• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Әлем 28 Қараша, 2017

Мысырдағы террорлық оқиға: ИГИЛ қайта күшіне енді ме?

694 рет
көрсетілді

Өткен жұмада Египеттің Бир әл-Абд қаласындағы әл-Рауда мешітінде жұма намазы кезінде 25-30 адамнан тұратын қаруланған топ ғибадат жасаушы бейбіт тұрғындарға оқ жаудырып, салдарынан 305 адам көз жұмып, 128 адам жарақат алған. Мешітке пулеметпен қаруланған қылмыскерлер бес бірдей жол таңдамайтын көлікпен келіп, мешіттің алдын және өзге кірістерін бақылауға алған. Шабуылдан аман қалған адамдардың айтуынша, терроршылар оқ боратпас бұрын қатты жарылыс болған. Одан кейін беттерін тұмшалаған, сақалы мен шаштары ұзын қаруланған топ мешіттегі адамдарға оқты қарша боратқан. Ресми деректерге сәйкес, кем дегенде бір қылмыскер мешітке ИГИЛ туын желбіретіп кірген.  

Биліктің реакциясы

Жұма күні кешке телеарналардан Египет президенті Әбдел Фаттаһ әс-Сиси террорлық шабуылды қатаң айыптайтын ресми мәлімдеме жасады. Ол қандықол қылмыскерлер  «жазасыз қалмайды» және оларға әуе шабуылы мен «жойқын күш» арқылы жауап береміз деп атап өтті. Сонымен қатар, президент әс-Сиси қайғылы оқиға байланысты елдегі «қаралы күн» үш тәулікке созылатын жариялады.

Египет әскерінің ресми өкілі Тамер Рифайдың өткен сенбідегі мәлімдемесіне сәйкес, мысырлық әскерилер күдікті терроршылар мінген бірнеше жол таңдамайтын көліктерге әуеден соққы беріп, олардың түгелдей көзін жойған. «Египеттің әуе күші терроршыларды ізіне түсе отырып, қанды шабуылды ұйымдастырушылар мінген бірнеше көлікті анықтады және оларды жермен жексен етті. Көлік ішіндегі терроршылардың бірін қалдырмай олардың көздерін жойды», деп көрсетілген ресми өкіл Рифайдың таратқан мәлімдемесінде.

«Синай» антитеррорлық кампаниясы

Америкалық Fox News-тің айтуынша, 2013 жылы әскери төңкеріс нәтижесінде билікке генерал Әбдел Фаттаһ әс-Сиси келгелі бері Синай түбегінде қантөгіс пен қарсылық акциялары арта түскен. Мохаммад Сабри атты мысырлық журналистке сілтеме жасай отырып, Fox News биліктің терроризмге қарсы күресті бірнеше жылдар бойы дұрыс жүргізбеген деп жазады.  Елдегі терроршылармен белсенді күресті желеу етіп, мысырлық әскердің жергілікті тұрғындардың құқықтарын шектеп, оларға қатыгездік танытып келген. Сонымен қатар, әс-Сиси мырзаның терроризмге қарсы күресте барлаушылық қызметтің қолдауына сүйене алмауы және бәдәуин мен түбектегі өзге де тайпалардың биліктің қатыгез іс-қимылдарынан көңілдерінің қалуы себепті ел әскерінің жақын арада табысты болуы екіталай. Осылайша, ИГИЛ-дің Синай түбегінде шабуыл ұйымдастыруы жергілікті халықтың зәресін ұшырып қана қоймай, олардың биліктің осы уақытқа дейін жихадшыларға қарсы күресінің тиімділігі туралы күдіктерін арттыра түсуі әбден мүмкін. Fox News-тің журналисті Жудитс Миллердің пікірін The Guardian басылымы редакторының орынбасары Симон Тисдалл да қостайды.

«ИГИЛ-дің ісі» ме?

Әзірше ешбір террористік ұйым шабуылды өз мойнына алған жоқ. Жақында президент әс-Сиси Ирак пен Сириядан қашып шыққан ИГИЛ жауынгерлерінің Египеттен пана іздеуі мүмкін екендігін айтып, алаңдаушылық білдірген. Кейбір сарапшылар аталған шабуылды ИГИЛ ұйымдастыру әбден мүмкін екендігін айтуда. Мәселен, Таяу Шығыс саясаты бойынша Тахрир инстиутының зерттеушісі Тимоти Калдас CNN-ге берген сұхбатында ИГИЛ-дің шабуылды ұйымдастыруда екі мақсатты көздеуі мүмкін екендігін атап өткен. Біріншіден, ИГИЛ сопыларды кәпір деп есептейтіндіктен, олардың мешіттерін шабуылдауды «заңдылық» санайды. Екіншіден, ИГИЛ аймақтағы Сауарках тайпасының египет билігімен бірге террористік ұйымның ұяшығы саналатын Уәллиат Синай тобына қарсы күрескендігі үшін кек алуды көздеуі мүмкін.

Ал Al Jazeera ақпарат агенттігімен бөліскен пікірінде Калдас мырза қайғылы оқиғаның ИГИЛ-дің бұған дейін жасаған шабуылдарына өте ұқсас екендігін атап өткен. «Егер ИГИЛ-дің Египеттегі христиан қауымына қарсы жасаған соңғы жылдардағы қанды шабуылдарын алып қарасақ, ұйымның бейбіт тұрғындарды нысанаға алуға ұмтылатынын көреміз», дейді зерттеуші Калдас. Сондай-ақ Independent басылымының хабарлауынша, Синай түбегі бойынша сарапшы Моханнад Сабри де шабуылды ИГИЛ ұйымдастырды деген пікірді ұстанады. Оның ойынша, «Әрбір белгі Синайдағы ИГИЛ-дің қолтаңбасынан хабар береді. Өйткені ИГИЛ соңғы бірнеше жыл бойы Синайдағы сопылар қауымына қастандық жасап, олардың ықпалды рухани ұстаздарын өлтірген».

Халықаралық қауымдастықтың реакциясы

Жұма күні АҚШ президенті Дональд Трамп Твиттерде террорлық оқиғаны «жан түршігерлік» және «қорқақтың ісі» деп айыптап, «әлем терроризмге төзімдік көрсете алмайды және біз оны әскери күшпен қарсы тұру керекпіз», деп жазды. Сондай-ақ Ұлыбританияның премьер-министрі Тереза Мэй Египет президенті әс-Сиси мырзамен телефон арқылы сөйлесіп, оған Ұлыбританияның «қанды шабуылдан кейін Мысырға қол ұшын созу үшін бар мүмкіндікті пайдалануға дайын» екенін жеткізген. Ресей президенті Владимир Путиннің көңіл айту хатында «Адамдарды ғибадат жасау кезінде өлтіру–қатыгездік пен арсыздықтың шектен шыққан түрі», делінген.

Қайғылы оқиғаға байланысты Қазақстан президенті Н. Назарбаев та көңіл айту жеделхатын жолдап, онда «қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге қарсы күресте Қазақстан Мысырмен ынтымақтастықты жалғастыруға әрқашан дайын», деп жазылған. Ал ҚР Сыртқы істер министрлігі Мысырдағы террористік әрекетке байланысты мәлімдемесінде оқиғаны қатаң айыптап, БҰҰ аясында Ғаламдық контртеррористік коалиция құруды және Халықаралық терроризм жөніндегі жалпыға ортақ конвенцияны жедел түрде қабылдауға шақырған.

Шалқар НҰРСЕЙІТ

«Егемен Қазақстан»