алқалы жиынды ашқан Мәжіліс Төрағасы Н.Нығматулин Елбасы саясатының және стратегиялық мақсаттарының арқасында Қазақстанның жоғары табыстарға жеткенін, барлық салада көптеген маңызды жобалар жүзеге асырылғанын атап өтті. «Осы салада «Таза ауыз су», «Ақ бұлақ» сияқты бірқатар жобалар жүзеге асырылды. Бұл жұмыстар қазіргі уақытта «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» және «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы арқылы жалғасын табуда. Оны заңдық тұрғыдан қолдау үшін Мәжілісте көптеген шаралар атқарылып келеді. Депутаттар тиісті мемлекеттік органдарға ұсыныстар жасап, бюджеттен қосымша қаражат бөлуге де ерекше ықпал етуде. Нәтижесінде, ауыз су мәселесін шешуге мемлекеттен жыл сайын қажетті қаржы бөлініп отыр. Ендігі мәселе оны тиімді пайдалану. Ал ол үшін барлық жұмыстарды дұрыс ұйымдастырып, суды пайдаланудың жаңа технологияларын енгізу қажет. Осыған орай, жер асты суларын пайдалануға қатысты нақты жоспар жасап, ауылдарда жаңа су құрылыстарын қолға алу керек. Осының барлығы ауыз су мәселесін толықтай шешуге мүмкіндік береді», деді Мәжіліс Төрағасы.
Сонымен қатар Н.Нығматулин елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз етуде орын алып отырған олқылықтарға да тоқталды. Әсіресе, су құрылғылары нысандарын орнатуда бірізділік пен елді мекендерде су инфрақұрылымдарын тартуда бірыңғай оператордың жоқтығына баса назар аударды.
«Біріншіден, бүгінгі күні сумен жабдықтау нысанын салу және пайдалануға беру барысында жүйелі әдістер жоқ. Қазіргі уақытта топтық су құбыры салынғаннан кейін ауылішілік желілердің дайын болмауынан елді мекенге су беруге мүмкіншілік болмайтын жағдайларды көріп отырмыз. Мұның барлығы бюджет қаражатын тиімсіз пайдалануға, сонымен бірге елді мекенді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ете алмауға әкеледі. Оған елді мекенді сумен қамтамасыз ету инфрақұрылымын салу және пайдалануға беру бойынша бірыңғай оператордың жоқтығы себеп болуда», деген Мәжіліс Төрағасы нысандардың құрылысы аяқталғаннан кейін олардың пайдалану мәселесі де өзекті болып отырғанын жеткізді. «Бүгінде сумен жабдықтау жүйесінде материалдық құрал-жабдықпен және кадрлық әлеуетпен қамтамасыз етілген қызмет көрсетуші кәсіпорындар аудан орталықтарында ғана бар. Ауылдар мен елді мекендердегі сумен жабдықтау жүйесі ауыл әкімдерінің қарамағына берілген. Ал олар қажетті құрал-жабдықпен де, мамандармен де қамтамасыз ете алмай отыр. Соның салдарынан сумен жабдықтау жүйелерінде апат жиі орын алып, желілер мен құрал-жабдықтардың істен шығуы, су берудің тоқтатылуы әркез қайталанып жатады», деді Н.Нығматулин.
Қалай болғанда да халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету қажеттігін алға тартқан Мәжіліс Төрағасы су тарифіне қатысты мәселеге де назар аударды. «Тұтынушыларға қызмет көрсетудің жоғары деңгейі маңызды талаптардың бірі. Әрине, бұл ретте біздің су ресурстарымызды тиімді пайдалануда да үлкен мәселелер бар. Еліміздің өңірлерінде тарифтеу және өзге құралдар арқылы қол жеткізудің айқын мысалдары бар. Мынадай ұстаным енгізілуі тиіс: тұтынушы алған қызметіне әділ баға төлеген кезде ол сәйкесінше лайықты қызмет алуы қажет», деген Нұрлан Зайроллаұлы мұндай талаптардың барлығын жүзеге асыру тиісті деңгейде қоғамдық мониторинг болғанда ғана жүзеге асырылатындығын айтты.
Шешімін табу ұсынылдыПремьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов елді ауыз сумен қамтудың түйіндерін тарқатудың тетіктеріне тоқталды. Оның айтуынша, халықтың 87 пайызы таза ауыз сумен қамтамасыз етілгенімен, 2 миллионнан астам адам үшін таза су қолжетімсіз күйде қалған. «Мәселен бүгінгі күні республикадағы 6 601 елді мекеннің 4 034-і орталықтандырылған су жүйесімен қамтамасыз етілмеген. Оларда 2,7 млн адам тұрып жатыр. Оның 1 462-сі жаңа құрылысты, 1 104-і жаңғыртуды талап етеді. Аталған 1 104 елді мекенде су тәулігіне 12 сағаттан аз беріледі. Жалпы осы 2,7 млн адамды толықтай ауыз сумен қамтамасыз ету үшін осы күнгі қаржыландыру көлемін сақтап қалғанның өзінде проблеманы шешу 2027 жылы ғана мүмкін болмақ. Ал жылдық қаржыландыруды 100 млрд теңгеге дейін жеткізгенде 2025 жылға қарай шешуге болар еді. Өйткені оның жиындық сомасы 717 млрд теңгені құрайды», деді А.Мырзахметов.
Сонымен қатар Ауыл шаруашылығы министрі елді мекендердегі барлық су құбырлары желісін салу және жаңғырту барысында су таратумен айналысатын барлық мекемелерді бірыңғай оператор ретінде айқындау қажеттігін де айтты. Бұл ең біріншіден, жұмыстардың жалпы құнын 717 млрд теңгеден 536 млрд теңгеге азайтуға, екіншіден, жобаның жүзеге асырылу мерзімін жыл сайын жоспарланып отырған қаржыландыру көлемі сақталған жағдайда 2022 жылдың соңына дейін қысқартуға мүмкіндік береді.
Тыңдау барысында Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек қоғамның суға деген көзқарасын өзгерту қажет деп санайтындығын білдірді. Оның пікірінше, суға деген әлеуметтік қатынас тұтынушылық пен ауыз судың экономикалық құны арасындағы сәйкессіздікке әкелген. «Бұл қоғамдық санада су құнының түсіп кетуіне себеп болды», деді ол.
Органдар арасында өзара үйлесім жоқСонымен қатар министрлік тарапынан мамандар мәселесі маңызды аспектілердің бірі екендігі айтылды. Оның айтуынша, бүгінде коммуналдық шаруашылық саласында ресурсты және энергияны үнемдейтін заманауи технологияларды қолданып, жұмыс істей алатын білікті мамандар жетіспейді екен. «Мысалы 2016-2017 оқу жылында «Сумен жабдықтау және су тарту жүйелерін тазарту» мамандығы бойынша 75 грант бөлінсе, «Сумен жабдықтау және су тарту» мамандығы бойынша грант бөлінбеген. Біз жаңарту мен жаңа инфрақұрылым салуды инвестициялаудан бөлек, су арнасы мамандарының біліктілігін арттыру бағдарламаларын жүзеге асыру қажет деп есептейміз», деді Ж.Қасымбек.
Су мәселесін сөз еткен парламенттік тыңдау барысында депутаттар тарапынан Үкімет мүшелерінің атына бірқатар мәселелер қойылды. Мәжіліс депутаты Сәкен Өтебаев ауыз сумен қамтамасыз ету саласындағы қызметтердің шашыраңқылығы проблемаға айналып отырғанын айтты. «Соның салдарынан жобаларды жүзеге асыру барысында өкілетті органдардың арасында үйлесімділік жоқ. Айталық, жер үсті су көздері мен топтың су таратқыштарға Ауыл шаруашылығы министрлігі, ал жер асты су көздері мен елді мекендерді сумен жабдықтау жүйесін дамытуға Инвестициялар және даму министрлігі жауап береді. Бұған қоса, жоспарлау, салу және одан пайдалану жергілікті атқарушы органдардың құзыретінде қалып отыр», деді депутат.
Осылайша, парламенттік тыңдау барысында депутаттар халықты сапалы ауыз сумен одан әрі қамтамасыз етудің проблемалары мен оны шешудің жолдарын сөз етті. Тақырыптық талқылау барысында В.Божко, Н.Сабильянов, С.Ахметов, Қ.Қарекен, О.Өксікбаев, Ж.Ахметбеков, А.Құрманова сынды халық қалаулылары өңірлердегі өзекті мәселелерді сөз етіп, тіршілік көзіне қатысты түйіннің тарқатылу тетіктерін көтерді. Ал айтылған ұсыныс, пікірлердің барлығы да тиісті мүдделі мекемелердің жобалық құжаттарында көрініс табатын болады.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»