Мемлекет басшысының атына Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің оқытушылары мен студенттерінен хат келіп түсті, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.
Хат иелері: «Биылғы оқу жылының басында бір топ студенттер мен оқытушылар Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасына бардық. Әлемдік тұлға тарихының сырсандығын ашып, ғажайып әлемге енгендей болдық. Сол сапардың әсерімен Сізге осы хатты жолдап отырмыз», – деп жазған.
Студент жастар Қазақстан Президентінің елорданы Астанаға көшіру жөніндегі идеясының ақталғанына ерекше тоқталып, сол қадам үшін кеуделерін мақтаныш сезімі кернейтінін атап өткен.
Осы орайда олар: «Есіңізде ме?.. 1997 жылдар... күні кеше тәуелсіздігіміздің тұмарына айналған Астананың көші ел көңілін алай-дүлей етіп еді... Сол мезетте ел ертеңі үшін Толағайдай арқаңызға артқан ауыр жүктің салмағын біз, бәлки, сөзбен бере алмаспыз. Бірақ, сезінеміз! Ызғарлы Сарыарқаның үскірігінен именбей, сардалаға көш бастаған Сіз де, Сізге сенім артып көш жалғаған Ел де жүректі екен. «Ел жүрегі жер ортасында болуы керек» деген халық нақылын енді ғана түсінгендейміз», – деп жазған.
Сондай-ақ Шәкәрім атындағы университеттің оқытушылары мен студенттері қазақ тілін латын қарпіне негізделген әліпбиге көшіру туралы шешімге қолдау білдіретіндерін айтқан. Бұған қатысты семейліктер: «Жарлығыңыз жастарға жан қуантар сый болды. Біз күні ертең латын графикасы халқымыздың өмірінің бір бөлшегіне айналатынына кәміл сенеміз. Ақылманы мейірімді болған жұртымыздың Атақазағы өзіңізсіз!», – деп атап өтілген.
Ыстық лебізін хатпен жолдағандар: Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің оқытушылары Қ.Әубәкірова және А.Жүндібаева, студенттері А.Қадырбаева, Б.Серіктай, Г.Құралбекова, Р.Бейсембекова, А.Смағұлов, Д.Жолдыбалинов, Е.Омарғали, Ә.Әбдешова, А.Кенжеғажиева, И.Түспекова, К.Ақпарова, Е.Қалдыбаев, Н.Бейсембаева, Т.Ақпаршаих, Д.Тұрғалиева, А.Мақсұтбек, Р.Өмірбаев, А.Жеңісқазин, Г.Жакина, Е.Құрманғажы, Е.Жасбаев, А.Калинкин, А.Өмірбаева, М.Қайырбеков және М.Урдашева.