Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев,Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің рухани мұрасымен танысты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Мемлекеттер басшылары XIV-XV ғасырларға тиесілі cирек жәдігерлер көрмесін тамашалады. Ол Қожа Ахмет Ясауидің өмір жолы мен кесененің тарихынан сыр шертеді. Соның ішінде XIV ғасырдан бері сақталған қабірхананың ағаш есігі бар. Есік сүйекпен, қаңылтырмен және алтын жалатылған жазулармен безендірілген. Сондай-ақ куфа мен сулус үлгісіндегі араб мәтінімен өрнектелген.
Мәртебелі меймандарға Әмір Темірдің тапсырысымен жасалған қола шырағдандар, XV ғасырға тән аспалы қола кәндилдер мен айдаһар бейнесінде нақышталған қос құлақты шамдар көрсетілді.
Мемлекет басшысы: Түркістан – атажұртымыздың мызғымас темірқазығы
Көрменің ерекше сәулеттік элементі – кесене күмбезінің ұшар басында орналасқан көне кубба (мыстан жасалған).
Залдағы аса құнды жәдігердің бірі – XVIII-XIX ғасырларға жататын Қожа Ахмет Ясауи құлпытасының қабіржапқышы. Оның бедерлі ою-өрнектері діни символизмді, геометриялық композицияны, каллиграфияны ұштастырады. Орталық Азиядағы ислам мәдениетінде қабіржапқыш рухани құрметтің белгісі саналады.
Еске сала кетейік, Түркістанда Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті өтті. Саммит алдында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы бауырластық байланыс және рухани ынтымақтастық нышаны ретінде Түркістанда бой көтерген мешітпен танысты.