Әлемдік тарихқа Әзербайжан халқының жалпыұлттық көшбасшысы Гейдар Әлиев пен Қазақстанның жалпыұлттық көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев ұзақ жылдарды қамтыған халық арасындағы өмір мектебінен өтіп барып енді.
Олар Әзербайжан мен Қазақстанның саяси сахнасына бауырлас түркі халқының ең маңызды және аса қиын кезеңінде көтерілді. Мемлекет басшылары өз елдерін геосаяси ауыртпалықтарға қарамастан білгірлікпен басқару арқылы кездескен қиындықтардан алып шықты. Алға қойған мақсат-мүдделерін ұлттық даму тұжырымдамалары негізінде табысты жүзеге асырды.
Егер тоқсаныншы жылдардың басындағы саяси үдерістерге назар салатын болсақ, біздің көз алдымызға Әзербайжанның ұлттық және мемлекеттік тәуелсіздігі жолындағы күресі келеді. Жалпыұлттық көшбасшы Гейдар Әлиевтің саяси ерік-жігерінің және ел басқарудағы мол тәжірибесінің нәтижесінде Әзербайжан өз егемендігін қалыптастырды, уақыт өте экономикалық даму жолына түсті. Дәл осындай аса қиын саяси миссияны Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та мүлтіксіз орындап шықты. Елін өркениетті мемлекеттердің қатарына қосу үшін қажетті барлық мәселелердің жолын іздестірді.
Өз Отанын, өз елін саяси және экономикалық ауыр кезеңде басқаруды қолға алған ол халық алдындағы жауапкершілікті сезіне отырып, тығырықтан шығудың ең тиімді жолын қарастырды. Көп кешікпей оны тапты да. Санаулы жылдар ішінде Қазақстан басшысы Қазақстанды қарқынды дамыту арқылы көпшілік сенімінен шықты, ел сүйіспеншілігіне бөленді. Өз елінің мүддесін әлемдік деңгейде қорғау арқылы беделді көшбасшы екенін іс жүзінде дәлелдеді. Қазақстанды, қазақ халқын халықаралық қоғамдастық Н.Ә.Назарбаев арқылы таныды.
Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік деңгейдегі ірі саясаткер, ерекше тұлға екендігі оның көп этносты Қазақстанда этносаралық және конфессияаралық ынтымақ пен сыйластықты, береке мен бірлікті нық орнықтыра білгендігімен де ерекшеленеді. Бүгінде әлемдік қоғамдастыққа бірегей институт ретінде танылған Қазақстан халқы Ассамблеясының алатын орны бөлек. Өйткені осы бірегей құрылым Қазақстанда саяси экономикалық дамуға арқау болып отырғанын біз жақсы білеміз, қызыға қарайтынымызды жасырмаймыз.
Қазақ елінде экономикалық реформалар табысты жүзеге асырылды. Мемлекеттің шетелдермен түрлі салалар бойынша қатынастар жасауына негізделген қажетті заңнамалар қабылданды.Өз отандастарын тарихи отанына оралуға шақырған, оларға жағдайлар жасаған дүние жүзінде санаулы ғана елдер бар. Солардың бірі – түркітілдес әрі бауырлас қазақ халқы және оның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев екенін біздер, әзербайжандар мақтан етеміз. Ел басшысының бастамасымен іске асырылған «Нұрлы көш» мемлекеттік бағдарламасы соған нақты дәлел болады.
Ерекше дара тұлға, ірі де беделді саясаткер Н.Ә.Назарбаевты бүгінде әлем жұртшылығы жақсы біледі және жан-жақты таниды. Оның басшылығымен Қазақстан болашақта биік белестерді бағындыратынына, әлемде ең дамыған мемлекеттердің қатарынан орын алатынына сеніміміз мол. Әзербайжан мен Қазақстанның бағындыратын белестері, қол жеткізетін жетістіктері мол болғай деп тілейміз.
Әли ГАСАНОВ, Әзербайжан Республикасы Президентінің қоғамдық-саяси мәселелер жөніндегі көмекшісі