• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
Қазақстан 28 Қараша, 2017

Астанада «Бірегейлік пен бірлік: Қазақстан жолы және Н.Назарбаевтың үлгісі» атты конференция өтті

479 рет
көрсетілді

Елбасы кітапханасында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне және елорданы Астанаға көшірудің 20 жылдығына орай «Бірегейлік пен бірлік: Қазақстан жолы және Н.Назарбаевтың үлгісі» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.

Жиынға Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев, «Рухани келісім конгресі» халықаралық қоғамдық қорының президенті Төлеген Мұхамеджанов қатысты.

Конференцияның пленарлық сессиясында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Әмірхан Рахымжанов жиынға қатысушыларға Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың құттықтау хатын оқып берді.

«Ұлттық бірегейлікті сақтау және нығайту – көп қырлы әрі жауапты міндет. Оны лайықты деңгейде іске асыру жаһандық өзгерістер заманындағы тұрақты дамудың кепілі болып табылады. Тәуелсіздік жылдары Қазақстан ұлттық бірегейлік пен қоғам бірлігін арттырудың өзіндік моделін қалыптастырды. Бұл – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тікелей байланысты», делінген Мемлекеттік хатшының хатында.

Сонымен қатар, Дін істері және азаматтық қоғам министрі Н. Ермекбаев конференцияға жиналғандарға арнап баяндама оқыды. Оның айтуынша, Елбасының тарихи шешімдері Қазақстанда конфессияаралық және қоғамдық келісімді насихаттайтын зайырлы мемлекет құруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, Ведомство басшысы Қазақстанда Ислам дінін қабылдаудың өзіндік моделі қалыптасқанын атап өтті.

«Қазақстандағы тұрақтылық пен келісімнің құпиясы неде? Оның жауабы – анық. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап, Елбасының барлық бастамалары қазақстандықтардың бірлігін нығайтуға бағытталды. Президент атап көрсеткендей, Қазақстанның тарихы бірлікті насихаттайды», деді Н.Ермекбаев.

Конференцияға гуманитарлық бағыттағы салаларда еңбек етіп жүрген еліміздің қоғам қайраткерлері мен ғалымдары, Германия, Үндістан, Иран, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінен келген сарапшылар қатысты. Жиынның мақсаты әлем елдеріндегі бірегейліктің қалыптасу мәселелерін қазақстандық тәжірибемен салыстыра отырып, этносаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық үлгісінің артықшылықтарын талқылау. Іргелі шара барысында Қазақстанның үшінші жаңғыруының міндеттері, рухани жаңғыру мен қоғамдық сана, бірегейлік мәселелері жан-жақты сөз болды.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»