Мемлекет пайдасына полиция инспекторы 1 млн 361 мың 400 тенге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді.
Жол ережесін бұзған көлік жүргізушісі де жауапкершіліктен құтыла алмады, оған салынған айыппұл – 453 800 теңге. Сот тарапынан сыйақы беру және алу дерегі бойынша, жол сақшысы және көлік жүргізушісін бірдей жауапқа тарту бұрын соңды облыс көлемінде болмаған жағдай. Бұл туралы редакция тілшісіне Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті мәлімдеді.
Оқиға былай болған. Биыл 1 тамыз күні сағат 16:40 шамасында Маңғыстау облысы ІІД Жергілікті полиция қызметі жол-патрульдік қызметінің инспекторы Т.Бақытов, «Ақтау-Қаламқас» тас жолының 97 шақырымында азамат С.Қыдырбаевтың басқаруындағы жүк көлігін тоқтатып, құжаттарын тексерген. Алайда көлік жүргізушісінің құжаттары толық болмай шыққан, сол кезде азамат С.Қыдырбаев жол сақшысына 1000 теңге көлемінде заңсыз сыйақы берген.
Бұл деректі Маңғыстау облысы ішкі істер департаменті өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері анықтап, жол инспекторының үстінен қылмыстық іс қозғау үшін өндіріс ашып, облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросына жолдайды. Алайда Ұлттық бюро тарапы полиция қызметкерін қылмыстық жауапқа тарту туралы өндіріс қозғамаған, себебі заңсыз сыйақы мөлшері екі айлық есептік көрсеткіш мөлшерінен аспаған. Сол себепті жол сақшысын және көлік жүргізушісін әкімшілік жауапқа тарту үшін, қозғалған әкімшілік іс Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Маңғыстау облысы бойынша департаментіне жолдаған.
Өз кезегінде көлік жүргізген азамат С.Қыдырбаев өзінің заңсыз әрекетін әкімшілік жазадан құтылу үшін осындай әрекетке барғанын айтып түсіндіріп, 1000 теңге көлемінде заңсыз сыйақыны полиция қызметкерге ұсынғанын айтқан. Ал заңсыз сыйақы алған жол сақшысы болса, ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 677 бабын бұзды деп айыпталды. Нәтижесінде, сот қаулысына сәйкес полиция инспекторы 600 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде мемлекет пайдасына айыппұл төлеуге міндеттелді.
«Соттың екі жақты бірдей жауапкершілікке тартып, осындай ірі мөлшерде айыппұл салуы Маңғыстау облысында болған бірінші жағдай. Яғни, полиция қызметкеріне салынған 1 млн. 400 мың теңгеге жуық айыппұл аз емес. Ал көлік жүргізушісі болса 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 453 800 теңге айыппұл төлейтін болды. Бұл Түпқараған аудандық мамандандырылған әкімшілік сотының қаулысы. Заң барлығына ортақ. Сол себепті жол ережесін қатаң сақтап жүруге барлығымыз міндетті екенімізді еске салғым келеді және бұл жағдай басқаларға сабақ болар деген үміттеміз», дейді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы Нұргүл Жанназарова.
Тараптар қаулыға он күн ішінде Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істері жөніндегі сот алқасына шағым немесе өтініш бере алады.
Сондай-ақ, департамент басшысы агенттік тарапынан жолдарда сыбайлас жемқорлық әрекеттерін барынша төмендетуге бағытталған 10 қадам жоспары жасақталғанын айтады. Оның аясында, азаматтардың арыз-шағымдары қаралып, тиісті шаралар алынады. Ең бастысы сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқық бұзушылықтардың жолын кесу және алдын алу жұмыстары жүргізіледі.
Бұл ретте, департамент жанынан құрылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі мобильдік топтың атқарып жатқан жұмысы орасан. Оның құрамына мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінен бөлек, діни басқарма, үкіметтік емес ұйымдар, журналистер және «Нұр Отан» партиясының өкілдері кіреді.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы