– Құрметті Руслан Сұлтанұлы! Сізбен осыдан екі жылдай бұрын, Астанада, Қазақстандағы президенттік сайлау күндерінде кездесіп, блиц-сұхбат алған болатынмын. Ұлттық академиялық кітапханадағы ол қысқа кездесуде әңгіме негізінен біздің отандастарымыздың сайлаудағы белсенділігі, азаматтық жауапкершілікті сезінуі, жалпы сайлаудың ұйымдастырылу деңгейі, Қазақстандағы қоғамдық өмірдің демократиялану барысы туралы болды.
– Олай болатын жөні бар. Мен ол жолы Қазақстандағы сайлауға байқаушы ретінде қатыстым ғой, сондықтан тек сол тұрғыдан сөйлеуге тиісті едім. Кандидаттардың біреуі жайында пікір білдіруіме, ешкімге қолдау көрсетуіме болмайтын. Енді жағдайым басқаша, әрине. Сол сайлаудан алған ерекше әсерім әлі есімде. Қай сайлау учаскесіне барсақ та таң атқаннан бастап-ақ шұбатылған кезекті көріп, қайран қалғанбыз. Қазақстандықтардың азаматтық парызға адалдығына бөлекше сүйсінгенбіз. Жаңа сіз «отандастарымыздың сайлаудағы белсенділігі» дегеніңізде «менің де отандастарымның» деп іштей ойлап отырдым. Иә, Қазақстан менің де Отаным. Сіздерде 1 наурызды Алғыс айту күні етіп белгілеу жөнінде Президент Жарлығы шыққанын естігенде қуанғаным есімде. Ұмытпасам, осыдан бір-екі жыл бұрын қабылданды ғой ол шешім?
– Иә, ол мереке тұңғыш рет өткен жылы аталды.
– Тамаша шешім. Осы арқылы әрбір қазақстандық ортақ заманы, ортақ қоғамы, ортақ бақыты үшін бір-біріне алғыс айтуға, өзге этностар өкілдері тар кезеңде табысқан, қиын шақта құшағын жайып қарсы алған қазақ халқына рахметін жеткізуге мүмкіндік алып отыр. Солардың бірі – ингуштар. Айтқанмын, айта да беремін: қазақтар – мейірбандығы ғажайып халық. Жүрегі кең халық. Кешегі зұлмат соғыста тау халықтарын заңсыз депортациялап, ингуштарды, басқалармен бірге, 1944 жылы Қазақстанға жер аударғанын бәріңіз жақсы білесіздер. Сол бір қиямет-қайым кезеңде қазақ халқы бізге арқасын тосты, бір үзім нанын бөліп жеді, жанымызды жұбатты, жүрегімізді жылытты. Жақында Айыртауға, сондағы Саумалкөл ауылына жолым түсті. Оқыған мектебіме шағын автобусты сыйға тарттым. Мен туған үйді жақсылап жөндеп қойыпты. Мектепте маған арнап музей бөлмесін жасапты. Қарасай мен Ағынтайдың мавзолейіне тағзым еттім. Вайнахтардың бейітіне барып, құран оқыттым. Астана-Бурабай тас жолының сапасына қайран қалдым.
– Батыс Қытай – Шығыс Еуропа магистралі арқылы сондай жолдар бүкіл елді көктей өтіп жатыр.
– Соғыс кезінде саяси қуғын-сүргінге ұшыраған халықтарға барша қазақтар қамқор болған. Президент Назарбаевтың кітабынан оқығанмын, соғыс кезінде ол кісінің үйінде бір балқар отбасы тұрған екен. Қазақтар болмаса біздің жалпы жұрт болып сақталуымыз, аман қалуымыз қиын еді дегенді біздің құлағымызға құйып отыратын әке-шешелеріміз. Енді ол сөзді біз өзіміздің балаларымыздың, немерелеріміздің құлағына құюмен келеміз. Егер сол зарлы заманда, Құдай бетін әрі қылсын, әке-шешем аштықтан, аурудан немесе құсадан өмірден өтіп кеткенде мына мен 1954 жылы қазақ жерінде дүниеге келмейтін де едім! Міне, мәселе қайда. Сондықтан да біздің әрқайсымыздың қазақтарға, қазақстандықтарға айтар алғысымыз бөлекше. Ингуштар үшін Қазақстан өзінің Отанына айналған ерекше мекен. Менің үлкен қызым қазақстандық азаматқа тұрмысқа шыққанда...
– Солай ма?! Бізбен құда екенсіз ғой!
