Адамзат қауымы жыл санап емес, ай санап, тіпті апта мен күн санап цифрландыру заманының сиқырлы әлеміне еніп барады. Цифрландыру технологиялары дегеніміз – бұл бұрын-сонды адамзат бастан кешпеген ғажайып әлемнің жаңа құралдары. Қазіргі күні бұл технологиялар жасақталу үстінде. Олар қазірдің өзінде біз тамсанып айта беретін ақпараттық технологиялардың өзін жолда қалдыра бастады.
Осылайша ертегілер шындыққа айналатын заман келді. Тіпті ата-бабаларымыз ертегілердің өзінде қиялы жетіп бейнелей алмаған жаңа дүниелермен кездесуімізге көп қалған жоқ. Бұл туралы атақты футуролог, жапон физигі Митио Каку былай дейді:
«Цифрлы технологиялардың арқасында адамдар, шартты түрде алғанда, өлместік жағдайға жетуі мүмкін. Мәселен, Альберт Эйнштейн туралы барлық мәліметтерді жинастыра келе, осы ақпараттардың негізінде оның цифрлы көшірмесін жасап, оны голографиялық бейнемен толықтыруға болады. Ал қазіргі өмір сүріп жатқан адамның, мәселен, сіздің цифрлы болмысыңыз бен тұлғаңызды жасау одан да жеңілдейді. Ол үшін сіздің миыңыздағы барлық ақпараттарды оқиды да, соның негізінде көшірмеңізді жасайды. Сіз өлген кезде бұл егіз-көшірмеңіз сіздің орныңызға өмір сүріп, сіздің мінезіңіздің негізінде дами алады және сіздің жадыңызды жаңа таныстықтармен байыта береді».
Жаңа технологиялардың заманы туралы ойларымен аты шығып жүрген жерлесіміз, Ресей Сбербанкінің басқарма төрағасы Герман Греф жуықта өткен Жастар мен студенттердің бүкіләлемдік ХІХ фестивалінде жасаған «Технологиялық трендтер: болашаққа жол» атты лекциясында былай деді:
«Кеше біз әріптесім Джек Ма (ақпараттық технологиялар саласындағы Алибаба Груп компаниясының негізін қалаушы Қытай миллиардері) екеуміз ұзақ әңгімелестік. Ол маған «ақпараттық технологиялар туралы ойлауды ұмытыңыз. Ол – кешегі күн. Бүгінгі экономика дегеніміз – бұл деректер экономикасы», деді. Мен онымен келісемін. Қазіргі digitalization (диджитализация) – бұл соңғы тренд. Бұл трендке көшу дегеніміз – біздің қолымызда өте ауқымды мәліметтерді өңдей алатын жетілген, ақылды технологиялар пайда болды деген сөз».
Герман Греф осылай дей келе біздің ғасырымыздың оныншы жылдары адамзаттың ақпараттық дәуірден цифрлы дәуірге өтуі басталғандығын мәлімдеді. Өйткені осы кезеңнен бастап big data технологиялары өзінің кемелдену кезеңіне аяқ басты және барлық компаниялар үшін қолжетімді бола түсті. Осының нәтижесінде, мөлшермен алғанда, 2015 жылы көлемді ақпараттарды өңдеп қана қоймай, сонымен қатар оларды сақтауға мүмкіндік беретін үлкен қуаттар қалыптасты.
Бір өкініштісі, қазіргі технологиялық трендтер үдерісін қуып жетудің өзі мүмкін емес. Бұл біздің Қазақстанға емес, бүкіл әлем елдеріне қиындық келтіруде. Бірақ, солай болса да, әлемде жаңа пайда болған технологияларды игеруге ұмтылмай отырған ел жоқ деуге болады. Басты қатердің өзі осында тұр. Өйткені бүкіл әлем болып жаңа технологиялары игерудің марафонына қосылды. Марафонға қосылған екенсіз, енді тұрып қалу жоқ. Тұрып қалсаңыз ескі әлемнің аясында қалып кетесіз. Елдер арасындағы дамудың арақатынасы осылайша алшақтай түседі. Мұны Елбасымыз жастармен кездесуінде жиі айтуда.
