Таяуда АҚШ билігі Солтүстік Кореяны терроризмді қолдайтын мемлекеттер тізіміне енгізген болатын. Өз кезегінде Пхеньян Ақ үйдің бұл әрекетін арандатушылыққа балап, елдегі ядролық қару бағдарламасын одан әрі күшейтетінін жеткізген.
Korean Central News агенттігіне берген сұхбатында Солтүстік Корея сыртқы істер министрлігінің өкілі «Біздің ұлы елімізді «терроризм» тізіміне енгізуге дәті барған оңбаған бұзақыларға әскеріміз бен халқымыздың ашуы өршіп тұр», деп мәлімдеді. Al Jazeera арнасының хабарлауынша, кейбір сарапшылар Ақ үй билігінің әрекеті Солтүстік Кореяның шымбайына батып, ядролық қаруды игеруге құлшынысын одан әрі күшейтіп жіберетінінен қауіптенеді.
«Сыртқы істер министрінің өкілі терроризмді қолдап отырған мемлекет деп айыптау америкалық авторитарлық жүйенің құралы екенін және олардың өз көзқарасына сай келмейтіндерді сырып тастауға талпыну екенін айтты. Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Солтүстік Кореяны ядролық қару арқылы әлемге қауіп төндіруден бөлек, халықаралық терроризмді қолдап отырғанын мәлімдеген», дейді Al Jazeera арнасы.
Жалпы, АҚШ пен Солтүстік Кореяның араздығы бүгін басталған жоқ. Бұған дейін КХДР бірнеше мәрте ядролық қаруын сынақтан өткізіп, құрлықаралық баллистикалық зымырандарын ұшырған-ды. Ақ үй басшысы Д.Трамп Солтүстік Кореяның бұл әрекетін айыптап, қарулы қарсылық көрсетуге әзір екенін жеткізді. Өз кезегінде Ким Чен Ын да кез келген уақытта Американың күлін көкке ұшыруға дайын екенін мәлімдеді. Екі басшының сөз қақтығысы біраз жерге барып басылған-ды.
Солтүстік Корея сыртқа жүнін қампайтып көрсетуге талпынғанымен, елдегі жағдай мәз емес. Таяуда КХДР әскерінен қашқан сарбаздың видеосы жер жаһанды шарлап кеткен болатын. Өз елінен бас сауғалаған солтүстіккореялық азамат Оңтүстік Кореямен арадағы шекараға өлермендікпен ұмтылған-ды. КХДР шекарашылары заң бұзушыны қуалап, бірнеше жерден жаралады. Алайда оқ тигеніне қарамастан, ол көрші елдің аймағына өтіп үлгерген. Мұндай оқиға куә болған Оңтүстік Кореяның шекарашылары бейбаққа көмек қолын созыпты. Сарбаздың денсаулығын бақылаған дәрігерлер оның денесінен 27 сантиметрлік ішек құртын тауып алды. Қазір қашқынның жағдайы тәуір. BBC арнасының хабарлауынша, ересек адамның денесінде ұзын ішек құрттың болуы елдегі жағдайдың нашарлығын көрсетеді.
Шолуды әзірлеген Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»