2018 жылғы 9-25 ақпан аралығында Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтетін ХХІІІ қысқы Олимпия ойындарында қазақстандық спортшылар адал жолмен биікті бағындыруды мақсат етіп отыр. Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында Мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбеков еліміздің намысын қорғайтын қыз-жігіттердің ешқандай допинг қолданбайтынына сенімді екенін жеткізді.
ХХІІІ қысқы Олимпия ойындарына әлемнің 80-нен астам елінен 5 мыңдай спортшы қатысады деп күтіліп отыр. Онда 15 спорт түрінен 102 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Ал Қазақстаннан Олимпиадаға 9 спорт түрінен 62 спортшы сайысқа түспек. Вице-министрдің айтуынша, дәл қазір отандық құрама команданың қоржынында 23 олимпиялық лицензия бар. Оның 10-ы биатлоннан, 10-ы шорт-тректен, 3-еуі мәнерлеп сырғанаудан. Қалған құрама командалар әлі де жарыстарға қатысып, жолдамаларды ұтып алып жүргенін ескерсек, оның саны өсуі мүмкін. Себебі, лицензияларды иелену мерзімі 2018 жылғы 20 қаңтарға дейін жалғасады.
«Біз спортшыларымызға үлкен үміт артып отырмыз. Орта есеппен 50-ге жуық олимпиялық лицензияға қол жеткіземіз деген сенімдеміз. Қазір ұлттық құрама команданың жарысқа ыждаһатты дайындалу кезеңін сапалы өткізуді ұйымдастыру, лицензиялық жарыстарда табысты өнер көрсетуіне жағдай жасау және Олимпиадаға киетін спорттық киімдерін әзірлеу секілді жұмыстар басты назарға алынған. Осы орайда спортшыларымыз туралы кеңінен ақпарат тарату үшін журналистерге де жағдай жасалып отырғанын айтқым келеді. Риодағы тәжірибедегідей Пхенчханда да арнайы баспасөз орталығын ашамыз. Бұл ақпарат өкілдеріне Олимпиада орнынан жылдам хабар таратуға мүмкіндік береді», дейді С.Мұсайбеков.
Вице-министр, сондай-ақ спортшыларымыздың қысқы Олимпиадаға допингтен ада, таза жолмен баруына айрықша мән беріліп отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, бүгінге дейін Қазақстан спортшылары бірнеше мәрте допинг сынамасын тапсырып, ол Германияның Дрезден қаласындағы зертханада тексеруден өткен. «Осы сынамалардың нәтижесі спортшыларымыздың допингтен таза екенін айғақтайды. Олимпиадаға жолдама алған спортшыларымыз жарыстың алдында тағы да допинг сынамаларын тапсыратын болады. Жалпы, Қазақстан – допингке қарсы мемлекет. Біздің басты мақсатымыз да – таза спорт. Біз тек адал жолмен жеңіске жетуді қалаймыз», деді ол.
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ, «Егемен Қазақстан»