Қазір Қазақстан Үкіметінің ақпараттық технологияларды игеруді барынша жылдамдатуға ұмтылып отырғандығын байқауға болады. Өкінішке қарай, жаңа заманның ақпараттық технологияларын таратушы – кең жолақты интернет желілері ауылдарымыздың бәріне бірдей жеткен жоқ. Осы олқылық таяу уақыттың ішінде еңсерілмек. Бұл бізге не үшін қажет? Бүкіл ел болып цифрландыру заманына қарай өту үшін қажет. Қазіргі ақпараттық технологиялар дегеніміз – цифрлы сана мен технологияларға қол жеткізудің басты алғышарты.
Футуролог Рэй Курцвейлдің айтуынша, ХХІ ғасырда өркениеттің даму қарқыны ХХ ғасырмен салыстырғанда 5 есе жылдам жүретін болады. Демек, біз бүкіл ХХ ғасырдағы дамудың технологиялық фазасын алғашқы 20 жылдың ішінде жүріп өтуіміз мүмкін. Өмірдің қазіргі ағымына қарағанда, бұдан әрі техникалық прогрестің жүрісі тіптен шапшаңдай беруі тиіс. Біз, Кеңес Одағының қойнауынан шыққан өткен ғасырдың 70-80 жылдарының жастары, сол ғасырдың басындағы оқиғалар мен халық тұрмысын мүлдем өткен заман бейнесінде елестеткен едік. Ал ХХІ ғасырдың 70-80 жылдарының жастары біздің қазіргі заманымызды қалай елестетіп, қандай баға бермек? Бұл – әрі қызық, әрі жұмбақ мәселе. Өмірдің жылдамдағаны сондай, болашақтың өзі болжаусыз болып барады.
Алдымызда болатын міне, осындай заман өзгерістеріне біздің елді дайындықсыз отыр деп айта алмаймыз. Қазақстан қазірдің өзінде ақпараттық технологияларды енгізу, компьютерлік қамтамасыз ету, интернетке қосылу, «Электронды» үкімет жұмыстарын ұйымдастыру көрсеткіші бойынша ТМД кеңістігінде алдыңғы қатарда келеді.
Сонымен қатар Қазақстан әлемдегі алғашқы 20 елдің қатарында өзінің цифрландыру бағдарламасын қабылдады. Ол 2021 жылға дейінгі кезеңді қамтиды. Бағдарламадағы шараларды жүзеге асыру нәтижесінде 2021 жылы еліміздің сауда нарығындағы электронды сауда үлесі қазіргі 0,8 пайыздан 2,3 пайызға, халықтың мемлекеттік қызмет түрлерін пайдалануда e-gov арқылы алған қызмет көрсеткіші қазіргі 35 пайыздан 80 пайызға артады деп күтілуде. Халықтың сандық сауаттылық деңгейі 75,5 пайыздан 81,5 пайызға көтеріліп, интернет пайдаланушылардың үлесі 77 пайыздан 81 пайызға өседі деп жоспарланған.
Сондай-ақ еліміздегі цифрландыру үдерісі туралы сарапшылардың пікірі де жаман емес. Мәселен, «Самұрық-Қазына» АҚ Стратегия және қоржындық активтерді басқару жөніндегі басқарушы директоры Балжит Гревалдің пікірі бойынша, бұл салада Қазақстан алға жылжып келеді: Цифрлы экономикаға тартылу деңгейі тұрғысынан Қазақстан Ресей, БАӘ, Аргентина мен Чили сияқты елдермен қатар деңгейде. БҰҰ мен BCG-тың 2016 жылғы рейтингінде белгіленгендей, бұл жөніндегі индексіміз 0,72 көрсеткішті құрап, әлемдік орта көрсеткіштен (0,49) бірнеше саты жоғары тұр. Сондай-ақ BCG e-intensity рейтингінің мәліметі бойынша, қазақстандық компаниялар арасында кең жолақты интернетке кіру көрсеткіші 45 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіш жағынан Қазақстан БАӘ (53%) және Малайзиямен (38%) теңдес.
