Денсаулық сақтау саласын цифрландыруға байланысты ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Бұйыртса, алдағы уақытта дәрігерлердің қағазбастылығы 100 пайыз шешіліп, олардың жүктемесі азаяды. Жұртшылықтың қолында жүрген қағаз медициналық карта да жаңа форматқа ауыстырылып, оның орнына электронды денсаулық паспорты пайда болады. Бұл туралы Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері мәлімдеді.
Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цойдың айтуынша, медицина саласын цифрландыру жүйесі Қазақстан азаматтарының денсаулығы туралы мәліметтерді жинақтап, бірыңғай жүйеге біріктіруге негізделген.
Министрлік 2008 жылдан бері емдеу ұйымдарының қызметіне жүгінген халықтың сырқат тарихы туралы статистика жасақтапты. Енді осы статистикалық мәліметтер цифрландыру жүйесінің аясында азаматтардың жеке куәлігіне жеке идентификациялық коды (ЖСН) арқылы тіркелмек. Мұндай заманауи тіркелім жүйесі дәрігерлерге де, пациенттерге де тиімді. Айталық дәрігерлер бұрынғыдай алдына келген науқастың сырқат тарихын ауызша сұрап, қолмен жазып отырмайды. Азаматтың жеке куәлігіндегі штрих-кодты компьютерге қосса болды, барлық сырқат тарихы автоматты түрде мониторға шыға келеді. Бұл дәрігер мен пациенттің уақытын анағұрлым үнемдейді, осы жүйенің арқасында маманның науқасты қарау уақыты бұрынғыдай 20-30 минут емес, 3-5 минутқа дейін қысқарады, дейді мамандар.
Вице-министр сондай-ақ денсаулық саласын цифрландыруға байланысты дәрігерлердің жүктемесі мен қағазбастылығын азайтуға, емдеу ұйымдарын компьютерлендіруге ерекше ден қойылып отырғанын жеткізді. Биылғы 1 қазандағы жағдай бойынша дәрігер мен медбикелердің компьютермен жабдықталуы 78,4 пайызды құрайды. 2018 жылдың 1 қаңтарында бұл мәселені 85 пайызға шешіп, ал 2019 жылдың басында 100 пайызға жеткізу көзделіп отыр.
Алдағы жылдан бастап, азаматтардың өздері де электронды цифрлы қолтаңба арқылы өзінің жеке электронды денсаулық паспортын ашып көріп, ондағы мәліметтермен таныса алатын болады.
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»