Астанаға қоныс аударғанымызға шамамен бір жыл өтті ме, әлде одан сәл асыңқырап кетті ме екен, Алматыдағы сыйлас апаларымызбен арадағы байланысымыз сәл үзіліңкіреп қалса керек. Бірде телефонның құлағы безілдеп қоя берді.
– Таң атпай тәтті ұйқыны бұзып, демалыс күні телефон соғып жатқан неғылған жан бұл? – деп, кейіген үнмен тіл қаттым:
– Кім екен бұл?
– Мен, Бикен апайыңмын, айналайын, – деді. Қарлығыңқы үнін соза түскен актриса апамның дауысын жазбай таныдым. Дегенмен мұнда көшіп келгелі бірде-бір рет ол кісінің жағдайын сұрап, әдейілеп телефон соқпағаныма ұялып:
– Апай, кешіріңіз дауысыңызды танымай қалдым, – деп қапелімде қипалақтап, сөз таппай қалдым...
– Соңғы уақытта газетке тек қысқа-қысқа хабар-ошардан басқа түк жазбай жүрсің. Тіпті тұшынып оқитын бір мақалаң жоқ. Сені Арқаға барғанда арқаланып жаза ма десек, қайта керісінше арқаңды кеңге созып жібергенге ұқсайсың. Әлде енді онда барғанда «Әй, дейтін ажа, қой, дейтін қожа жоқ» деп жүрсің бе? Мен мұнда болғанмен, сенің әр басқан қадамың мен жазғаныңды сырттай қадағалап отырамын. Ол жақ қазір төсіне түрен түспеген тың дала сияқты ғой, ешкім жазып үлгермеген тұлғалар қаншама? Өзгелердің қалам-қаруына ілігіп кетпей тұрғанда өзің соларды бірінші болып жазып жатсаң, ғанибет емес пе! Ұзын сөздің қысқасы, саған неге түк жазбай жүрсің деп қамшылап ұрсу үшін телефон соғып тұрмын, – деді.
– Апай, кешіріңіз, кешіріңіз, – деп күмілжіген күйі сөзімнің аяғын жұтып қойдым.
– Алда-жалда Алматыға жолың түссе, маған соқпай кетуші болма. Айтатын бір әңгімем бар, – деді де телефонның тұтқасын қоя салды... Айтайын дегенім, біздің алдымызда баяғыда түзу бағыт-бағдар сілтеп, ақыл-кеңес беріп отыратын осындай ардақты да айбынды апаларымыз болатын. Олар не десе, айтқандары заң еді. Тапсырмалары екі етпей орындалатын. Ұдайы қамшылап отыратын. Іздейтін. Сырласатын. Азғантай табысымызға қуана білетін. Сынап-мінегенде бойымыз сымша тартылатын. Қазір осыны ойлап отырсаң, ол да біздің маңдайымызға бұйырған Алланың бағы екен. Мұндай тұлғалар қазір өте сирек. Соңынан ерген жас ұрпақтың аяқалысына баға беру, апалық қамқорлық, мейірім, жалпы далалық, даналық көне дәстүрлер көмескі тартып бара ма, қалай өзі?
Аққұманын отқа әлсін-әлсін баппен қыздырып, қаймақ қатқан қою бұйра шайын құйып отырған кездегі Биапаның ажары қандай ашық еді, шіркін! Таңғажайып театр әлемінің қызығы мен шыжығы ұза-а-а-ақ баяндалар кеште мәрт көңілді еңселі жанның аңсаулы жүрегінің лүпілін сезіп, зор әсермен тарқасатынбыз. Бірде «Тоғысқан тағдырлар» телехикаятына не үшін түсіп жүргендігі жайлы шешіліп бір әңгімелегені әлі күнге естен кетпейді. Сол сәттер жадымызда жаңғырып, сыңғырлаған сазды сырлар өнеге өрнектерімен жүрек төрінде жиюлы тұр. Алматыға ат басын тіреген сапарларда Бикен Римова апамызға соқпай кету мүмкін емес еді. Шағыл құмдай уысыңда сусып тұрмайтын зымыран уақыт-ай десеңші. Ол кісінің өмірден озғанына көзді ашып-жұмғанша 17 жылдың қалай сынаптай тез сырғып өте шыққанын сезбей де қалыппыз-ау.
Өткенге ой салсақ, қаншама алдымызда ақмаңдай апаларымыз болған. Театр өнерінде Бикен апамның орнын бөлек санасақ, өнерде тағы сондай-ақ ғибратты тұлғаның бірі, марқұм қобызшы Тұрахан Сыдықова, сондай-ақ жастарға әрдайым ақыл-кеңесін аямаған Гүлбараш Байтоғаева, Қалихан Жәнібекова, Гүлбаршын Дүрманова... сынды тұлғалардың әрқайсысын өмірдің бір-бір мектебі ме дерсің.
Сөйтесің де қазіргі адамдар арасындағы сыйластық сызығына көз тігесің, еш туыстығы жоқ, бөгде адамды сүйіп, өзінен кейінгі тал шыбықтай өсіп келе жатқан өрімдей өскінді туғанынан кем көрмей, бауырына тартатын, өмірде адасып жүрген бейбақ жандарға тура жол сілтеп, қолынан келгенше қамқорлық көрсететін, өнегелік үлгісін танытатын жандар баяғы бір кездегідей жиі ұшыраса бермейді екен-ау деген ойға қаласың. Сол себепті де қазір «адамдардың бір-біріне деген мейірім-шапағаты азайып кетті» деген сыни сипаттағы сөздер жиі айтылатын болса керек. Ал мынадай тыныш заманда адамдардың мейірімі, бауырмалдық сезімі баяғыдан да қайта арта түсуі тиіс емес пе? Дейсіз. Осылар туралы ойланғанда, жамалы жаздай, сезімдері сұлу саздай ажарлы апаларымның аялы да аяулы көркем бейнелері көз алдыма моншақтай мөлдіреп тізіле қалады. Қазіргі жастардың сондай арқа сүйер апалары бар болса, кімдер екен, ә?