• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 28 Қараша, 2017

Дала пирамидасы

1411 рет
көрсетілді

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы сөз жоқ халықтың өткеніне үңіліп, шынайы тарихын іздеуіне түрткі болды. Біздің Қарағанды облысы Шет ауданында бұл бағытта көрнекті жұмыстар атқарылу үстінде. Бұған біраз жылдарды қамтыған «Мәдени мұра» бағдарламасының жасалуы да көп көмегін тигізді.

Аталмыш бағдарламаға сәйкес тарихи және мәдени ескерткіштер түгенденді, артында өнегелі істері мен ерлік даңқы қалған тұлғалардың жерленген орындары анықталып, бастары жаңғыртылды, ескерткіш белгілер қойылды. Осы қатардан ерекше орын алатын оқиға Талды ауыл­­дық­ округінің аумағынан са­ты­лан­ған пирамиданың табылуы болды. Талды өзенінің бір сала­сы Қаражартастың бойы­нан 2015 жылы археолог, тарих ғылымдарының кандидаты Игорь Кукушкин ашқан, кейінгі қола дәуіріне жататын бұл құрылыс топырақ астында жақсы сақталған.

Бұдан шамамен үш жарым мың жылдай бұрын тастан салынған құрылыс үстін ғасырлар өте жер басып, шөп өсіп төмпешікке (қорғанға) айналған. Евней Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті тарих факультетінің студент­тері екі маусым бойы ең­бек­теніп, биылғы жазда алма­ты­лық археолог Арман Бейсе­новтің «Бе­газы-Тасмола» серік­тесті­гімен бірлесіп, құрылысты то­пырақ­тан аршып, құлағанын қалап, маңын тазалап әуелгі қалпына келтірген.

Қазір ма­ңайы қоршалып, мәрмәрдан ескерткіштің паспорты орна­тылған, Табаны 15х15 метр, биіктігі 3-4 метрлік пирамида монолитті құрылым. Еш­қан­­­дай қуыс немесе қабірге ұқ­­сай­тын белгі, нышан жоқ. Есе­­сіне маңайы толған ескі, жата­ған тас молалар. Құрылыс қорым басында жоралғы салтын өткізу үшін салынған сияқ­ты, өйткені ең үсті 4х4 метр, жал­пақ плита тастар төселген тегіс­ алаңқай.

Төменгі қабатты жағалай тіке­сінен тік қойылған қырық­қа жуық үлкенді-кішілі жалпақ тастар сүйеулі тұр. Пирамиданы айнала төсел­ген тас жолды реставраторлар жасапты. Құрылыстан 40-50 метр жер­­де үстін қараған, бұта бас­қан дұрыс пішінді екінші тө­бе қарая­ды. Қаржыландыру оңтайлы шешілсе, археологтар оны да қазбақшы ниетте.

Пирамиданың айнала­сын­дағы молалардың біразын қа­зып зерттеген архео­логтар олар­дың көпшілігінің ер­­те замандарда тоналып кет­кен­ді­гіне көз жеткізген. Қайсы­бірінен адамның сүйектері, қыш ыдыстардың сынығы, жебе ұштары шыққан. Қола пышақ, біз, ине, сияқты аспаптар табылған. Сақ дәуірінен де ілгері заманға жататын мұн­дай молалар аудан жерінде жиі кездеседі. Әдетте олар жал­­­пақ плита тастардан қорап тү­рін­де жасалады да ішіне, мәйіттің жанына ер адам болса, қару-жарағы қойылады, әйел адамдар әшекей заттарымен жерленеді. Мұнда да сол типтес қорымдар.

Пирамиданың мәрмәр тақ­­та­ша­сына осыған орай «Қара­жартас қорымы» деп жазылған­. Алайда бұл атау келіңкіремей тұр. Мұндағы басты нысан пирамида болғандықтан екпін соған түсуі керек еді. Сондай-ақ­ «Қола дәуірі» деп жаза сал­май нақты деректер мен уақыт­тар көрсетіліп, бүкіл жазба үш тілде орындалса жөн сияқты.

Есте жоқ ескі заманда осын­дай құрылыс салып кеткен, біз­дің дәуірімізге дейінгі 1,5 мың жылдықта өмір сүрген адамдар көне сақтардың ата-бабалары «Андронов адамдарына» жататын сияқты деп топшылайды археолог-ғалым. Неғылса да Қаражартаста табылған құры­лыс, кезінде ұлы ғалым Әлкей Марғұлан ашып зерттеген Бе­газы-Дәндібай мәдениетімен (Ақтоғай ауданы) біртұтас, дәуірлес ескерткіштер. Біз­дер­­ге жеткен артефактілер,­ ма­­­те­­риалдық мұралар мен пе­­тро­глифтер (тастағы су­рет­­тері) сол заманда өмір сүр­ген адамдардың жартылай оты­рықшы тайпалар болғанын көрсетеді. Және ол кездегі та­би­ғат әлдеқайда бай болғанға ұқ­сайды.

Салыстыру үшін, көпшілікті дүр сілкіндірген атақты Берел қор­ға­нынан (Шығыс Қазақстан облысы) табылған, мәңгі тоң жағдайында жақсы сақталған адамдар мен жылқылардың мә­йіт­тері, тұтынған заттары мен­ төсеген киіздері, киген киім­­­деріне қарап, олардың біз­­ сөз етіп отырған пирамида­ салу­шылардан кем дегенде 500-1000 жылдан кейін өмір сүргені анықталған. Олар нағыз көшпелі сақтар болған.

Сараптай келгенде осы та­ма­ша құрылысты салған адам­дардың біздің ата-бабаларымыз екені сөзсіз. Даламыздан табылған, бұ­рын-соңды ел аумағында кездеспеген пирамидаға деген қызығушылық күн санап артып келеді. Бүгінде ол ауданның киелі жерлерінің тізіміне енгі­зіл­ген.

Өкінішке қарай осы кие­лі жерге жету оңай емес. Алма­ты–Қарағанды автотрассасынан небәрі 32 шақырым жер­де тұрған пирамидаға қа­рай апаратын Нұраталды–Ақ­шо­қы көтерме жолы асфальт­тал­маған, ойқы-шойқы. Сол жол­дың бойындағы Талды ауылы­нан ескерткішке қарай 14 шақырым бұралаңдаған дала жолы.

Жуырда халықаралық «Нэшнл джио­график» бағдар­ла­ма­сынан арнайы топ келіп, екі күн жүріп, пирамиданы түсіріп кетті. Материалдарын жа­ңа жыл­дың басында жарық­қа шы­ғармақ, сөйтіп ғажайып мұрамызды әлемге танытпақ. Талды ауылдық округінің әкі­мі Боранбай Төлеуовтің ай­­­туын­ша, осынау тарихи ес­­­­керт­­­­­кішті іздеп келушілер са­ны көбейе түскен. Жолын біл­мейтін болғандықтан оларды өзіміз ертіп жүруге мәжбүрміз дейді.

Шынында осыған байла­ныс­ты туризм кластерін дамыту тұрғысында үлкен жұ­мыс­тар туындайды. Әуелі пи­ра­мидаға апаратын жол салуды, туристерді қабылдайтын жағ­дайлар жасауды мықтап қолға алу қажет-ақ. Әрі қарай 30-35 шақырым жерде Бегазы-Дәндібай ескерт­кіш­тері де «мен мұндалап» тұр.

 

Ертай ЖӘНІБЕКОВ

Қарағанды облысы