– Құдамыз. Құда болғаннан кейін ғой Мәскеуге келгендеріңізде алдарыңыздан шығып күтіп отырғаным... Айтайын дегенім, менің үлкен қызым қазақстандық азаматқа тұрмысқа шыққанда қарындасым: «Лейла, заманның өзгергенін қарашы. Бір кезде аталарымыз Қазақстанға қинала-қинала барған еді, енді біз Қазақстанға қуана-қуана бара жатырмыз!» деген болатын. Міне, көрдіңіз бе? Осының бәрін мен қазақстандықтардың ерекше қалпымен, халықтың сондай қалпын жасап отырған ардақты адаммен – елдің лидері Нұрсұлтан Назарбаевпен байланыстырамын. Нұрсұлтан Әбішұлы ең бір қиын жылдарда өзінің елін ортақ мақсат жолында біріктіре білді, аса ауыр асулардан аман-есен өткізіп, биік белестерге бастай алды. Қазақстанның табыстары мен жетістіктері, оның басшысының халықаралық аренадағы бағалы бастамалары менің жанымды жадыратады, мақтанышымды туғызады. Бұлай дегенде мен Қазақстан өзімнің туған жерім болғандықтан ғана айтпаймын, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының ғылыми негізделген, жан-жақты, терең ойластырылған стратегиясы нақты нәтиже беріп отырғанын өз көзіммен көріп жүргендіктен айтамын.
Нұрсұлтан Назарбаевтың алыстан ойлайтын ақылмандығының айқын мысалдары жеткілікті. Соның бірі – Қазақстан халқы Ассамблеясын құруы. Ұлтаралық және конфессияаралық келісімді қамтамасыз етудің, елдегі тыныштық пен тұрақтылықты сақтаудың нақты тетігіне айналған Ассамблея бүгінде баршаның назарын аударып отыр. Бұл қоғамдық-саяси ұйым – бүкіл әлемде Назарбаевтың ноу-хауы деп саналады. Бұл ұйым – ұлтаралық қатынастарды жаңаша қалыптаудың үйренерлік үздік үлгісі.
– Руслан Сұлтанұлы, осы сөзіңізге дәлел ретінде жаңа ғана болған әңгімені айта кетейін. Мемлекеттік Думаның Ұлт істері жөніндегі комитетінде кездесу кезінде Ресей халықтары Ассамблеясы Қазақстанның үлгісі бойынша жасалғаны атап айтылды.
– Өзі де солай. Мен Қазақстан халқы Ассамблеясының мемлекеттік билік органдарымен, әртүрлі қоғамдық ұйымдармен өзара қарым-қатынас жасау тетігі ТМД-дағы басқа мемлекеттер үшін өзінше бір бағыт-бағдар бола алады деп сеніммен айтамын.
– Жақында, 1 желтоқсанда біз Тұңғыш Президент күнін атап өтеміз. Сондықтан бүгінгі әңгімеде негізгі тақырып Нұрсұлтан Назарбаев болса деп сұраймын. Егер үлгеріп жатсақ, бұл сұхбатты сол күні жариялауға тырысамыз. Осыдан екі жыл бұрынғы, Астанадағы жүздесуіміз кезінде сіз Нұрсұлтан Әбішұлымен алғаш кездесуіңіз жайында әңгімелеген едіңіз. Бірақ сайлау күні және сайлаудың ресми қорытындысы шыққанша Президент лауазымына кандидаттар жөнінде ештеңе айтуға болмағандықтан, ол сөздеріңіз тек диктофонда қалып қойды. Енді сол кездесуді қайтадан еске түсіруіңізді сұраймын.
– Оған да отыз жылдай болып қалыпты. 1989 жыл еді. КСРО халық депутаттарының съезі өтіп жатқан кез. Маған Нұрсұлтан Назарбаевтың съезде сөйлеген сөзі қатты ұнады. Ол бүкіл елдің және өзі басқарып отырған республиканың демократиялық өзгерістер кезінде қалай жаңғыруға тиісті екенін қолмен қойғандай етіп айтып берді. Бұл сөздің батылдығы, кәдімгі қасаң қалыптарға сыймайтын жаңашылдығы, жүріп жатқан процестерді терең талдауы басқа депутаттарға да ерекше әсер еткенін үзіліске шыға салысымен-ақ басталған қызба-қызу пікір алмасудан білдім. Назарбаевтың кандидатурасын КСРО Вице-президенті немесе ел Үкіметінің басшысы қызметіне ұсыну жөніндегі әңгіме дәл сол жерде, съезд кулуарында шыққан болатын. Егер сол кезде осындай шешім қабылданғанда тарих тегершігінің басқаша айналып кетуі әбден мүмкін еді деп те ойлаймын. Жарайды, өткен өтті, кеткен кетті. Нұрсұлтан Назарбаевтың сол кездегі алып елдің көлеміндегі аса жоғары беделіне мысал ретінде мынандай жағдайды айтайын. 1992 жылы, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы құрылғаннан кейін алғаш рет Бүкілармиялық офицер жиналысы ұйымдастырылған еді. Оны маршал Шапошников жүргізіп отырды. Әуелде ТМД-да Қарулы Күштер ортақ болып белгіленгені есіңізде шығар. Сол Бүкілармиялық офицер жиналысында барша генералитет, офицерлер жиналысқа Нұрсұлтан Назарбаевтың келуін қалайтындарын айтып отырып алды. Ортақ Қарулы Күштердің негізінен шоғырланған жері ретінде Ресей Президентін шақыру жөнінде нақты ұсыныс болғанда да, жиналғандар «Біз Ельцинге сенбейміз, біз Назарбаевқа сенеміз» деп айтқан беттерінен қайтпады. Ақыры Нұрсұлтан Әбішұлы келіп, жаңадан қалыптасқан жағдайдың бәрін түсіндіргеннен кейін ғана жұрт сабасына түсті. Сонда Нұрсұлтан Назарбаевтың елді реформалау жөніндегі тұжырымдамалық тұрғыдан тың ұсыныстары кейіннен жаңа мемлекеттік құрылымның – тәуелсіз Қазақстанның тыныс-тіршілігінде жүзеге асқанын бәріміз көп ұзамай-ақ көре алдық. Бүгінде Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан қол жеткізген табыстарды бүкіл әлем танып-біліп отыр.
