Күн суыта бастағаннан елорданың аспанын қара бұлт баса бастайды. Кәдуілгі қара мұржадан шыққан көк түтіннің қолқаны қабар ысы қала көшелерін алып кетеді. Астананың қара суыққа жалғасар күзі ерте түсетінін, Арқадағы ақ жамылғы жамылар қыстың соңы ұзарып кететінін ескерсек, қала тұрғындарының кеңсірігін жарған ащы иіс алты ай тынысымызды тарылтады екен.
Бұл маусымда жеке сектордағы көмір жағу үдей түседі де, орталық қазандықпен жылытылуы тиіс қалада көк түтін де еселене түседі. Тіпті елорданың көк әйнекті жылтыраған зәулім ғимараттарын да ыс басып қалатынын аңдауға болады. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, Астана еліміздегі ауасы ластанған қалалар қатарына қосылған. Өйткені шаһардағы атмосфераның ластану индексі 4,78 бірлікті құрайды. Осы орайда қаланы көк түтіннен құтқарып, экологиялық ахуалын жақсарту үшін сұйық отынға көшудің маңызы зор екені белгілі.
Астаналықтар жылына 5,5 млн Гкал/сағ. жылу энергиясын тұтынады. Бір назар аударарлығы, жылу қазандықтары елорданың 90-95 пайызын жылу энергиясымен қамтығанымен, зиянды заттардың 30-35 пайызы ауа қабатына осы орталық энергетика көздерінен тарап отыр екен. Керісінше жеке сектордағы үйлер жағатын көмірдің атмосфераға әсері 10 пайызды ғана құрайтын көрінеді. Сондай-ақ атмосфераға кері әсерін тигізетін басты фактор – көлік санының шамадан тыс көптігі. Қалалық экология департаментінің деректеріне сәйкес, астаналық көліктер атмосфераға зиянды заттардың 53-55 пайызын шығарады.
Астана қаласы табиғи ресурстар және табиғатты реттеу басқармасының бөлім басшысы Әбдіманап Жұмаділдаевтың айтуынша, елорда ауасын жақсарту мақсатында 2016-2017 жылдарға арналған кешенді жоспар қабылданып, оны орындау тәртібі бірнеше кезеңге бөлінген. Айталық, бірінші кезең бойынша зауыт, фабрика сынды стационарлы нысандардан бөлінетін зиянды заттарды төмендету, екінші кезеңде автономды жылыту жүйесі мен қазандық орнатылған барлық мекемелердің ауаға шығаратын зиянды заттарын азайту, үшінші кезеңде қалалық коммуналдық шаруашылық және қоғамдық көліктерді газ жабдықтарына өткізу мәселелері қарастырылды дейді ол.
Осыған байланысты бүгінде қала тұрғындарының жеке көліктен гөрі қоғамдық көлікпен қатынауын арттыру, автобустардың жүру уақытын жеделдету мәселесі алға шығарылып отыр. Қоғамдық жолаушы тасымалындағы автобустарға арнайы «Bus lane» жолақтары бөлінді. Бұрын 1 сағатта баратын жерге қазір 20 минут көлемінде жету мүмкіндігі туды. Бұл халықтың автобусқа деген сұранысын арттыра түседі деген болжам бар. Бұдан бөлек аспалы көлік түрі, яғни әуежайдан бастап «Абу-Даби Плаза» кешені мен жаңадан салынған темір жол вокзалының аралығында болатын жеңіл рельсті LRT жобасы қолға алынды.
Сонымен қатар қоршаған ортаның жай-күйіне кешенді мониторинг жүргізіп, қоғамдық және жеке көліктерді газға көшіру есебінен сұйытылған табиғи газ базасында энергиямен жабдықтау жүйелерін дамыту көзделген. Жылу электр орталығының сүзгі жүйесін жаңғырту қажеттілігіне байланысты 2015 жылы салынған жылу орталықтарының мұржалары ауаға бөлінетін зиянды заттардың көлемін азайтатын электрлі сүзгімен жабдықталды.
– Бұл ТМД көлемінде әлі енгізілмеген жаңа технологиялардың бірі. Оны алғашқылардың бірі болып астаналық жылу жүйесі пайдаланып отыр. Нәтижесі жаман емес, қалдықтарды сүзу көрсеткіші 96 пайызды құрайды, – дейді «Астана-Энергосервис» АҚ басқарма төрағасы Еркеғали Есенжолов.
Ал Астана қаласы энергетика басқармасының басшысы Бақтыбек Жапаевтың айтуынша, қалаға газ жеткізу жобасының ішкі желілерінің техникалық-экономикалық негіздемесі дайын. Ал сыртқы желілерінің негіздемесін Энергетика министрлігі әзірлеп жатыр. Яғни алдағы 2-3 жылда газды қалаға әкелу, сәйкес желілердің құрылысын бастау жүзеге асырылмақ. Бұл жобалар жүзеге асырылса, қала көк түтіннен құтылып, Астанаға арман қуып келген жандар Арқаның түпсіз жұлдызды аспанымен қайта қауышар еді.
Айжамал КӨПЕЕВА