Бүгін Астана қаласы Есіл ауданының «Жаңа Ильинка» тұрғын алабында қатты отында пешпен жылытудың жарамсыздығынан 2 ересек және 3 бала ыс тиіп, орта деңгейлі ауырлықпен ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды ҚР ІІМ ТЖ комитетінің баспасөз қызметі.
Күн суытқалы бері сұйық және қатты отынмен пеш жағу кезінде халық қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтай бермейді.
«Отынның толық жанбауынан ауада улы газ пайда болады. Пештегі түтін шығатын жерді күні бұрын жабу кезінде улану жиі болады. Биыл 1-28 қараша аралығында тұрғын-үй секторында 31 улы газдан зардап шегу оқиғасы тіркелді, соның ішінде қатты отынмен жанатын пештің ақаулығы салдарынан 26 оқиға, газ баллонда редуктордың және газ колонкасының ақаулығы салдарынан 5 оқиға. Бұл ретте 43 адам (оның ішінде 11 бала) уланып, ауруханаға жатқызылды, 10 адам (барлығы ересектер) оқиға орнында көз жұмды» делінген баспасөз хабарламасында.
Шығыс Қазақстан – 4, Солтүстік Қазақстан – 4, Жамбыл – 4, Алматы – 4, Павлодар облыстарында – 2, Астанада – 2 газдан улану оқиғалары тіркелген. Қызылорда, Ақмола, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қарағанды облыстарында және Алматы қаласында да болған.
Уланудың негізгі белгілері – бас ауру, самайда соққылар, жүрек айну, ұйқышылдық, аз уақытқа талып қалудан бастап сал ауруларға, естен тану, тыныс алу мен ми қан айналымының бұзылуымен бірге коматозды күйге дейін болады. Ауыр жағдайлар жүректің қызметін тоқтатуы мүмкін. Зардап шеккен адамды дереу ауруханаға жатқызу қажет.
Дәрігер келгенше науқасты таза ауаға шығару керек. Кейін стационарда оттегіні ұзақ деммен қабылдау, аппаратпен жасанды тыныс алу өткізіледі; ағзаның зардап шеккен жүйелерінің тіршілік әрекетін қалпына келтіретін құралдар қолданылады.