Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы, Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына жолдауының, сонымен қатар «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асу барысына тоқталды.
«Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің ағымдағы жылғы жұмысы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың экономикалық өсімнің жаңа моделін құру және қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі міндеттерін іске асыруға жұмылдырылған. Облыс экономикасы тұрақты дамып келеді. Жалпы өңірлік өнім жыл басынан бері 102 пайызға өсті. Бұл ауыл шаруашылығы өнімінің 102, құрылыс жұмыстарының 108 пайызға ұлғаюы есебінен жүзеге асып отыр. 234 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, өсім 104 пайыздан асты. Өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 100,1 пайызға өсті. Мыс рудасын өндіру 134 пайызға, тас көмір өндіру 116 пайызға артты. Шағын және орта бизнестің өнеркәсіп өнімінің барлық көлемінен алатын үлесі 10 пайыз (113 млрд. теңге). Ал ірі бизнестің үлесі 90 пайызды (1 трлн 100 млн теңге) құрайды. Негізгі капиталға салынған инвестиция 107 пайызға ұлғайды», деді өңір басшысы.
Сонымен қатар ол негізгі капиталға салынған инвестиция 107 пайызға ұлғайғанын тілге тиек етті.
«Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 103 пайыздан асты. Нақты сектордың тұрақты өсімі, мемлекет кірісіне аударымның 115 пайызға (245 млрд. теңге) артуына ықпал етті. Тұрғындардың ақшалай кірістері 112 пайызға артты, айлық орташа еңбекақы 120 мың теңгеге жетті. Жеке тұлғалардың депозиттері 115 пайызға ұлғайды. Жұмыссыздық 4,8 пайыз деңгейінде. Кәсіпкерлікті қолдау картасы шеңберінде биыл 6 жоба іске асырылуда. Барлық сомасы 381 млрд 400 млн теңгені құрайды. 4 жоба қолданысқа берілді. 1560 жұмыс орны құрылды. Олардың ішінде, әлемдегі аса ірілердің бірі - Ақтоғай тау-кен байыту комбинатының құрылысы, Өскемен арматура зауытында өндірісті жаңғырту. Жыл соңына дейін қалған 2 жобаны аяқтау жоспарланып отыр. Индустрия-инновациялық даму бағдарламасын іске асыру жылдарында 46 жоба орындалды. 2020 жылға дейін, инвестиция көлемі 393 млрд теңгені құрайтын, тағы 33 жобаны іске асырып, 11 300 жаңа жұмыс орнын ашу көзделуде», деді Д.Ахметов.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»