Дегенмен аталған сарапшының айтуынша, цифрландырудың өнеркәсіптік өндіріс, халық шаруашылығы, көлік, бөлшек сауда салаларына ықпалы жөнінен Қазақстан әзірге әлемдік орта деңгейге жеткен жоқ. Мысалы, Қазақстандағы өнеркәсіптік өндірісті автоматтандыруға жұмсалып отырған шығын ІЖӨ-нің 0,07-0,09%-ын ғана құрайды. Бұл – әлемдік орташа деңгейден 2,3-3 есеге, ал Солтүстік және Оңтүстік Америка елдеріндегіден 4-5 есеге аз. Онлайн-сауда нарығы жөніндегі көрсеткішіміз тіпті мардымсыз деуге болады.
«Қазақстан экономикасын одан әрі цифрландыру көптеген салалардың дамуы үшін негізгі фактор болып табылады, – дейді тағы бір сарапшы, The Boston Consulting Group бас директоры Сергей Перапечка, – Бүгінгі таңда Қазақстанның цифрлы экономикасы БРИКС елдерінің деңгейінде өсіп келеді. Бірақ бұл жеткіліксіз, экономикаға артықшылық беретіндей серпілістер керек. Мысалы, электронды коммерцияның дамуы шағын және орта бизнес үшін жаңа арналар ашады және көлеңкелі экономиканың көлемін барынша азайтады. Қазіргі кезде электронды коммерцияның Қазақстандағы үлесі 0,8 пайызды құраса, бұл көрсеткіш Ресейде 3 пайызды, Қытайда 8,3 пайызды құрап отыр. Қазақстандық электронды нарықтың бөлшек саудасы алдағы уақытта ресейлік нарықтың қарқынымен өсетін болса, 2020 жылға қарай оның көлемі 750-800 млн доллар болады деген сенімдеміз», дейді сарапшы.
Қысқасын айтқанда, цифрландырудың сиқырлы әлеміне ену жөніндегі Қазақстанның қазіргі ынта-жігері және ұмтылысы көптеген бағалаулар бойынша жаман емес. Дегенмен қол жеткенге тоқмейілсудің ешбір реті жоқ. Керісінше, үдерісті одан әрі үдете түсу қажет. Үстіміздегі жылдың қыркүйек айында цифрландыру мәселелері бойынша өткен республикалық кеңесте Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Мен әркімнің цифрландыру мақсат емес екенін түсінуін қалаймын, ол жаһандық бәсекелестікке әкелетін біздің абсолюттік артықшылығымызға қол жеткізудің құралы. Онсыз өзін құрметтейтін ел қалыпты өмір сүре алмайды. Бәсекелестік болмаса, біз артта қаламыз және алда келе жатқан мемлекеттердің шаңын жұтатын боламыз. Пайданың, өнімділіктің және капиталдандырудың күрт артуы – мәселе осында. Цифрлы экономика осыны береді», деп ескертті.
Демек, тәуелсіз еліміз болып, Үкіметіміз болып, алға қарай талпынған жастарымыз болып, заманның қайда, қалай бет алғандығын ұқтық, осы жолда басты бәйгеге тіктік. Өйткені стратегиялық мақсаттарды жүзеге асыру тұрғысынан алғанда әлемде бейбіт және бәсекелестік жағдайда дамудың бұдан ауқымды басқадай басты бағыты да жоқ. Халықтар мен елдер және олардың дәстүрі әртүрлі болғанымен, прогрестің бағыты – біреу және ол айқындалып отыр. Цифрландыру қазіргі әлеуметтік-экономикалық салалардың барлығына ортақ. Демек алдағы бес-он жылдың ішінде әлемнің барлық елдері осы жолға түсетін болады.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»