• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
Қазақстан 28 Қараша, 2017

Профессор Әли Гасановтың кітабы қазақ тіліне аударылды

410 рет
көрсетілді

Түркі академиясы халықаралық ұйымында Әзербайжан Республикасы президентінің қоғамдық-саяси мәселелер бойынша көмекшісі, профессор Әли Гасановтың қазақ тіліне аударылған «Каспий-Қара теңіз бассейні және Оңтүстік Кавказдың геоэкономикасы: Әзербайжанның энергетикалық саясаты» кітабының таныстырылымы өтті.

Академия басшысы Дархан Қыдырәлі жүргізген салтанатты шараға Әзербайжан Республикасының Қазақстандағы елшісі Рашад Маммадов, Әзербайжан Ұлттық Мәжілісінің (Милли Межлис) депутаты Эльман Насиров, Түркі кеңесі Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Әділ Ахметов және Қазақстандағы Әзербайжан этномәдени орталығының төрағасы Әбілфас Хамедов қатысты. Сонымен бірге, жиында зиялы қауым өкілдері, көрнекті ғалымдар мен Әзербайжаннан және Түркиядан келген танымал журналистер болды.

«Күні кеше Әзербайжан мен Қазақстанның дипломатиялық байланысына 25 жыл толғанын салтанатты түрде атап өттік. Сол шарада әзербайжандық қайраткерлер, депутаттар Қазақстан Президентінің Жарлығымен арнайы медальмен мараппатталды. Әзербайжан Республикасы мен Қазақстанның қарым-қатынасына дәнекер болатын сондай шаралардың бірі – Әзербайжан Республикасы президентінің қоғамдық-саяси мәселелер бойынша көмекшісі, профессор Әли Гасановтың «Каспий-Қара теңіз бассейні және Оңтүстік Кавказдың геоэкономикасы: Әзербайжанның энергетикалық саясаты» атты қазақ тіліне аударылған кітабының тұсаукесері. Хазар теңізінің жағасындағы мемлекеттердің ынтымақтастығы туралы кітапты біздің академияның қызметкерлері аса ыждаһаттылықпен аударып шықты. Екі ел арасындағы ортақ маңызды жобалардың да сипаты айқын көрінген. Бұл кітап аймақтанушы, геоэкономикамен айналысатын жас мамандар үшін өте пайдалы болады деп есептеймін», деді Түркі академиясының басшысы Дархан Қыдырәлі.

Тұсаукесерде сөз алған Әзербайжан Республикасының Қазақстандағы елшісі Рашад Маммадов: «Егер біз елімізде нақты Әзербайжан мен Қазақстанды зерттейтін мамандар бар десек, бір-бірімізді өте жақын білеміз десек қателесер едік. Алдыңғы толқын ағаларымыз жақсы біледі, Кеңес үкіметі өз мүддесі үшін одақтас республикаларды зерттейтін мамандар даярлады. Енді біз тәуелсіз ел болған кезде саяси қарым-қатынастың нәзік тұстарын жақсы білетін, бір-бірімізді толық түсінетін білікті мамандарды өзіміз тәрбиелеп шығаруымыз керек. Әли Гасановтың бұл кітабы сол үлкен даңғылдың алғышарты деп есептеймін. Бұл кісі Әзербайжан Республикасындағы геосаясат ғылымының негізін қалаушы. Әли Гасановқа дейін бұл саланы зерттеген маман болған жоқ. Түркі академиясының соңғы кездері бұндай кітаптарды бауырлас халықтардың тіліне аудара бастауы үлкен еңбек. Себебі бұл кітаптың не екенін жақсы түсінетін, ертеңін ойлайтын зерделі халықтың ісі боп саналады. Сондықтан екі ел арасындағы қарым-қатынасты барынша қолдап отырған Нұрсұлтан Назарбаевқа, Түркі академиясының басшысы Дархан Қыдырәліге, кітапты аударып, басқан ұжымға ел атынан алғыс айтамын», деді.

Оқырман назарына ұсынылған кітапта әлемнің жетекші елдерінің геоэкономикалық мүдделері тұрғысынан Каспий-Қара теңіз бассейні мен Оңтүстік Кавказда жүргізіліп отырған геосаясат, Әзербайжан Республикасының қазіргі және болашақтағы экономикалық даму мәселелері қарастырылып, ұлттық мүдделерді қамтамасыз етудегі мемлекеттік саясат негіздері ашып көрсетіледі. Кітаптың алғысөзін Академия басшысы Д.Қыдырәлі жазған.

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»