Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы шеңберінде Энергетика министрлігі 10 ай ішінде іске асырған жұмыстар жөнінде айтып берді.
Елбасының 2017 жылғы 31 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауында мұнай-газ саласы үшін қойылған басты міндет еліміздің тұрақты экономикалық өсімінің стратегиялық маңыздылығын сақтау болып табылады, бұл геологиялық барлауға инвестиция тарту есебінен шешілетін болады.
«Энергетика саласында ағымдағы жылдың 10 айдағы даму серпіні оң нәтиже көрсетуде. Мысалы, мұнай өндіру көлемі 71,1 млн тоннаны құрады, бұл 2016 жылдың ұқсас мерзіміне қарағанда 11,4 пайызға көбірек, Қашаған – 6,5 млн тонна, Теңіз – 23,7 млн тонна және Қарашығанақ – 10,3 млн тонна. Ал газ өндіру көлемі 43,5 млрд текше метрді құрады, бұл алдыңғы жылдың ұқсас мерзіміне қарағанда 15,6 пайызға көп. Мұнайды өңдеу көлемі 12,2 млн тоннаны құрады, бұл 2016 жылдың тиісті мерзіміне қарағанда 2,8 пайызға көп.
Сұйытылған газ өндірісінің көлемі 2,4 млн тоннаны немесе 2016 жылдың ұқсас мерзіміндегіден 11,6 пайызға артық. Алдыңғы жылдың 10 айымен салыстырғанда экспорттың көрсеткіштері, мұнай бойынша 13,8 пайызға, (57,7 млн т), газ бойынша 26,6 пайызға (13,8 млрд м3) көбірек. Сондай-ақ өндірілген электр энергиясы көлемі 83,1 млрд кВтс құрады, 2016 жылдың ұқсас мерзіміне қарағанда 9,8 пайызға артық. Және де көмірді өндіру көлемі 86,6 млн тоннаны құрады, ол 2016 жылдың ұқсас мерзіміне қарағанда 11,6 пайызға артық. Уран өндіру көлемі 19,2 мың тоннаны құрады, 2016 жылдың ұқсас мерзіміне қарағанда 5,5 пайызға төмен», деді Қ.Бозымбаев.
Сонымен қатар ол 10 айда Финляндияға – 2,7 миллион тонна, Жапонияға – 89,2 мың тонна көмір экспортталғанын тілге тиек етті.
Бүгінгі күні Аи-92/93 бензин маркасының қоры 193,8 мың тоннаны құраған. «Айдың басынан бастап Қазақстанға 89 мың тонна Аи-92 бензині ресейлік МӨЗ-ден импортталды. Бұрын хабарланғандай, Павлодар МӨЗ-і 26 қазаннан бастап жоспарлы жөндеу жұмысынан шықты. 30 қазанда Аи-92 бензині өндіріле бастады. 12 қарашада катализдік крекинг қондырғысы іске қосылды, яғни бензин өндіру тәулігіне 2600 мың тоннадан 4200 тоннаға дейін артатын болады. ПМӨЗ бензин бойынша өзінің жоспарлы қуатына шықты», деді ол.
Министр дизель отыны өндірісінің төмендеуін өтеу үшін қараша, желтоқсан айларына дизель отынын 100 мың тонна импорттау қажет екенін және айдың басынан бастап 67 мың тонна импортталғанын тілге тиек етті.
«Атырау МӨЗ-де бастапқы жоспарланған 96 мың тоннадан 120 мың тоннаға дейін дизель отыны өндірісін ұлғайту бойынша қосымша мұнай жүктеу жөнінде шешім қабылданды. Республиканың барлық мұнай базаларындағы қалдықтар бойынша тәулік бойы мониторинг, жүргізіліп, импорт көлемі бойынша және осыған байланысты жедел түрде отандық МӨЗ-ден мұнай өнімдерін жөнелту бағыттары бойынша тиісті шешімдер қабылдануда. Ағымдағы жылғы 21 қарашадағы жағдай бойынша дизель отынының жалпы резерві 159,5 мың тоннаны құрайды. Бұл орта есеппен 16 күнге жетеді», деді Қ.Бозымбаев.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»