• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
Қазақстан 28 Қараша, 2017

Түркі әлемінде рухани жаңғыру

597 рет
көрсетілді

Түбі бір түркі жұртының заман алдындағы міндеттері жыл озған сайын айқындалып келеді. Қарыштап дамыған технократтық уақытта жаһан көшінен қалмай ілесіп отырумен қатар, өткенге салауат айтып қана қоймай, мыңжылдықтардың қатпарында жатқан рухани мұраларды қатар бойға сіңіру мақсаты тұр.

Тарихтан тағылым ала білген тамырлас жұрттың ортақ рухани мұралары ағайын ұлттың бауырластық сезімін оятып, алға қойған межелі кезеңдерге бірге аяқ басып, қиындықтарды тізе қосып жеңіп, «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруға» мұрындық болып отыр.

Тұңғыш президент күніне орай Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада Түркі академиясы халықаралық ұйымының ұйытқы болуымен «Түркі әлемінде рухани жаңғыру: Тарих. Таным. Тұлға» атты конференция өтті. Жиын барысында «Аталар мирасы» атты мультимедиалық қор мен «Түркі барометрі» жобасы таныстырылды.

«Аталар мирасы»

Жиынға Қазақстанның және шетелдің ұлттық ғылым академиялары, іргелі ғылыми-зерттеу институттары мен дипломатиялық миссия басшылары, белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері мен түркітанушы ғалымдар қатысты.

«2015 жылы 11 қыркүйекте Астана қаласында өткен Түркі кеңесінің бесінші саммитінде Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев түгел түркінің рухани мұрасын жинап, насихаттайтын ортақ жоба бастауды тапсырған болатын. «Аталар мирасы» – сол тапсырма нәтижесінде жүзеге асқан іргелі жоба. Бұл жобаны жүзеге асырар алдында Түркі елдерінің академия басшыларымен, ғалымдарымен ақылдасқан болатынбыз. Әрине 100 томдық кітап шығару идеясы да айтылды. Бірақ қазіргі кезде кітап шығарудың тиімсіз жақтары да көп. Уақытты көп алады. Түркия елінің ұсынысы бойынша, портал ретінде іске асырдық. Бұл порталдың ерекшелігі біздің үш мыңжылдық тарихымызды бір жерден табуға мүмкіндік береді.

Елбасының «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы Қазақстанда ғана емес, түркі елдерінің бәрінде қызу талқыланып, жылы қабылданды. Латын әліпбиіне қатысты пікірлер де жақсы қабылданып, тарихи сананы жаңғырту бағдарламасы да қызығушылық тудырып отыр. «Аталар мирасы» түркі әлемінің рухани бірлігін күшейтіп, болашаққа бағдар сілтейтін іргелі жоба», деді жиынды ашқан Түркі академиясы басшысы Дархан Қыдырәлі.

Түркі академиясы тарапынан дайындалған мультимедиалық қорда әлемдегі түркітілдес халықтардың, ұлыстар мен этностық топтардың ежелгі заманнан бүгінге дейінгі рухани мұралары топтасқан олар жалпы мәлімет, ғылыми зерттеулері, түпнұсқалық транскрипциясы, аудармасы мен фотосуреті, факсимилесі қатар ұсынылып отыр. Портал ағылшын, қазақ, орыс және түрік тілдерінде дайындалған. Деректер тақырыбына қарай түркі халықтарының жазуы; Ежелгі жазба мұрасы; Көне түрік бітік жазулары; Халық қазынасы; Ортақ жазба әдебиет нұсқалары; Ұлттық әдебиет үлгілері; Археологиялық ескерткіштер; Этнографиялық жәдігерлер және газет-журналдар атты негізгі тоғыз бөлімге жинақталған.

Бұл жобаны көпшілікке тарихшы Нәпіл Бәзілхан таныстырды.

«Түркі барометрі»

«Түркі барометрі» сипаты жағынан Еуропа одағының «Еуробарометр» зерттеу бағдарламасы мен әлемнің өзге де аймақтарында жүргізілетін («Афробарометр», «Латынбарометр») зерттеулерге ұқсас жоба.

2004 жылдан бері посткеңестік кеңістікте Еуразиялық мониторинг жүргізілетіні мәлім. Ал Еуразиялық даму банкі 2012 жылдан бастап ТМД елдері аумағында «Интеграциялық барометр» жүргізіп келеді.

Зерттеу жобасының негізгі мақсаты – түркі мемлекеттері тұрғындарының Түркі кеңесі тарапынан жүргізілетін интеграциялық процестерге қатысты әлеуметтік көңіл-күйлерін, экономикалық, мәдени аспектілерге байланысты ой-пікірлерін зерттеп білу. Тарқатып айтқанда, түркі мемлекеттерінің негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін екшеу және халықтар арасындағы ынтымақтастық үшін оңтайлы тұстарын бағамдау. Алғашқы әлеуметтік зерттеу Әзербайжан, Қазақстан, Қыр­ғызстан, Өзбекстан, Түркия мен Түрік­менстан астаналарының тұрғындары арасында жүргізілген.

«Әр елден 500 респондент сұрақтарға жауап берді. Біз «Қоғамдық пікір» институтын таңдағанымыз бұл мекеменің бұған дейін де осындай жобаларды іске асырғанын білеміз. Сондықтан сұрақтарды бірге дайын­дадық. Алты ай сайын осы барометрдің нәтижесін, жылына бір рет қорытындысын шығарып отырамыз.

Осы портал арқылы біз түркі әлемінің ахуалын, бір-бірімізге деген көзқарастарды біле аламыз. Кемшін тұстар мен артықшы­лық­та­рымызды ортаға салатын боламыз», деді Дархан Қыдырәлі.

Академия тапсырмасымен «Қоғамдық пікір» ғылыми-зерттеу институты жүргізген бұл жо­баны институт жетекшісі Ботагөз Ракишева таныстырды. Оның айтуынша, «Түркі ба­ро­метрі» келешекте Түркі әлеміндегі мемлекет­аралық әлеуметтік зерттеулердің тұрақты жүйесіне айналады.

Айта кету керек, сауалдама нәтижесінде түркі елдерінде ең танымал адам Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев болды. Түркі әлемінде маңызды тұлғалардың қатарында аты көп аталған Елбасының танымалдығын сарапшылар әлемдік саясаттағы беделімен байланыстырады.

Сонымен қатар түрік әншісі Таркан мен қазақ әншісі Қайрат Нұртас та түркі дүниесінде танымалдыққа ие болып шықты. Өкініштісі, жазушылардан көп ешкімнің аты аталмады. Тек Шыңғыс Айтматов пен Мұхтар Әуезовтің есімі көпшілікке таныс болып шықты. Бұл да қазіргі түркі дүниесінің рухани хәлін аңғартса керек.

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»