Шығыс пен Батыстың арасында орналасқан Қазақстан өзінің геостратегиялық артықшылығын пайдалана алады. Еліміз ұлттық ерекшеліктері мен тарихына байланысты Батысқа да, Шығысқа да жатпай, екеуінің ортасында «өркениеттерді жалғастырып», ұтымды геомәдени дәрежеде тұрғаны аса маңызды.
Географиялық тұрғыдан жеріміздің басым бөлігі Азияда орналасқанымен, батыс өңірі Еуропаға жататыны ақиқат. Осылайша, еліміз Еуропа мен Азияны байланыстырып келеді. Тынық мұхитына Қытай арқылы шығатын Қазақстан Түркия мен оңтүстік Еуропаға Каспий теңізіндегі көршісі – Әзербайжанның арқасында жақындай түседі. Бұған қоса, жеріміз арқылы Ресей мен солтүстік Еуропаға, ал, Каспий теңізі арқылы Иран мен Таяу Шығысқа шығуға болады. Біздіңше, еліміздің географиялық орналасуы өркениеттер мен құрлықтарды бір-біріне жалғап тұрған ықпалды мұсылман елдері – Түркия мен Мысырдың геостратегиялық жағдайына ұқсас. Осы жағынан Еуропа мен Қытайды құрлық арқылы байланыстырған мемлекетіміз алдында аймақаралық экономикалық ынтымақтастық саласында үлкен жауапкершілік пен тың міндеттер тұр.
Сондай-ақ, Орталық Азия аймағы Ұлы Жібек жолының бойында орналасқаны белгілі. Орта ғасырларға дейін жаһандық экономиканың күре тамыры болып, мәдениетаралық алмасудың негізгі арнасына айналған тарихи жолдардың ізімен бүгінде аймағымызда Қытайдан басталған «Жібек жолы» инфрақұрылымдық жобасы және Еуропа – Кавказ – Азия (Traceca) көліктік бастамалары шеңберінде Батыс пен Шығыс бір-біріне жақындай түсуде.
Сонымен бірге экономикалық жағынан Қазақстан мен Ресей негізін қалаған Еуразиялық экономикалық одақ пен Қытайдың «Бір жол, бір белдеу» бастамасы түйісіп, Жаңа Жібек жолы жаңғыртылумен қатар, еліміздің «Нұрлы жол» жобасы аясында логистика, көлік-энергетика, аймақаралық саудаға иек артқан экономикалық және халықаралық интеграцияның өзектілігі артуда. Осы мақсатта «Астана» халықаралық қаржы орталығы, Қорғастағы логистикалық орталық, «Батыс Еуропа–Батыс Қытай» автожолы, Қытай–Қазақстан – Ресей, Қытай–Батыс Қазақстан темір жол тораптары тұтас аймақтың экономикалық дамуына қызмет етпек.
Осы орайда, жуырда өткен «Астана клубының» үшінші отырысында сөйлеген сөзінде Елбасы Н.Назарбаев Еуропа мен Азия тек өзара ынтымақтасып, еркін сауда жүргізе отырып қана ілгерілей алатынын қадап айтты. Бұл сөздің астарында үлкен мән жатыр. Өйткені Еуразияның болашағы тең құқылық, өзара құрмет пен халықаралық құқық принциптеріне сүйенген интеграцияға байланысты болмақ. Қазақстан Парламентінің Төрағасы Қ.Тоқаев та өз сөзінде Қытай, Ресей, АҚШ және Еуропалық одақ секілді ірі қатысушылар мүдделерінің тепе-теңдігі қамтамасыз етілуі қажеттігін атап өтті.
Тағы бір айта кетер жайт, мәдени, діни және тілдік жағынан бір-біріне жақын халықтар мекендейтін посткеңестік республикалар Қытай мен Еуропа, Ресей мен Ислам әлемі арасындағы байланыстарды нығайтуда көпір рөлін атқарып, үлкен үлес қоса алады. Елбасы Шығыс пен Батыс арасындағы геосаяси, геоэкономикалық және идеологиялық алшақтықтардың барған сайын артып келе жатқанын баса айтты. Осы ретте, Батыс пен Шығыстың, дәлірек айтқанда, Орталық Азия мен Қытай арасында достық мәдени және экономикалық алыс-берістің артқаны Қазақстанның ұзақ мерзімді келешегі үшін маңызды.
Еліміздің нығаюы үшін Еуропа мен Қытай жалпы даму заңдылығы шеңберінде тығыз мәдени және экономикалық тиімді қатынасты дамытқаны қажет. Әсіресе ірі көрші елдердегі әлеуметтік-саяси жағдайдың жақсы болғаны аймақтық тұрақтылық пен бейбіт даму үшін аса маңызды. Осы орайда Қазақстан көршілес елдерге экономика, қауіпсіздік пен диалог жөнінде біріктіруші күн тәртібін ұсынып отыр.
Ал әлеуметтік-саяси даму келешегі тұрғысынан Шығысқа тән өзіндік қоғамдық ұйымдасу тәртібі мен Батысқа тән тиімді басқару механизмі арасынан еліміз өзіне сай келетін тұстарын қабылдап, өзіне бейімдеп, дамыған елдер жолымен жүре алады. Осы ретте, Қазақстанның әлемдегі идеологиялық бөлінуден және қитұрқы геосаяси-ақпараттық ойыннан өзін алыс ұстап, ұзақ мерзімді ұлттық мүддесі үшін өркениетті елдердегідей заң үстемдігін негізге алып, дамуына мүмкіндік мол.
Осылайша, әділдікке ұмтылған қоғамдық жүйе нығайып, саяси дамудың табиғи, ұтымды үлгісін жетілдіруге болады. Өйткені саяси әр-алуандылық пен бәсекелестік – қоғамның экономикалық белсенділігінің кепілі. Бұл ретте Ата Заңымыз бойынша құқықтық мемлекет болып табылатын Қазақстан жалпы адамзаттық құндылықтарға, әсіресе құқықтың үстемдігіне арқа сүйей алады.
Қазақстан басымдықтарының бірі әлемдік қоғамдастықтағы өз орнын нығайта түсу болса, осы бағытта көпжақты экономикалық-мәдени интеграция жүзеге асырылумен бірге «Болашақ» білім бағдарламасы арқылы әлемге ашық, кәсіби білікті мамандар тәрбиеленіп, қазақ тілі латын әліпбиіне көшірілуде. Біздіңше, алдағы кезеңде жаһандағы қоғамдық, экономикалық және технологиялық мүмкіндіктерді бірдей пайдалану, үйлесімді даму жолын таңдаған мемлекеттер ұтады. Қазақстан сол жаңашыл елдердің қатарынан табылатынына сенім мол.
Жанат МОМЫНҚҰЛОВ, сарапшы