Денсаулық сақтау министрі С.Қайырбекова Шығыс Қазақстан облысында болып, «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының өңірде қалай жүзеге асып жатқанын көріп қайтты.
Ол ең алдымен Өскемендегі бірқатар нысандарды аралап, облыс басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен селекторлық кеңеске қатысты. Мамандар аймақтың медицина саласында қордаланып қалған проблемаларды қызу талқылады.
Министр сондай-ақ, туберкулезге қарсы облыстық диспансерде болды. Ведомство басшысымен кездесуге Аягөз кенті мен Жаңа Қанай ауылының құрт ауруымен күрес бөлімшелерінің бас дәрігерлері де шақыртылған. Бұл екі мекеменің әбден тозығы жеткен. Кездесуде Жаңа Қанайдағы 250 орындық туберкулез бөлімшесін күрделі жөндеу қажеттігі айтылды. Аягөзде де осындай жағдай. Мамандар министрге туберкулезге қарсы облыстық диспансердің бүгінгі жай-күйін көрсетті. Ғимарат санитарлық нормаларға сай емес. Қираудың аз-ақ алдында тұр. Кездесуде жалпы аурухана құрылысын қолға алу мәселесі де сөз болды. ШҚО денсаулық сақтау басқармасының бастығы Ерлан Масалимов бұл жобаларға республикалық бюджеттен қаржы бөлінуі қажеттігін атап өтті.
Бұдан соң министр жедел жәрдем ауруханасының жақында қайта жарақталған перзентханасында болды. Жедел жәрдем ауруханасына тиесілі бұл ғимарат сонау 1956 жылы салынған. Ол да ешбір санитарлық нормаларға сай келмейді. Жөндеуді қажет етеді. Медициналық мекеменің автокөлік паркін де жаңарту керек. Сонымен бірге, облыс орталығындағы 300 орынға арналған көпсалалы аурухананың құрылысын да жеделдету қажеттігі айтылды.
Ведомство басшысы сондай-ақ, онкологиялық диспансерде, жаңадан салынған сәуле терапиясы және диагностика орталығында болды. Бұдан соң облыстық ауруханада жүргізілген жөндеу жұмыстарын көріп, осындағы кардиохирургия бөлімшесінің жұмысымен танысты. Сондай-ақ, ол құрылысы ұзаққа созылып кеткен Қан құю орталығының бүгінгі жай-күйімен де танысып шықты.
Ана мен бала орталығында аналар және сәбилер проблемасы талқыланды. Соңғы жылдары Өскеменде бала туу көрсеткіші өсіп келеді. Қазір бүлдіршіндердің қарасы 51915-ке жетті. Демек, сәбилерге арналған 200 орындық балалар ауруханасын салуға зәрулік бар. Оның жобасы дайындалып жатыр.
Ана мен бала орталығында өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалық етуімен селекторлық кеңес өтті. Жиында Шығыс өңірдегі денсаулық сақтау саласының бүгінгі ахуалы мен келешегі талқыға түсті. Осы сапары барысында министр Семей қаласында болды. Онда «өңірлік онкологиялық диспансердің, «Радиациялық медицина және экология ғылыми-зерттеу институты» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының, перинатальдық орталықтың жұмысымен танысқан ол мұнда атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға берді.
Әрине, бұл өңірде де шешімін табуға тиіс мәселелер шаш-етектен десек, оның бәрі Семей диагностикалық орталығының конференция залында қала дәрігерлерімен өткен қорытынды кездесуде кеңінен сөз болды.
Оңдасын ЕЛУБАЙ.
Шығыс Қазақстан облысы.