• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
Қазақстан 29 Қараша, 2017

Көк тулы кемелер көк теңізге бет түзеді

495 рет
көрсетілді

Жаңғыру жолындағы порты бар Каспий теңізінде еліміздің көк туын желбіретіп, сапар шегер су көліктерінің де қатары артып келеді. Отандық флот бірліктерін ұлғайтуды көздейтін «Қазтеңізкөлікфлоты» ұлттық теңіз кеме қатынасы компаниясы бұл бағытта заманауи қуатты буксирлерге қол жеткізуді мақсат етіп отыр. 

Ақтау портына «Ембі» және «Талас» атты екі буксир салтанатты жағдайда келіп жетті. Ұзындығы 27 метрлік, ені 9 метрлік буксирлер Голландияда жасалған. Олар солтүстік Каспийдің таяз аудандарында жұмыс істеп, объектілер мен кемелерді сүйреу, зәкірлерді бұрау және өңдеу, кемелерге ассистенттік қызмет көрсету, навигациялық көмек көрсету, сондай-ақ басқа да қосалқы кеме міндеттерін орындайды.

Бұл буксирлерге тән ерекшеліктердің бірі – жұмыс жүргізу аймағында тереңдігі шектеулі жағдайда қуаттылығына қатысты жоғары талаптардың қойылуы және кеме өлшемдерінің шағын болуы. Кемелер «Қазтеңізкөлікфлоты» ұлттық теңіз кеме қатынасы компаниясы» ЖШС-нің, «Damen» кеме құрылысы компаниясы және Al Hilal Ислам банкі арасында жасалған үш буксирдің құрылысын қаржыландыру туралы шартқа сәйкес іске асырылуда. Үшінші буксирдің құрылысы 2018 жылы аяқталады деп күтіледі.

Бас кеңсесі Нидерландта, Горинхем қаласында орналасқан «DAMEN Shipyards Group» халықаралық кеме құрылысы тобы 40-қа жуық кеме құрылысы және кеме жөндеу өндірістерін біріктіріп отыр. Бүгінге дейін бүкіл әлем бойынша 6 мыңнан астам кеме жасалған, жыл сайын 160-қа жуық жаңа кемені пайдалануға беретін компанияда қазіргі таңда әлем бойынша 9 мың адам еңбек етуде.

«DAMEN» буксирлерді, катерлерді, патрульдік, жоғары жылдамдықты және жүк кемелерін, теңіз платформаларына қызмет көрсетуге арналған кемелерді, мұнайдың апаттық төгілуін жоюға арналған кемелерді, фрегаттар мен ірі яхталарды жобалаумен және олардың құрылысын жүргізумен айналысады.

– «Қазтеңізкөлікфлоты» жаңа кемелердің құрылысын жүзеге асыру арқылы даму стратегиясын жүйелі түрде және кезең-кезеңмен іске асырады, ал бұл Каспий теңізінің қазақстандық секторын игеру бойынша жобалар шеңберінде компания ұсынатын қызметтер аясын кеңейте түседі», деді салтанатты рәсімде «ҚТКФ» ЖШС бас директоры Марат Орманов.

Жобаны қаржыландырушы Al Hilal Ислам банкі 7 жылдан астам уақыт бойы Қазақстанның экономикасына қаржы құйып, корпоративтік клиенттермен және ұлттық компаниялармен табысты жұмыс жүргізіп келеді. «Банкіміз түрлі салалардағы, оның ішінде мұнай-газ секторындағы жобаларды қаржыландырады.

«Қазтеңізкөлікфлоты» ЖШС үшін буксир кемелерінің құрылысын қаржыландыру Каспий қайраңындағы кен орындарына қолдау көрсету, жалпы өңірдің дамуы үшін ең маңызды жобалардың бірі саналады», дейді бұл туралы Al Hilal Ислам банкі АҚ басқарма төрағасы Гордон Хаскинс. Көк туды салтанатпен көтеріп, көк теңізге бет қойған кемелер көп үміттерді арқалап бара жатты.

 

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы

Суреттерді түсірген

Серік МАЙЕМЕРОВ