• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
Аймақтар 05 Желтоқсан, 2017

Оралда 180 пәтерлі жаңа үй пай­далануға берілді

446 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысында 20 елді мекенге таза ауыз су жетіп, Орал қаласында 180 пәтерлі жаңа үй пай­далануға берілді. Сондай-ақ Теректі ауданына қарасты Подстепное ауылында жаңадан Мәдениет сарайы салынды.

«Тұрғынүйқұрылысжинақ­банкі» АҚ са­лымшылары мен Орал қаласында тұр­ғын үй кезегінде тұрған жандарға берілген 9 қабатты үй құрылысы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған. Мердігер «Болашақ-Т» ЖШС – өңірде жаңа технологияны игеріп, үй комбинаты арқылы панелді тұрғын үй құрылысын жүргізіп бастаған компания. Неміс технологиясы бойынша салынған бұл үйлер жылу үнемдегіш қасиетімен тұрғындардың көңілінен шыққан.

– Биыл біздің өңірде «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша қалада 14 көп қабатты үй, аудан-ауылдарда 188 бір қабатты үй салынып жатыр. Бұл 1700 отбасы қоныс тойын тойлайды деген сөз. Жыл соңына дейін 1500 тұрғын жаңа пәтердің кілтін қолына ұстайды. Мұ­ның барлығы тәуелсіздіктің, тұрақ­ты­лықтың, бірлігіміздің арқасы. Елба­сы тапсыр­маларының уақытылы орын­дал­ғанының нәтижесі. Өздеріңіз білесіздер, осыдан бірнеше жыл бұрын дәл осы жер бос жатқан дала болатын. Ара-тұра ат шауып, көкпар тартатын жер еді ғой, – деді жаңа пәтерлердің кілтін табыстаған салтанатты жиында Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов.

2017 жылы Орал қаласы бойынша «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асыру барысында 10 857,195 млн теңге бөлінген екен. Өңір басшысы Тұр­ғын­үйқұрылысжинақбанкінің Ба­тыс Қазақстан облысындағы салымшылар саны 54 мыңнан асқанын айтады. «Бұл деген әлі осынша адам жаңа пә­тер алуды жоспарлап отыр деген сөз ғой. Оның үстіне құрылыс бүкіл эко­но­миканың локомотиві сияқты. Үй салынса, оған бетон бұйымдары керек, кірпіш керек, есік-терезе керек, пластик құбырлар қажет, жиһаз керек. Қанша адам қызмет етеді, жалақы алады. Қадірлі жерлестер, бүгінгі қуаныш, жаңа баспаналарыңыз құтты болсын! Алда Тәуелсіздік мейрамы да келе жатыр. Ол кезде де қаламызда бірқатар нысандар ашылады. Мереке құтты болсын!» деген облыс әкімі жаңа пәтер иелеріне кілттерді табыс етті.

Кенжегүл Қамыспаева Тұрғын­үй­құ­рылысжинақбанкінен осы­дан үш жыл бұрын есепшот ашқан екен. Өзі Шыңғырлау ауданы Ақ­шат елді мекеніндегі ауыл мек­тебінде тарих пәнінің мұғалімі.

– Конкурстан ең алдымен өтіппін. Үш жылдан бері қаржы салып, міне, бү­гін бір бөлмелі пәтерге қолым жетіп отыр. Бұйырса, қалаға көшіп келе­мін деген жоспарым бар, – дейді Кенже­гүл. Көптен күткен пәтері биік үйдің екін­ші қабатынан бұйырғанына дән риза.

Айта кетейік, биылғы Тұңғыш Прези­дент күні Теректі ауданының Подс­тепное ауылы тұрғындарының да есінде қалатын болды. Орал қаласының іргесінде тұрған, ертеректе Мінәнәй атанған елді мекенде 10 мыңнан аса адам тұрады. Осы ауылда көптен бері мəдениет ошағы салынбаған екен. Халықтың сұранысына орай «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында қаржы бөлініп, мердігер «Альтаир» ЖШС екі қабатты Мәдениет үйінің құрылысын уақытынан ерте бітіріпті. Құрылысқа жергілікті бюджеттен 319 млн 628 мың теңге қаржы жұмсалып, 50 адам еңбек еткен. 300 орындық көрермен залы бар бұл мәдени ошақта бес үйірме ашылып, жергілікті балаларды әртүрлі өнерге баулитын болады.

Дәл осы күні облыстың Теректі, Бөрлі, Ақжайық аудандарында бірқатар ауыл тұрғындары таза ауыз су жүйесін қолдануға көшті. Ал Орал қаласында №4 және №6 шағын аудандар арасында жаяу жүргіншілерге арналған әдемі саябақты жол пайдалануға берілді.

«Бұл биыл қорытындыланатын жұмыстардың соңы емес. Алда келетін еліміздің ең ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күніне орай да бірқатар жаңа нысандар іске қосылады», дейді өңір басшысы Алтай Көлгінов.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»