• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Парламент 28 Қараша, 2017

«Жаңа жаһан­дық болмыстағы Қазақ­станның жаңғыру моделі» атты парла­менттік конференция өтті

702 рет
көрсетілді

Кеше Парламент Мә­жі­лісі мен Сыртқы істер министрлігінің ұйым­дас­тыруымен «Қазақстан Рес­публикасының Тұң­ғыш Президенті» күніне арналған «Жаңа жаһан­дық болмыстағы Қазақ­станның жаңғыру моделі» атты халықаралық парла­менттік конференция болып өтті.

Оның жұмысына Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин, Әзербайжан Республикасы Милли Меджлисі төрағасының орынбасары Валех Алескеров, Болгария Республикасы Халық жиналысы төрағасының орынбасары Ва­ле­ри Жаблянов, Мажарстан Мем­лекеттік Жиналысы төр­аға­сының орынбасары Тамаш Шней­дер, Ресей Мемлекеттік Дума­сы төрағасының орынбасары Сер­гей Неверов, Түркия Респуб­ликасы Ұлы Ұлттық Жина­лысы төрағасының орынбасары Ахмет Айдын, БҰҰ-ның Қазақстан Рес­пуб­ликасындағы Тұрақты үйлес­тірушісі Норимаса Шимомура, со­ны­мен қатар Сыртқы істер ми­нистрі Қайрат Әбдірахманов, Ұлт­тық экономика министрі Ти­мур Сүлейменов пен Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәу­рен Абаев, Қазақстан Парла­мен­тінің депутаттары, 15 шетелдік парламенттердің депутаттары, дипломаттық корпус өкілдері, сарапшылыр, экономика және саясат мамандары және т.б. қатысты.

Конференцияның пленарлық отырысын Мәжілістің Халық­аралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев ашып, жүргізіп отырды. Тұңғыш Президент күнінің қарсаңында осындай форум өткізу дәстүрге айналып келеді, деп бастады ол өзінің сөзін. Биылғы конференцияның мақсаты Президент Н.Назарбаевтың Қа­зақ­стан экономикасының дамуы мен халықтың әл-қуатының ны­ғаюын көздеген жаңғыру моделін қазақстандық және шетелдік сарапшылармен, саясаткерлермен, мамандармен бірлесіп талқылау, дей келіп, олар Президенттің «Қа­зақ­станның үшінші жаңғы­руы: жаһандық бәсекеге қабі­лет­тілік» атты Жолдауында жә­не «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» атты бағдарламалық мақаласында айтылғанын еске салды. Сонымен бірге ол бүгінгі талқылаулардың мазмұнды әрі нәтижелі боларына сенім білдірді.

Одан әрі сөз Парламент Мә­жілісінің Төрағасы Нұрлан Нығ­матулинге берілді.

Ол бұл конференцияның Тұң­ғыш Президент күні қарсаңында жыл сайын өтетін дәстүрлі жә­не өте маңызды шара екенін, өйт­кені біздің еліміз жеткен табыс­тар мен болашақ жоспарлар, тек қана Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың атымен байланысты екенін атап өтті. «Елбасының дана саясатының арқасында кең-байтақ қазақ жері татулықтың үлгісіне айналып, дамудың «қазақстандық жолы» қа­лыптасты. Осы жолда Пар­ламент әрқашанда Елбасының сенімді тірегі болып келеді. Енді тәуелсіз еліміз дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Ол – Қазақстанның үшінші жаңғыруы. Бұл – біздің мемлекетіміз үшін заман талабына сай өсудің басты бағыты, сонымен бірге алға қойған ұлы мақсаттарға жетудің кепілі», – деді Н.Нығматулин. Сондай-ақ Мәжіліс Төрағасы бүгінгі кез­де­судің қызықты және пайдалы боларына сенім білдіре отырып: «Бүгінгі конференцияның тақырыбы кездейсоқ алынған жоқ. Қазіргі таңдағы экономиканың дамуы үшін жаңаша көзқарас керек. Қалыптасқан қазіргі жағ­дай әлемдік экономиканың, геосаяси дамудың, әлеуметтік транс­формацияның мүлдем жаңа тәр­тіптерін талап етеді. Жаңадан ойлап табылып, іске қосылып жатқан технологиялардың өсімі жыл сайын геометриялық прогрессияға тең жағдайда. Президент Н.Назарбаев өзінің бір сөзінде осыған баға бере келіп, жаңғыртуды енгізу жылдарға емес, минуттарға есеп­телуі керек деген еді. Әлемдік да­му көшінен қалмаймын деген әрбір ел өмірдің талабына орай жаңаланып, жаңғырып оты­руы керек. Міне, сондықтан да Нұрсұлтан Назарбаев өзінің үшін­ші жаңғырту бағдарын жасап, Үкіметтің алдына оны іске асыру міндеттерін қойды», – деді.

