Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай «Ақтау» сауда ойын-сауық кешенінде дәстүрлі «Ұлы дала мұрагерлері» флешмобын өткізді. Олар қазақтың танымал күйлерін орындап, ән айтып,Маңғыстау жұртшылығын мерекемен құттықтады.
Үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған флешмоб республикадағы барлық зияткерлік мектептерде өтіп жатыр. Бірлескен жобаның басты мақсаты- көпшілікті мерекемен құттықтау, егемен еліміздің еркін ұрпақтарының өнерін таныстыру, - дейді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Алтынзер Ихсанова.
Биылғы флешмобтың ерекшелігі, күмбірлетіп күй орындайтын оқушылар санының артуы болып отыр. Шарада 35 күйші орталыққа келушілер алдында Құрманғазының «Сарыарқа», «Адай», «Балбырауын» күйлерін орындады. Сондай-ақ, Нұрғиса Тілендиевтің «Ата толғауы», «Әлқисса» күйлері де көрерменнің көңілінен шықса, «Керемет» би ансамблінің тәрбиеленушілері «Аса таяқ» биін биледі.
Президент күні қарсаңында зияткерлік мектепте басқа да танымдық шаралар өтті, деп хабарлады Ақтау қаласындағы химия-биология бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Маңғыстау облысы