• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
Қазақстан 05 Желтоқсан, 2017

Елімізде тактильді кітаптар жарық көрді

647 рет
көрсетілді

Осыған орай Орталық коммуникациялар қызметінде «Ерекше балаларға арналған ерекше кітаптар» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті. Шара барысында көру қабілеті төмен балаларға арналған арнайы тактильді оқу құралдарының таныстырылымы болды.

Жиынға Білім және ғылым министр­лігінің мектепке дейінгі және орта білім беру департаментінің инклюзивті және арнайы білім беру бөлімінің басшысы Айкерім Күдеринова, «Ашық әлем» Жастар еріктілер үйі» ҚҚ ди­рек­­торы Людмила Кайгородцева, Ас­тана қаласы әкімдігінің №2 психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің педагог-дефектолог, әдіскері Сәуле Сағымбаева қатысты.  

Көру қабілеті төмен балаларға арнал­ған арнайы тактильді кітаптар «Ашық әлем» Жастар еріктілер үйі» ҚҚ мен «Samruk-KazynaTrust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бірігіп жүзеге асы­рып жатқан «Ерекше балаларға арналған ерекше кітаптар» жобасының аясында басып шығарылған.

«Бүгінгі таңда Білім және ғылым министрлігі зағип балаларға арналған Брайль қаріпімен терілген оқулықтар және көру қабілеті төмен балаларға арналған ірі қаріпті оқулықтар мен ОӘК қамтамасыз ету бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. «Samruk-Kazyna Trust» қорымен бірлесе отырып жүзеге асырылып жатқан «Ерекше балаларға арналған ерекше кітаптар» жобасының аясында қазір көру қабілеті төмен және зағип балаларға арналған тактильді оқулықтар дайындалды», деді Білім және ғылым министрлігінің өкілі Айгерім Күдеринова.

Оның айтуынша, 2016-2019 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында білім және ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, көру қабілеті төмен балаларға және ақыл-ойында ауытқушылығы бар балаларға арналған оқулықтар әзірлеу қарастырылған.

«Осы жылы Қазақстанда алғаш рет жаңартылған бағдарламаға сәйкес Брайль жүйесі бойынша «Сауат ашу» және «Сауаттылықты дамыту» 1-сынып оқушыларына арналған оқулықтар мен ОӘК дайындалды. Жоба аясында 250 тактильді кітап дайындалды.  Олар Қазақстан бойынша көзі нашар көретін балаларға арналған 29 мамандандырылған мектепке дейінгі мекемелерге және мектептерге таратылады. Бұл кітаптардың басты мақсаты – көзі нашар көретін балаларға қоршаған ортаны танып, білуінде көмек көрсету», деді ол.

Рауан ҚАЙДАР,

«Егемен Қазақстан»