Спикер өзінің сөзінде КСРО құлағаннан кейінгі Қазақстанның аса қиын экономикалық жағ­дайын еске ала келіп, Президент Н.Назарбаевтың басшылығымен на­рықтық қатынастардың қалай құрылғанын, мемлекеттік және қоғамдық басқару институт­та­рының қалай түзілгенін айтып өтті. Одан әрі Қазақстанның бүгінгі қол жеткізген табыстарын, соның ішінде халықаралық беделінің әлемдік қоғамдастықта әбден мойындалғанын айтып өтті. Сөзінің соңында ол үшінші жаңғыруды табысты іске асыру үшін Қазақстанда барлық жағдай бар екенін айта келіп, соның ішінде сапалы адами капиталдың да мүмкіншіліктері зор екенін атап өтті.

Сыртқы істер ми­нис­трі Қайрат Әбдірахманов халықаралық кездесулердің барысында көршілес елдер мен әлемнің басқа түпкірлерінен де Қазақстанның даму үлгісіне, жаңғыру моделіне деген шынайы қызығушылықтың бар екенін және оның ұдайы өсіп келе жатқанын нық сеніммен айтуға толық негіз бар екенін атап көрсетті. Оның айтуынша, бүгінгі таңда тәуелсіз Отанымыз әлемге өзінің баян­ды саяси тұрақтылығымен, ке­шенді экономикалық дамуымен, бай мәдениетімен кеңінен таны­мал. «БҰҰ Қауіпсіздік Кеңе­сіне мүше болып сайландық. Си­рия­дағы қанды жанжалды рет­теу жөнінде «Астана процесін» қабылдаудамыз. Аса өзекті «Бо­лашақ энергиясы» тақыры­бын­да ЭКСПО-2017 халық­а­ралық көр­месін өткіздік. Осын­дай қомақ­ты табыстарымыз Қазақ­стан­ның әлемдік арена­да өзінің лайық­ты орын тапқа­нын көр­сетеді. Осы­ның бәрі, әрине, Қа­зақ­станның көп­эт­носты халқының ерен еңбе­гі мен Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы көш­бас­шылығының арқасы», деді ол.

Қ.Әбдірахманов одан әрі Қа­зақстанның биылғы дамуына Елбасы Н.Назарбаевтың билік тар­мақтарының өкілеттіктерін қайта бөлу, Қазақстанның үшін­ші жаңғыруы және «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы сияқты үш жаңа стратегиялық міндеттері қуатты серпін бергенін атап өтті. «Ал елдің сыртқы істер қызметі осы стратегиялық міндеттерді әлем­дік қоғамдастыққа белсенді түр­де кеңінен таратып отырды. Бұл жұмыста Парламент депу­тат­тарының да айтарлықтай үлесі бар екенін айтуға тиіспін», дей келіп министр одан әрі Қазақстан экономикасына тәуелсіздік жылдары құйылған барлық инвестиция көлемі 260 млрд АҚШ долларына жеткенін айтты. Соның ішінде үстіміздегі жылдың алғашқы жартысында былтырғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда ол 8,6 пайызға артып, 10,5 млрд доллар болыпты. Бұл істе де қолайлы заңнамалық жағдай туғызған парламентшілердің белсенді қызметтері аталып өтті.