Қазақстан туралы жазған авторлардың біразы ондағы өзгерістердің сипатын Сингапурдағы ірі реформалармен салыстырып жатады. Бірақ бұл арада Қазақстанның жер аумағы да, этностық құрамы да, діни әртектілігі де, қазба байлықтарының көлемі де Сингапурмен тіпті салыстыруға келмейтінін есте ұстауға тиіспіз. Сондықтан да Қазақстанда реформа жүргізу өзге елдердегіден әлдеқайда қиын. Нұрсұлтан Назарбаевтың шын қадір-қасиеті сол қиындықтардың бәрін де еңсере алғандығынан танылады. Мен өз басым Ингушетия Республикасының тұңғыш Президенті болып сайланғанымда көп мәселелерде Нұрсұлтан Әбішұлының нақты тәжірибесіне арқа сүйеп, өзіме бағыт-бағдар етіп ұстанып отырдым. Мысалы, Ингушетияның жаңа астанасын – Магас қаласын салу жөнінде шешім қабылдағанымда мен үшін ең басты, ең мықты аргумент Назарбаевтың Қазақстанның астанасын Алматыдан Астанаға ауыстыру болғанын дәйім айтып жүремін.
Қазір Қазақстанды бүкіл әлем біледі, Қазақстанды бүкіл әлем мойындайды. Қай елге барсаңыз да, іскерлік сапармен жүрген, оқып жүрген, демалып жүрген, элиталы дүкендерде жүрген қазақстандықтарды көптеп көресіз. Бұл ел халқының білім деңгейін, кәсіби дәрежесін, әл-ауқат жағдайын көрсететін нақты мысал. Мен өз басым Нұрсұлтан Әбішұлының жастарды шетелдерде оқытуды көздеп, арнайы бағдарлама жасағанын ерекше қадірлеймін, сол бағдарлама бойынша оқып келген, оқып келетін жүздеген, мыңдаған түлектердің жаңа Қазақстанды өркениеттің биік белестеріне көтеретіндігіне кәміл сенемін. Елдің шикізат шығарумен шектелмейтін, осы заманғы индустриялық-инновациялық мемлекет құрып жатқаны да қатты қуантады. Осының бәрінің бастауында бүгінде бүкіл әлемге танылған басшы – Президент Нұрсұлтан Назарбаев тұр. Назарбаевтың ықпалы қазір тек ТМД көлемімен шектелмейді. Назарбаевтың Ресей мен Түркия арасындағы өрши жаздаған жанжалды қалай тыныштандырып бергенін барша дүние біледі. Назарбаевтың Сириядағы соғыс өртін тоқтатуға себепкер болған, қақтығыс басталғалы бері ресми билік пен қарулы оппозицияны тұңғыш рет келіссөз үстелінің басына бірге отырғызған Астана процесінің бастамашысы екенін де барша дүние таниды, мойындайды.
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтай тұлғамен жақын араласуға, сондай саясаткерден көп нәрсе үйренуге мүмкіндік берген тағдырыма ризамын. Тарихтың бетбұрысты белесінде осындай азаматты таңдаған, елім деген ерге сенген, жаңа мемлекет құрудың бар мүмкіндігін бір қолына берген қазақ халқының, қазақстандықтардың даналығына да ризалығымды айтуды парызым санаймын. Барша қазақстандықтарға Тұңғыш Президент күнімен шын жүректен құттықтауымды, өзімнің кіндігім кесілген қазақ жеріне, елімнің зұлмат сынақтан аман қалуына көмектескен қазақ еліне алғысымды жеткізуді сұраймын. Нұрсұлтан Әбішұлына газет арқылы болса да ыстық сәлемімді арнаймын.
– Құрметті Руслан Сұлтанұлы! Алдын ала ойластырылмаған сұхбатқа келісім бергеніңіз үшін, еліміз, Елбасымыз туралы жүрекжарды сөздеріңізді ақтарылып айтқаныңыз үшін сізге де көп рахмет.
Әңгімелескен Сауытбек АБДРАХМАНОВ