• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 29 Қараша, 2017

ОҚО-да Тұңғыш Президент күніне орай қайырымдылық шарасы өтті

362 рет
көрсетілді

Оңтүстік Қазақстан облысында 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен «Қайырымдылық – қайырлы іс» форумы өтті.

Облыстық «Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимаратында өткен игі шараға облыстық мәслихаттың депутаттары, кәсіпкерлер, этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен белсенді мүшелері, облыстық ассамблея жанындағы құрылымдардың жетекшілері және өңір тұрғындары қатысты.

Қайырымды жандардың басын қосқан шараның басты мақсаты көпшіліктің демеуімен науқас бүлдіршіндерге көмек қолын созу болып табылады. Жиынды ашып, сөз сөйлеген облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов форумның маңызына тоқталып, қайырымдылық шараларын үйлестіру бүгінде ассамблея жұмысының басты бағытына айналғанын айтып өтті.

Форум аясында облыстық әзіл-сықақ театрының әртістері «Ынтымақ әуендері» атты музыкалық комедиясын көпшіліктің назарына ұсынды. Сонымен қатар, мұқтаж жандарға көмектесуге қашанда әзір екендіктерін білдірген қайырымды жандар арнайы қойылған жәшікке қаржы салды.

Іс-шара соңында арнайы құрылған комиссияның төрағасы, ОҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Қоғамдық келісім кеңесінің жетекшісі Орынбай Рахманбердиев билеттен және қайырымдылық акциясынан қолма-қол 4589100 теңге жиналғанын, тағы бірқатар жомарт жандардың 1 400 000 теңгені науқас балалардың жеке шотына аударуға уәде бергенін хабарлады. Жиында 5 баланың ата-анасына 500 мың теңгеден тапсырып, қалған қаржы да толығымен Алматы, Астана қалаларындағы медициналық ұйымдарда ем алу үшін кезекте тұрған оңтүстікқазақстандық балалардың емделуіне жұмсалатынын айтты.

Айта кету керек, қайырымдылық шарасына «Шымкент құс» ЖШС, «Ордабасы құс» ЖШС, «Бал Текстиль» ЖШС, «Амангелді» ЖШС және Қазығұрт ауданының бірқатар кәсіпкерлері белсене қатысты.

Қазақстан халқы Ассамблеясының 24 сессиясында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еліміздегі қайырымдылық мақсатындағы іс-шараларды үйлестіруді Қазақстан халқы Ассамблеясына жүктеді.

Осы бағытта өткен жылы облыс аумағында ассамблеяның ұйытқы болуымен қайырымдылық іс-шаралары үйлестіріліп, 27 мыңнан астам адамға жалпы – 85 млн теңгенің көлемінде заттай және қаржылай көмек көрсетілді. 6 науқас бүлдіршіннің еліміздегі іргелі медициналық мекемелерде кезексіз ем алуына ықпал етілді.

Биылғы қаңтар-қыркүйек айларында өңірдегі 400-ге жуық қайырымдылық іс-шаралары өткізіліп, құны 30 млн  теңгеден астам көмек көрсетілді.