Президенттің жаңғыру бағ­дар­ламасының аясында сыртқы саясат ведомствосының алдағы міндеттері туралы айтқанда Қайрат Әбдірахманов Орталық Азия аймағындағы елдермен дәстүрлі достық пен туысқандық қатынастарды одан әрі дамыту мақсаты алда тұрғанын атады. Алдымыздағы жылдың науры­зында Елбасының төрағалық етуі­мен орталықазиялық көшбас­шылардың көп жылдардан кейінгі Қазақстандағы кездесуі болады, деді ол. Сонымен қатар БҰҰ Қа­уіп­сіздік Кеңесіндегі тұрақты емес мүшелік жұмысы жалғасып, қаң­тар айында осы беделді ұйым­ға Қазақстанның төрағалық етуіне дайындық жүргізіліп жат­қаны жеткізілді. Сонымен бірге ол 2018 жылы Астанада Әлем­дік және дәстүрлі діндер көш­бас­шыларының кезекті VI съезі болатынын атап өтті.

Форумға арнайы келген Ресей Федерациясы Федералды Жи­налысы Мемлекеттік Думасы Төрағасының орынбасары Сер­гей Неверов биыл Қазақстан мен Ресейдің дипломатиялық қаты­насына 25 жыл толғанын, бүгінде екі ел сенімді дос, стратегиялық әріп­теске айналғанын атап өтті. Бұл қос ел президенттерінің бір-бірімен үндес сындарлы көз­қарасының нәтижесі екендігіне және Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісімге дәл осы қазақ жерінде қол қойылғанына айрықша назар аударды.

Ал Түркия Республикасы Ұлы Ұлттық Жиналысы Төраға­сы­­ның орынбасары Ахмет Ай­дын Қазақстан мен Түркия ара­сын­дағы байланыстар терең мәде­ни әрі бауырластық қа­рым-қа­тынасқа негізделгенін, екі ел пре­зиденттерінің жиі қа­рым-қа­тынасы қос мемлекет арасын­дағы ынтымақтастықтың тереңдігін көрсететінін сөз етті. Мажарстан Мемлекеттік Жиналысы Төрағасының орынбасары Тамаш Шнейдер: «Бұл менің Қазақстанға алғаш келуім емес. Мен өңірлерде де болдым. Маған xалықтың көңіл-күйі мен ертеңге деген сенімі ұнайды. Бұл – әрине, Нұрсұлтан Назарбаевтың 27 жылдағы еңбегі. Кеңес Ода­ғы ыдыраған тұста xалықты бірік­тіріп, осы жылдар ішінде елді ғана емес, xалықтың санасын жаң­ғыртудағы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегін бүгінде әлемдік қоғамдастық танып, біліп, қолдап та отыр», деді.

Маңызды шарада, сондай-ақ Болгария Республикасы Х­алық Жиналысы Төрағасының орын­басары Валери Жаблянов, Әзер­байжан Республикасы Мил­ли Мед­жлисі төрағасының орын­басары Валех Алескеров, БҰҰ-ның Қазақ­­стандағы Тұ­рақты үй­лес­тірушісі Норимаса Шимомура сөз алып, біздің еліміз­дің өзгеге ұқсамайтын өзіндік жаң­ғыру үлгісіне жан-жақты пікір білдірді.

Айта кетейік, конферен­ция барысында Мәжіліс Төр­ағасы Нұрлан Нығматулин бірқа­тар екі­жақты кездесулер өт­кізді. Мә­селен, Ресей Федера­ция­сы Фе­дералды Жиналысы Мем­ле­кет­тік Думасы Төрағасының орын­ба­сары Сергей Неверовпен кезде­суде Мәжіліс спикері әріпте­сін «Единая Россия» фракция­сы­ның жетекшілігіне сайлануы­мен құттықтап, бұл қазақстан­дық-ресейлік, соның ішінде, пар­ла­ментаралық ынтымақтастыққа тың серпін беретіндігіне сенім білдірді. Тараптар екі елде жүргізіліп жатқан реформаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуде, тәжірибе алмасудың маңыздылығына назар аударды.

Одан әрі Нұрлан Нығматулин Түркиядан, Мажарстаннан, Бол­гариядан, Әзербайжаннан келген әріптестерімен кездесіп, екіжақты ынтымақтастықты нығайтудың өзекті сұрақтарын талқылады.

Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»