Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Үкімет мүшелері бірауыздан Қазақстанның 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарын қолдап, Мемлекет басшысының қарауына жіберді.
Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтың айтуынша, Стратегиялық жоспардың басты мақсаты — 2025 жылға дейін сапалы әрі табысты экономика өсімін қамтамасыз ету, ЭЫДҰ-ға мүше елдермен салыстыруға келетін өмір сүру деңгейіне жету. Жобаға сәйкес, жылына кем дегенде 4,5-5% деңгейінде экономика өсіміне қол жеткізу жоспарланып отыр, бұл Қазақстанға жан басына шаққандағы ЖІӨ өсім деңгейін 2025 жылға қарай 46 100 $ (СҚТ бойынша) дейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Т. Сүлейменовтың айтуынша, құжат жобасы түрлі деңгейде талқылаудың төрт кезеңінен өтті, соның ішінде халықаралық ұйымдардың сараптамалық бағалауы да бар.
Мәселені қарау қорытындысы бойынша, Стратегиялық жоспар жобасын ҚР Үкіметінің мүшелері бірауыздан қолдап, Мемлекет басшысының қарауына жіберді.
Бақытжан Сағынтаев бұның өте маңызды құжат екенін атап өтті. Жоба Астана мен Алматының түрлі алаңдарында қаралды. Соңғы талқылау отандық сарапшылардың қатысуымен кеше өткізілді.
«Мемлекет басшысының биылғы Жолдауындағы тапсырмасына сәйкес, экономикалық өсімнің жаңа моделін құруды және халықтың әл-ауқатын жақсартуды көздейтін құжат әзірленді. Аталған құжат еліміздің негізгі стратегиялық құжаты – «Қазақстан-2050»-ді іске асыруға бағытталған. Мақсат – 30 озық дамыған ел қатарына қосылу», — деді Б. Сағынтаев.
Осыған орай, жұртшылыққа дұрыс әрі түсінікті тілмен аталған стратегиялық құжаттың мәнін түсіндіру қажет. Бақытжан Сағынтаев ұлттық экономика министрлігіне ақпарат және коммуникациялар министрлігімен, өзге де мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп тиісті жұмысты қолға алуды тапсырды.