Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру аясында Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, композитор Дүйсенәлі Бықыбаевтың «Ән-ғұмыр» атты шығармашылық кеші өтті.
Шығармашылық кештің шымылдығы композитордың «Бабалар рухы», «Жусанды дала» атты күйлерімен ашылып, аталған шығармаларды дирижер Мұхтар Рахманқұлов жетекшілік еткен қазақ ұлт-аспаптар оркестрі орындады. Дүйсенәлі Бықыбаев «Біз екеуміз», «Еліктей ерке қыз», «Ағайын» және басқа да әндерімен тыңдарман қауымға белгілі. Марфуға Айтхожина, Әбдірахман Асылбеков, Жаңыл Асылбекова сияқты белгілі ақындармен шығармашылық байланыста болған композитор шығармашылығы бұл күні елімізге танымал әншілердің орындауында Әулиеата аспанында қалықтады. Досымжан Таңатаров, Саят Медеуов, Гүлнұр Өмірбаева, Әділ Сламхан, Дана Маханбаева, Айгүл Мақашева, Маралбек Бабақұлов, Ғани Мәтебаев және өзге де өнер иелері композитордың әндерін нақышына келтіре орындап, көрерменнің қошеметіне бөленді.
Құлан топырағының тумасы, өмірден ерте озған дарынды композитор Мэлс Өзбековтің қазақтың ән тарихындағы орыны айрықша. Осы орайда сөз алған кеш иесі халыққа өзінің Мэлстей өнер иесінің рухани шәкірті екенін жеткізіп, рухани ұстазының «Келші, айым» әнін қасиетті домбырамен орындап берді. Сондай-ақ Мэлс Өзбековтен қалған қасиетті қара домбыраны Досымжан Таңатаровқа тарту етті. Ал Гүлнұр Өмірбаеваның орындауындағы композитордың «Мэлсті аңсау» әні көрерменнің ықыласына бөленіп, халықтың перзентіне деген сағынышын көрсетті. Бұл ән тыңдармандарға Құланнан ескен қоңыр саз сияқты әсер етіп, көпшілік көңілінен шықты. Шығармашылық кеш соңында концертке қатысқан әншілер «Жаса мәңгі, Астана» әнін орындады.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы