(Қазақстан халқына Жолдауынан)
ЕЛДІҢ ҚАМЫ – ЕЛБАСЫНЫҢ ЖОЛДАУЫ Халқым күткен Елбасының Жолдауын, Елбасымыз күткен Елдің қолдауын, Бізге керек түсіністік, парасат – Бәрі осы бүгін айтар толғауым. Елбасының ойлайтыны – Ел қамы, Зиялы елді тебіренту толғамы, Қазақ деген елге керек әрдайым Ерен бірлік, ынтымақтың болғаны. Перзентімен тербетілер жер бесік, Бұл заманда күрес керек бел шешіп, Елбасының Жолдауында жыл сайын, Бір жаңалық көтереді еңсесін. Тәуелсіздік! Сақтау үшін не керек, Ана тілін ақтау үшін не керек, Туған елі қалай-қайтіп ел болар, Туған жері қалай-қайтіп көгерет?! Бар қасиет, барлық шындық бар мұнда, Сайын дала, асқар тауым, шалғын да, Бәрін айтып тебіренді Елбасы, Тура айтып Туған Елі алдында! Жалғыз Отан! Қазақ деген жұрт барда, Жүрегімен ұғынатын ұлт барда, Жаны ауырып, ақтарылып жүрекпен, Ел алдында шындық өзі шықты алға! Қазақ едік түскен сансыз азапқа, Еңсердік те жеттік бүгін ғажапқа, Есігінен сығалатпас Еуропа Төрін өзі сыйлады ғой Қазаққа! Өз қолында Елдің Ел боп орнауы, Өз қолында тілдің тіл боп толғауы, Халқымызды ойға салар тағы да, Елдің қамы – Елбасының Жолдауы!.. Шөмішбай САРИЕВ, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. ОН ЖЫЛДЫҢ ОЙЛЫ БЕЛЕСІ Жабал ЕРҒАЛИЕВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ақмола облыстық мәслихатының депутаты . Дөңгеленген дүние шартарабының күні-түні тынымсыз соққан жүрек лүпіліне құлақ түріп көріңіз. Адам баласы ендігі арада өзін-өзі сақтап қалудың амалын ойластыра бастағандай. Бүгінгі адамзатты ауа райының жылынып бара жатқандығы да, мәңгі мұздақтардың еруі де, табиғаттың түрлі катаклизмдері де, түрлі көзқарастар мен пікірлердің келіспеушілігінен болып жатқан қақтығыстар да ойландырып, сақтандырады. Ойланбасқа амалың да жоқ сияқты. Өйткені, жер бетін мекендеп отырған барша халықтың ортақ тағдыры бар. Ол – өмір сүру тағдыры! Сол өмір сүрудің қазіргі жағдайы бүгін және ертең, болашақта не істеу керек деген мәселені қайыра-қайыра алға тартатыны да бар. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жолдауы бізді осы бір ойларға жетелегені анық. Өйткені, Елбасы өзінің туған халқынан өзінің ойын да, ниетін де жасырып қалған жоқ. Дүние жүзі экономикасын тұралатқан жаһандық дағдарыстың әлі де басыла қоймағандығын айта келіп, Елбасы өз халқын таяудағы он жылдың белесіне ой жүгіртіп, көз тігуге шақырды. Бұл күндері Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп отырған Қазақстанның әлем алдындағы абыройы аспандап тұрғандығы тағы да ақиқат. Алайда, сол абыройдың көкжиегін одан әрі кеңейтіп, біз өз тәуелсіздігіміздің 19 жылғы кезеңінде қол жеткізген барлық табыстарымызды онан әрі баянды етуге мүдделіміз. Экономиканың дамуы жағынан Қазақстан әлемнің ешбір мемлекетінен кем түсіп жатпағандығы тағы да бар. Осыны айта келіп, Елбасы өз Жолдауында Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің өсімін арттыру және еңбек өнімділігін жақсарту мәселесін алға тартты. Бұл орайда Жолдауда болашақтың экономикасына Президентіміз айрықша тоқталып өтті. Әсіресе, ұлттық инновациялық жүйенің жаңа бағытпен даму қажеттігі көңілге үлкен сенім ұялатады. Астана қаласында үш жаңа ғылыми орталық құрылып, олар осы заманғы ғылымның жетістіктерін онан әрі дамыту ісімен шұғылданатын болады. Сондай-ақ, 2020 жылға дейінгі ғылыми технологиялық дамудың салааралық жоспарын әзірлеу жөніндегі Елбасының тапсырмасы біздің мемлекетіміздің болашағын ойлағандықтың бір белгісі екені анық. Сауатты сауда саясаты экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселесін көздеп отыр. Шетелдік инвестициялар тарту арқылы Қазақстанның индустриялды мемлекетке айналуын қамтамасыз ету ұлттық стратегияның негізгі әрі маңызды бір бағыты болып қала береді. Елбасы өзінің Жолдауында адам елдің басты байлығы екендігін айта келіп, биылғы Жолдауында да білім беру, денсаулық сақтау, өмір сапасын жақсарту және әлеуметтік қорғау жүйелерін онан әрі жетілдірудің жаңа міндеттерін алға тартты. Әсіресе, жұмыссыздық деңгейін азайту, өмір сапасы мен деңгейін жақсарту, ел халқының санын 2020 жылы 10 пайызға өсіру үшін мемлекеттің барлық қажетті жағдайларды жасайтындығы көңілге қуаныш ұялатады. Сонымен бірге, құқықтық реформаны жетілдіру мәселесі жұртшылықты елең еткізді. Өйткені, адамның құқын қорғау мәселесінде әлі де жүйені жетілдірудің көптеген өзекті мәселелері бар екендігі рас. Әсіресе, еліміздің заңдарын ізгілендіріп, олардың сапасын арттыру қажеттігін Елбасы ерекше атап көрсетті. Сөйтіп, жаңа құқық қорғау жүйесі жасалатындығы әрбір қазақстандықтардың көңілінен шыққандығы тағы да анық. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің туған халқын алдағы он жылдың белесіне жетелейді. Он жылдың міндеттері де айқын! Он жылдың бағдарламасы және де ненің қашан қалай жасалатындығы тағы да анық. Елбасының биылғы Жолдауын он жылдың ойлы белесі деуге әбден болады. Әсіресе, ішкі саяси тұрақтылықты сақтау он жылдың белгіленіп отырған міндеттерін жүзеге асырудың алғышарты болып табылады. Тәуелсіздігіміздің он тоғыз жылғы тарихында ел бірлігінің, ел тыныштығының қасиеті мен маңыздылығына әрқайсымыздың көзіміз жеткендей болса керек. “Елің тыныш болса, өзің де тыныш боларсың”, – деген қазақы қағидаға сүйенер болсақ, халқымыздың бірлігі мен ынтымағы Қазақстанды мекендеп отырған әрбір ұлт пен ұлыстардың бүгінгідей алаңсыз әрі бақуатты өмір сүруінің алғышарты, алтын өзегі екендігі дау тудырмайтын мәселе. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев табысқа жетудің төрт қағидатын басшылыққа алудың міндетін алға тартты. Елбасының айтып отырған осы бір төрт қағидаты елім деп соққан әр жүректі дір еткізгендігі де анық. Біздің ең басты құндылығымыз – Отанымыз бен Тәуелсіз Қазақстан екендігін айтқан Елбасының осы бір ауыз сөзіне әр қазақ баласы және де әрбір қазақстандық жүгінуге міндетті ғой деп ойлаймын. Біздің өз тіршілігімізде Отанымыздан басқа қымбат не нәрсе болуы керек?! Отаннан асқан байлық, Отаннан асқан дәулет, Отаннан асқан бақыт жоқ екендігін ұғына білгеніміз абзал. Ендеше, бәріміз болып өз Отанымызды, сол Отанымыздың тәуелсіздігін сақтау ісіне қызмет етуге тиістіміз. Ендігі арада Отанымыздың абыройын түсірерліктей, тәуелсіздігіміздің іргесін шайқалтатындай бос әңгімелер мен негізсіз әрекеттерге жол бермеуге міндеттіміз. Бұл ұлт алдындағы, ұрпақ алдындағы парызымыз бен қарызымыз болуы керек. Тіршілік үшін жанталасып жатқан әлем көшінен қалып қоймаудың жайын ойлаған Елбасының алға тартып отырған ойлы он жылының міндеттерін орындауды әрқайсымыз өз Отанымыздың алдындағы өтеуге тиісті азаматтық парызымыздай қабылданғаны жөн. Отан үшін, тәуелсіз Қазақстан үшін біздің бәріміз де жауаптымыз! Көкшетау. БҰЛ ЖОЛДАУ – ЖАҢА КЕЗЕҢНІҢ БАСТАУЫ Жәнібек КӘРІБЖАНОВ, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары. Бүгінгі таңда Адамзатты алаңдатып отырған жәйттер аз емес. Соның бірі ретінде әлемдік қаржы дағдарысының әрбір мемлекетке, барлық адам баласына әсер етуін айтар едім. Осындай күрделі кезеңде халықты рухтандыратын, келешекке деген үлкен сенімін орнықтыратын Президент Жолдауының орны да, рөлі де ерекше. Елге арналған осы Жолдаудың “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” деп аталуында да терең мән, үлкен салмақ жатыр. Яғни, бұл – тәуелсіз мемлекетіміздің 2020 жылға дейінгі даму кезеңін жан-жақты қамтитын стратегиялық жоспары. Елбасы Жолдауы жария етілді, басты бағыттар мен мақсаттар айқындалды, ендігі міндет – Мемлекет басшысы жүктеген осы тапсырмаларды орындау. Он жылдық мерзімді қамтитын маңызды құжаттың міндеттерін жүзеге асыру Үкіметтің, Парламенттің алдында тұрған жауапты да ауқымды істердің негізі болмақ. Қабылдайтын заңдарымыздың да, халық болып жұмыла көтеретін жүгіміздің де арқауы – осы Жолдау. Әлемдік қаржы дағдарысы есігімізді қаққанда “Ертеңіміз қалай болады?” деп қобалжымаған адам жоқ. Мемлекет басшылары, ғалымдар, экономистер өз жолдарын ұсынды. Бір ел қиындықтан қиналмай шығып жатса, енді бір елдер дұрыс таңдау жасай алмай, қабылдаған бағдарламалары өз деңгейінде іске аспай, қаржы дағдарысына тереңдей түскендіктен, тұрғындарының наразылығына ұшырап отырғаны да мәлім. Сол тұста Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев барлық жауапкершілікті өзіне алып, елдің бірінші кезекте атқаратын істерін көрегендікпен айқындап берді. Күрделі кезеңде, әлемдік қаржы дағдарысы экономикамызға қауіп төндіріп тұрған сәтте Елбасының ұстанған саясаты даңғыл жол болды. Біз сол жолмен жүрдік, Мемлекет басшысының сара жолы дұрыс бағыт болып шықты. Осыдан келіп шығатын ой – жыл басында жария етілген осы Жолдауда көзделген мақсаттардың дұрыс екендігіне және оның орындалатынына біздің сеніміміз мол! Қаржы дағдарысына қатысты қазір әлемде әрқалай пікірсайыстар жүріп жатыр, болжамдар айтылуда. Біздің Президентіміз осы Жолдауында “Қазақстан қандай бағытта дамуы керек? Тұрақтылыққа қол жеткізудің жолдары қандай? Әлеуметтік саланы қалай қолдау қажет? Әлемдік қоғамдастық алдында мемлекетіміздің беделін қалай арттыру керек?” деген секілді халықтың көкейінде жүрген мәселелердің бәріне жауап берді. Елді дамытудың тек бір жыл емес, он жыл бойы қандай бағытта жүруі керектігі жөнінде жан-жақты тоқталды. Бұл Жолдау Қазақстанның ішкі және сыртқы саясаты туралы болды. Бірақ сараптап қарасақ, Елбасы сөзінің әрбір түйінінде әлеуметтік бағытқа терең мән беру жөніндегі негіз бар. Ел тұрғындарының тұрмысын жақсарту басты мәселе ретінде қойылды. Экономиканың дамуы әрі қарай да Қазақстан азаматтарының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталатын болады. Биылғы сәуірдің 1-інен бастап бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің жалақысы мен жоғары оқу орындары студенттерінің шәкіртақысы 25 пайызға өсетін болды. Бұл жаңалықты халқымыз қуана қабыл алды. Елбасы мұндай қадамға өткен жылғы ел экономикасының рецессиядан өтіп, тығырықтан шығуының айқын белгісі екенін, өсімінің оң динамика көрсеткендіктен барып отырғанымызды айтты. Соғыс ардагерлерінің әлеуметтік жағдайын көтеру мақсатында қарастырылған игіліктер республикалық және жергілікті бюджеттерде аз емес. Соған қосымша Елбасының осы жолғы айтқаны – ел қаражатынан біржолғы көмек ретінде 65 мың теңге төленетін болды. Бұл бүгінгі салтанат құрып тұрған бейбіт өмірді қамтамасыз еткен, оқ пен от кешіп жүріп, қанымен, жанымен Отанды қорғаған ардақты ардагерлерімізге Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай жасалған мемлекеттік қамқорлық деп білемін. Бұдан бөлек Елбасы өз сөзінде соғысқа қатысушыларға теңестірілген тұлғаларға, соғыс ардагерлерінің зайыптарына, соғыста қаза болған майдангерлердің жұбайларына, соғыс мүгедектерінің қосақтарына, соғыс жылдары тылда еңбек еткендерге де материалдық қолдаулар көрсетілетінін жеткізді. Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектеріне жеңілдікпен жол жүру үшін 383 млн. теңге бөлініп отырғанын жария етті. Біз мұны, әрине, аға ұрпақ өкілдеріне деген ерекше құрмет деп түсінеміз. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елдің инвестициялық әлеуетін арттыру туралы арнайы тоқталды. Бұл жерде 160-тан астам жобаны жүзеге асыру жөнінде әңгіме қозғалып отыр. Ол елдің ІЖӨ-нің 40 пайызынан астамын құрайтынын, таяу үш жылда 200 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік жасайтынын мәлім етті. Ел тұрғындарының 46 пайыздан астамы ауылдық жерлерде тұрады. Олар Жер-ананың байлығы арқылы күн көріп, бала-шағасын асырап, қоғамның дамуына, халқымыздың ұлттық қадір-қасиеті сақталуына үлес қосып отыр. Алайда, ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі төмен жағдайда қалып келеді. Еліміздің ІЖӨ-нің 6,1 пайызын ғана құрайды. Мұндай көрсеткіш көлемінің ауылдағы ағайынның жағдайын жақсартуға мүмкіндігі жете ме? Мәселе осында болып тұр. Елбасы өз сөзінде 2014 жылға қарай агроөнеркәсіптік кешенде өнімділікті кем дегенде екі есе арттыру біздің басты міндеттеріміздің бірі екенін айтты. Сол арқылы ауылда тұратын халықтың өмірлік деңгейін көтере аламыз. Ауыл мен оның тұрғындарының жағдайын жақсарту үшін ауыл шаруашылығы тауарларының сапасын арттыру, жаңа құрал-жабдықтар мен жаңа технологияларды енгізу, әлемдік тәжірибені пайдалану міндеті алға қойылып отыр. Сонымен қатар, бүгінгі таңда өнімділікті үстемелеу үшін топырақтың құнарлылығын арттыру, экологиялық жағдайды жақсарту өте маңызды. Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы өнімінің өнімділігін арттыру, ұқсата біліп сапалы өңдеу өзекті мәселе болып отыр. Өңделген кезде ауыл шаруашылығы өнімінің бастапқыдағы бағасы екі-үш есе өседі. Диқандардың маңдай терін төгіп өсірген өнімін тиімді жолмен өткізу, сату жүйесін жолға қойсақ, ұтарымыз көп. Осы бағытта жасалатын қыруар істер тұр. Елбасы осының барлығын бір сөзбен айтып түсіндірді. Екіншіден, Президент азық-түлік қауіпсіздігіне баса мән беріп отыр. Елді сапалы әрі қауіпсіз азық-түлікпен қамтамасыз етіп, тұрғындарымыздың толық сұранысын өтеу қажет. Үшіншіден, отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін шетелге шығарудың пәрменін арттыру міндеті қойылды. Осындай бір жүйе қалыптасқан болса, өткен жылғыдай, яғни мол өнім берген астықты қайда өткізерімізді білмей, әуре-сарсаңға түсетіндей жағдай болмас еді. Қандай өнім өндірсек те, өзімізді қамтып, өңдеу жұмыстарын жүйелі жүргізіп, артық өнімді экспортқа шығаруға дайын болуымыз керек. Келесі бір мәселе – шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту. Елбасы өз Жолдауында Үкіметке 2011 жылы кәсіпкерлердің қызметпен айналысуына рұқсат берілетін құжаттарды жүргізуге байланысты операциялық шығындарды 30 пайызға, ал 2015 жылы тағы да 30 пайызға қысқартуды тапсырды. Осының барлығы шағын кәсіпкерліктің шын мәнінде дамуына жол ашады. Елбасы аталған саланы дамыту үшін бірқатар елдердің тәжірибелеріне сүйеніп, өзіміздің ерекшеліктерімізді ескере отырып, индустриялық парктер құру қажеттігі жайлы пайымды ой айтты. Қызметін жаңа бастағысы келген кәсіпкер үшін жер алуға, қажетті коммуникациялық жүйелерге, жол тартуға, электр желісіне қосылуға көп уақыты кетеді. Сондықтан индустриялық парктер коммуникациялық жүйемен қамтылуы керек. Шығыс Қазақстан облысында қызметте жүргенімде біз бұл мәселені, яғни бизнесті дамыту аймағын құрып, жұмыс істеу тәжірибесін қолға алған едік. Өкінішке қарай, қаржы дағдарысына байланысты ол бастама тоқтап қалды. Қазір индустриялық парктер құруға мүмкіндік бар. Еліміздің барлық өңірінде сол аймақтың ерекшеліктеріне орай жүзеге асырылуы тиіс деп есептеймін. Егер 2006 жылғы халыққа арнаған Жолдауында Қазақстанның бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына ену керектігі айтылса, бұл жолы 2020 жылға дейін Қазақстан ең қолайлы бизнесті дамытуға барлық жағдайды жасаған 50 елдің қатарына енуі керек екенін жария етті. Ол үшін осы саланың дамуына жол ашу, мемлекет тарапынан қолдау көрсету, қаржылық жүйенің орнықты жұмыс істеуін қамтамасыз ету, заңдарды реттеп, сенімді құқықтық ортаны қалыптастыру қажет екені айтылып, Үкіметке нақты тапсырмалар берілді. Елбасы білім беру саласында атқарылуға тиісті бірінші кезектегі мәселелерді ашып берді. Яғни, мектепке дейінгі балдырғандарды толық қамту үшін елімізде тұңғыш рет “Балапан” бағдарламасы қабылданбақ. Осы арнайы бағдарламаны Үкіметтің әкімдермен бірге дайындап, үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығынан бастап жүзеге асыруы жөнінде тапсырма берілді. Кәсіптік-техникалық білім беру саласы ел экономикасынық сұраныстарына сәйкес мамандарды тәрбиелеп шығаруы қажет. Өткен жылы наурыздың 27-сінде осыған орай Мәжілісте “Қазақстан Республикасындағы техникалық және кәсіптік білім берудің Мемлекеттік бағдарламасын іске асыруды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету туралы” парламенттік тыңдау болып өтті. Көтерілген мәселе төңірегінде депутаттық корпустың ұсыныстары Үкіметке жолданды. Өкінішке қарай, елімізде жұмыссыздық бар, сонымен қатар, мамандарды қажет етіп отырған жұмыс орындары да бар екені анық. Орта буындағы қажетті мамандарды даярлау – өзекті мәселенің бірі. Президент осы жәйттерді ашып айтты. Біз енді осыған баса назар аударуымыз керек. Еліміздің жоғары оқу орындары әлемдік университеттердің деңгейіне жетуі тиіс екені өте орынды айтылды. Және де білім мен ғылым саласын жаңа заман талаптарына сай реттеу үшін биылғы жылдың бірінші тоқсанында-ақ Парламентке заң жобасын ұсыну жөнінде Үкіметтің алдына міндеттеме қойылды. Қазір Мәжіліс қабырғасында “Білім туралы” Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” жаңа заң жобасы қаралып жатыр. Жолдауға орай жаңа толықтырулар енгізіліп, заман талабына жауап беретін заң болып шығуы керек. Білім мен ғылымды бір-бірінен ажыратуға болмайды. Сондықтан ғылым саласын өркендетуге, оның заңдық негізін нығайтуға баса мән берілуі қажет деп есептеймін. Елбасы индустриялық-инновациялық бағдарлама төңірегінде келелі ойлар айтып, бұл салаға жаңа көзқарас керек екенін ескертті. Бағдарламаны дайындаған кезде басты ұстанған қағида – бұл құжаттың бұрынғы қабылданған нұсқаларына сәйкес болмайтыны анықталды. Өйткені, әлемдік қаржы дағдарысы экономиканы құруды, тіпті ойлау, мақсат қою жүйеміздің өзін өзгерту қажеттігін дәлелдеп берді. Қаржы дағдарысы ипотекадан басталды десек те, көптеген елдердің қаржы, банк жүйесіндегі орын алған қателіктердің те салдарын есептен шығаруға болмайды. Осыны ескерсек, біздің елге индустриялық-инновациялық бағдарлама жасау оңайға соққан жоқ. Келешек уақытта қандай қаржы жүйесін құруымыз керек, оның қандай тәсілдері тиімді болады? Соның барлығын сараптап, кешенді бағдарламаны жүзеге асыра білсек, еліміздің тұрақты дамуына қол жеткіземіз. Өйткені, біздің елде әр түрлі қаржылық секірістерге төтеп бере алатын жүйе болуы қажет. Алдымыздағы міндеттердің бірі қаржы, экономика жүйелерінде мемлекеттік реттеу мен нарық заңдылықтарының ара салмағын табуымыз керек. Кезінде Жапония нарық экономикасына көшкенде осы мәселені шешіп алуға баса мән берді. Әлемдік тәжірибе бар, соны жаңа заманға лайықты түрде іске асыра білуіміз керек. Жуырда ел Президенті банк жетекшілеріне тек өздеріне қатысты қызметпен айналысуы тиіс екенін айтты. Яғни, қаржыға қатысы бар деп банктерге сақтандыру, сол сияқты басқа салалардың қызметімен айналыспауы тиіс және қосалқы құрылымдары болмауы керек екенін ескертті. Жалпы, әрбір құрылым өзіне тән іспен айналысса, нәтиже жоғары деңгейде болмақ. Соңғы кездері табиғи монополияларды реттеуге қатысты мәселе біздің қоғамда жиі көтеріліп жүр. Өйткені, бұл – бүкіл халыққа тікелей қатысты сала. Бүгінгі таңда тарифтерді реттеуде Үкімет тікелей қатысып, бағаның ырықсыз өсіп кетуіне жол бермеуі керек. Мысалы, қазіргі уақытта Үкімет жанармайдың бағасын реттеуге кірісті. Сол секілді тарифтерді бір жүйеге келтіруді қолға алды. Осы орайда бағаларды, тарифтерді реттеу мәселесіне де байыппен қараған жөн. Алынған шешімдер бизнестің аяғына тұсау болмауы керек. Сондықтан шешілуге тиісті мәселелер жетерлік. Елбасы индустриялық-инновациялық бағдарламаны салааралық баланс жасау керектігін айтты. Бұл құжат индикативті жоспарларды жасауға негіз болады, инвестицияның бағыттарын белгілейді. Мемлекетте іске асатын жобалар, шығарылатын өнімдер көлемі өзімізге жеткілікті және экспортқа шығаруға мүмкіндік барда ғана қолға алынуы керек. Бұған қатысты да тәжірибе бар. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Кеңес Одағының ғалымдары осындай тәжірибені ұсынғанмен, ол кезінде дұрыс пайдаланылмады. Қазір индустриялық-инновациялық бағдарламаны іске асыруға ел болып көп күш-жігер жұмсауымыз керек. Белгілі бір мекемелер немесе жауапты адамдар орындайды деп қарап отыруға болмайды. Бәріміз осы мақсатта жұмылуымыз қажет. Бұл істе “Жұмыла көтерген жүк жеңіл” деген халықтық қағиданы басшылыққа алған дұрыс. Елдің әлем алдындағы абыройын арттыруға қатысты Мемлекет басшысы сындарлы ойларымен бөлісті. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы әлем халықтарының өркендеуі мен қауіпсіздігін дамытуға бағытталатынын айтты. Ел алдында үлкен жауапкершілік тұрғанына баса тоқталып өтті. Қазақстандағы ынтымақ, әлемдегі бейбітшілік пен қауіпсіздік мәселелері жайлы терең толғанды. Қай ел де жеке-дара өмір сүрмейтіні белгілі. Қазақстан да әлемнің көптеген елдерімен ынтымақтастық байланыс орнатты. Соның ішінде тиімді сауда-экономикалық қарым-қатынасты өркендету мақсатында Қазақстан, Ресей және Беларусь бір Кедендік одаққа бірігіп отыр. Бұл қадам да Елбасының көрегендік саясаты екені анық. Біз шетел өнімдері басып кетеді деген үрейден аулақ болуымыз керек. Өйткені, барлық елге де бәсекеге қабілетті, сапасы жоғары, бағасы қымбат емес, алған өніміне лайықты тауарлар қажет. Ал басқа елдердің тауарларымен сапасы жағынан да, бағасы жағынан да бәсекеге түсу біздің елдің тауар өндірушілерін жаңаша жұмыс істеуге, былайша айтқанда, өсіп-жетілуіне бағыттайды. Бірақ алғашқы кезде өсіп келе жатқан кәсіпкерлікті мемлекет тарапынан қорғау және қолдау да қажет. Елбасы Жолдауына сәйкес Үкімет таяу күндері жедел қарқынмен жұмыс істеп, алдағы он жыл ішінде, сонымен қатар, бес жылдықтар арасында қандай маңызды істер атқарылуы керек екенін елеп-екшеп, нақты бағдарламалар дайындап, оны орындаудың жолдарын бекітеді деген сенімім бар. Өйткені, Президент Жолдауында айқындалған бағдарлардың орындалуы да қатаң бақылауда болатыны осы жолы ерекше айтылды. Бұл елді дамытудағы нақты істердің жүзеге асуына алып келетін бірден-бір жол екені анық. Үкімет жыл сайын елдің даму жоспарын, үш жылдық республикалық бюджет жоспарын дайындап, Парламентке ұсынады. Ендігі жерде үш жылдық бюджет жоспарлары осы он жыл кезеңді қамтитын Елбасы Жолдауының негізінде дайындалатын болады. Қоғамды алға бастыратын оң өзерістер жасау үшін Парламент алдына да жаңа міндеттер қойылды. Өткен жылы дағдарысқа қарсы іс-шараларды атқаруға негіз болатын заңдар қабылданды. Енді дағдарыстан кейінгі уақытта ел дамуы үшін керек заңдарды қабылдау міндеті тұр. Ол үшін депутаттық корпус елге қажетті, қоғамға тез кірігіп, жұмыс істеп кететін маңызды заңдарды сапалы да дер кезінде қабылдауы қажет. Оның ішінде елімізде индустриялық-инновациялық бағдарламаның жүзеге асуына қолдау жасайтын заңдар болмақ. Мемлекеттік басқару, бюджет жүйесі, қаржы секторын реттеу, банктер туралы заңдарға өзгерістер енгізу, акционерлік қоғамдар туралы, энергия үнемдеу, ауыл шаруашылығының жүйесіне қатысты және басқа да заңнамалық актілерді қабылдау – депутаттар міндеті. Үкімет таяу уақытта жаңа Жолдауға сәйкес заң жобаларын ұсынады деген ойдамыз. Парламентшілер Қазақстанның келешегін айқындайтын заңдардың өмірге келуіне атсалысатыны анық. Елбасы өзінің Жолдауында еліміздегі билік партиясына қаратып, біз бүкіл қоғамды, партияның барлық мүшелерін алдағы онжылдық міндеттерін түсіндіру мен іске асыруға жұмылдырып, іс жүзінде бұл жұмысқа жетекшілік ететін және оны өзінің бағдарламасы жасайтын “Нұр Отан” партиясының мүшелеріне үлкен үміт артамыз, деді. Сөйтіп, өзі Төрағасы болып табылатын саяси құрылымға сенім білдірді. Біз де осы сенім үдесінен шығу жолында қолымыздан келгеннің бәрін жасауға тиіспіз. Мемлекет басшысы жаңа онжылдықта бізге демократиялық мемлекеттегі құқық қорғау қызметінің жоғары халықаралық стандарттарына сәйкес келетін жаңа құқық қорғау жүйесі қажет екенін ерекше атап өтті. Осы орайда Президент Әкімшілігіне, Үкіметке, Жоғарғы Сотқа, құқық қорғау органдарына құқықтық кеңістікті жетілдіру бойынша жүйелік жұмысқа шұғыл кірісуді тапсырды. Осыған байланысты құқық қорғау жүйелерін реформалау жөніндегі заңдар жобалары Парламентке жақын арада енгізілуі қажет. Ең бастысы, Қазақстанның алдында ел экономикасының тұрақты дамуына қол жеткізу мақсаты тұр. Экономикасын бір қалыпты сақтаған елдің халқы да сенімді болады. Өркениетке қол жеткізген елдер секілді Қазақстан да тұрақтылығы қалыптасқан мемлекетке айналуы тиіс. Бұл Жолдау жаңа кезеңнің бастауы болды. Өткенді сараптап, бүгінгі жетістігімізді бағалап, алдағы ел болып атқаратын келелі істерге көз шолып отырмыз. Елбасы Жолдауынан түйген ойымыз осындай. ӨРКЕНДІ ІСТЕР — ӨҢІРЛІК ДАМУ БАСТАУЫ Нұржан ӘШІМБЕТОВ, Петропавл қаласының әкімі. Елбасы Н.Назарбаевтың биылғы Жолдауын Петропавл қаласының тұрғындары да қанағат сезіммен қарсы алып, өз қолдауларын білдіруде. Мен шаһардың шағын аудандарында өтіп жатқан есепті кездесулерімді осынау тарихи құжаттан бастап, жиынға қатысушылардың үлкен қызығушылықпен үн қосуының куәсі болып жүрмін. Мұхиттың арғы жағынан басталған қаржы дағдарысы кезінде көбіміздің тұйыққа тірелгендей күй кешкеніміз рас. Әлеуеті күшті деген мемлекеттердің экономикасы тұралап қалған сәтте біз есімізді тез жидық. Жасампаздыққа жұмыла кірісіп, экономикамыз серпінді дами түсті. Мұның бәрі тұңғыш Президентіміздің жаһандық қиындықты алдын ала болжап, нақты шаралар қолдана білуінің арқасы. Осылайша, жаңа онжылдығымызда да еңсеміз көтеріліп, әл-ауқатымыз, тұрмыс-тіршілігіміз жақсарды. Жеткен жетістіктерімізді әлем жұрты мойындады. БҰҰ-ның өзінің 2009 жылғы баяндамасында Қазақстанды адам әлеуетінің жоғары деңгейлі елдер қатарына жатқызуы — соның айқын дәлелі. Қазақстанның алдағы мүмкіндіктері, алға қойып отырған асулары бұдан да зор. Оны Елбасы өз Жолдауында жан-жақты айтып берді. 2020 жылға дейінгі даму стратегиясын белгілегенде дұрыс шешімдер қабылдаудың маңызы зор екенін ерекше атап көрсетті. Жолдауда жаңалықтар көп-ақ. Солардың ішінде өңірлік даму реформаларын ұсыну арқылы әртараптандыруға қол жеткізу міндеті күн тәртібіне ерекше қойылып отырғанын атап өткен жөн. Соған орай, мәселен, солтүстікте аграрлық индустрияға басымдық беру, АӨК-ні дамыту айрықша маңызды. ӘКК-ні жергілікті атқарушы органдар қарамағына беру іс жүзінде бизнесті өркендетуге ықпал етері даусыз. Бүгінде экономиканы әртараптандырмай болмайды. Бұл – өмір талабы. Онсыз іс алға баспайды. Әлемнің бәсекеге қабілетті елу елінің қатарына енудің тура жолы – осы. Президент ел дамуының жаңа мүмкіндіктері индустриялық дамуда жатқанын айта келіп, оның негізгі үш бағытын айқындап берді. Негізгі салмақ еңбек өнімділігінің артуына түсетінін қадап айтты. Шынында да солай. Президенттің бұл тапсырмалары Петропавлдағы ауыр өнеркәсіп саласын өркендетуді қамтамасыз етуге кең мүмкіндіктер берері сөзсіз. Былтыр бұл бағыттағы кәсіпорындар 13,2 миллиард теңгенің өнімдерін шығарды. Бұл 2008 жылмен салыстырғанда 1,3 есе көп. “ЗИКСТО” АҚ өткен жылы 230 вагон құрастырса, биылғы межесі – 400. “Мұнаймаш” зауытында өндіріс көлемі 1,3 есе өсіп, 1,5 миллиард теңгені құрады. Міне, істің көзін тапқандар осы заманғы технологияларды өндіріске енгізе отырып, еңбек өнімділігін арттыра білді. Жасыратыны жоқ, бұл көрсеткіш бойынша еліміз әлі де артта қалып келеді. Қазақстанда бір қызметкер жылына 17 мың доллардың өнімін өндірсе, дамыған елдерде 5 еседен асып түседі екен. Нұрсұлтан Әбішұлының тапсырмасымен Үкіметтің жедел индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасын жасауы алда атқарылатын іс-қимыл жоспарымыздың қаншалықты маңызды екенін аңғартса керек. Жолдауда қамтылған мәселелер жетіп артылады. Әрқайсысы жеке әңгіме тақырыбы десе де болады. Мен кейбіріне ғана тоқталып өттім. Ең бастысы, кемел болашағымыздың жарқын беттерін айқындап берген Жолдау солтүстікқазақстандықтардың да ерен еңбек құлшынысын тудырып отыр. Солтүстік Қазақстан облысы. ХАЛЫҚҚА ТҮСІНДІРУГЕ САЛМАҚТЫ КӨЗҚАРАС Мемлекет басшысының Жолдауын халыққа түсіндіру жөніндегі ақпараттық-насихаттық жұмыстарды ұйымдастыру бойынша “Нұр Отан” ХДП осы шараларды талқылау үшін “Елбасы Жолдауы: жаңа тапсырмалар мен басымдықтар” тақырыбында семинар-жиналыс өткізді. 1 ақпан күні Астана қаласында партияның аймақтық филиалдары төрағаларының идеология мәселелері жөніндегі орынбасарларының қатысуымен “Елбасы Жолдауы: жаңа тапсырмалар мен басымдықтар” тақырыбында республикалық идеологиялық семинар-жиналыс өтті. Осы іс-шара аймақтарда аса сапалы және тереңдетілген түсіндірме жұмысын ұйымдастыру үшін Елбасы Жолдауы шыққаннан кейін бірден өткізілді. Онда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың 29 қаңтардағы “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” тақырыбындағы Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіру және жүзеге асыру жөнінде партияның ақпараттық-насихаттық әрекетінің негізгі бағыттары талқыланды. Түсіндірме жұмысының ұйымдастырылуындағы негізгі әдістемелік қадамдар жөнінде сөз қозғалып, бастауыш партия ұйымдарымен жұмыс істеудің негізгі бағыттары құрылатын болды. Семинар-жиналыс партия хатшысы Е.Қариннің төрағалық етуімен өтті. Ол өз сөзінде “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Елбасының Жолдауына стратегиялық сипат беретіндігін атап өтті. Ол бұрынғыдай даму, игілік, әл-ауқат құндылықтар базасына сүйенеді. Сонымен бірге, партия хатшысы халық арасында Жолдауды түсіндіру қадамын өзгерту керектігі жөнінде ұсыныс айтты. Оның пікірінше, мақсатты топтардың арасында қарапайым түсіндіруден “кетіп”, терең талқылауларға ден қою қажет”. “Егемен-ақпарат”. ӨЗГЕРІСТІ КЕЗЕҢНІҢ БАСТАУЛАРЫ Ержан КЕЗБАЕВ, “Матай” шаруа қожалығының басшысы. Егемен еліміздің ертеңіне деген сенімділік сезімін бойымызға ұялатып келе жатқан Елбасымыздың Қазақстан халқына Жолдауын жыл сайын асыға күтетініміз рас. Себебі, Нұрсұлтан Әбішұлының жыл сайынғы жолдауларында тәуелсіз мемлекетіміздің болашақтағы экономикалық-әлеуметтік дамуының, саяси тұрақтылығының тұғырын бекітуге бағытталған іс-жоспары айқындалады. Ал бұл – әр қазақстандық үшін өте маңызды. Жолдауларда айқындалған бағыттар мен атқарылмақ жұмыстардың мерзімінде жүзеге асып, халқымыздың тұрмыс-тіршілігі жақсара түскенін дәлелдеп жату артық. Жолдауда қамтылған іс-шаралардың салмақтылығын осыдан аңғаруға болады. Елбасының Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауын теледидардан көріп, ел Президентінің сөзі мен ісі сабақтас өрілетініне тәнті болдым. Онда алдағы онжылдықта еліміздің қандай биіктерді қалай бағындыратыны жан-жақты баяндалды. Қоғамдық өмірдің әр саласы бойынша басым бағыттарды жүзеге асыру жолдарын айқындаған бұл құжат еліміздің дағдарысты еңсеріп, еркін дамуға қадам басқанын дәлелдей түсті. Өткен жылы жүзеге асырылған “Жол картасы” бағдарламасының қайтарымды болғанын естідік, ел ертеңіне негізделген жаңа бағдарламалардың да оң өзгерістерге жеткізетініне сенімдіміз. Әсіресе, ауыл шаруашылығын дамыту бағытында алға қойылып отырған міндеттер ауқымды. Десек те, қазіргідей Үкіметтің қолдау жағдайында жасалып жатқан шаруалар оны жүзеге асырудың негізі қаланғанын аңғартады. Қазірдің өзінде ауыл шаруашылығы өнімдерін әлемдік стандартқа сай өңдейтін кәсіпорындар қатары жыл сайын көбейіп келеді. Сондай-ақ, өзімізді өзіміз азық-түлікпен қамтамасыз етудің сәтті қадамдары жасалуда. Ірі қалалар маңында азық-түлік белдеуін жасау соның бір үлгісі ғана. Мен басқаратын шаруа қожалығында асыл тұқымды қырдың қызыл сиыры, қой, жылқы өсіріледі, егін саламыз. Шаруамыз жаман емес. Соңғы жылдары Үкімет саланы дамытуға қаржылай жеңілдіктер жасап отыр. Мұндай қолдаудың алда жалғасатынын естіп, қанаттанып қалдық. Елбасымыз ұстанған сара саясаттың арқасында ауылдық жердің ажары кіріп, шаруа адамының тұрмысы түзеле бастағаны да шындық. Елбасы айтқандай, қай салада да әркім елдікті түсініп өмір сүрсе, ертеңіміз бұдан да жарқын болатынына сенім мол. Жолдаудағы жоба-жоспарлар, ой-түйіндер түсінген адамға осыны аңғартады. Ақтөбе облысы. БАСТЫ БАЙЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ ДЕСЕК... Дәметкен ИБРАЕВА, жоғары санатты дәрігер, “Құрмет” орденінің иегері. Еліміз егемендікке қол созған беттен бастап, тәуелсіз жас мемлекетімізде әлеуметтік мәселелерге, соның ішінде халқымыз айтқандай, басты байлық – денсаулық деген қағидаға орай медицинаны дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Соның айғағындай, Семейде егемендіктің елең- алаң шағының өзінде консультациялық диагностикалық орталық ашылды. Іле осы орталыққа Жапония сияқты дамыған елдерден медицинаның озық құрал-жабдықтары келе бастады. Соның нәтижесінде қазірде орталық осы өңірдегі бірден-бір іргелі емдеу мекемесі болып табылады. Ал мұндай орталықтың Семей атом полигонынан зардап шеккен аймаққа қаншалықты қажет екені айтпаса да түсінікті. Менің де аталған орталықта жұмыс істей бастағаныма жиырма жылға жуықтап қалды. Мұның алдында елде қызмет етіп келдік. Жалпы, медицина саласында еңбек ете бастағаныма жарты ғасырға жуықтап қалды. Өткен жылғы тәуелсіздік мерекесінде тәуелсіз мемлекеттің “Құрмет” орденімен марапатталдым. Мұны мен мақтан үшін емес, егемен елде медицина саласы қызметкерлеріне жасалып жатқан қамқорлық, құрметтің бір мысалы ретінде тілге тиек етіп отырмын. Одан әрі жалғастырып айтсам, жалақымыз жыл сайын өсе түсіп келеді. Ал мұны өз басым жалпы қазақстандықтарға жасалып отырған қамқорлық деп түсінемін. Өйткені, біз алаңсыз еңбек етсек, денсаулық сақтау саласы да ілгерілей түседі. Елбасы соның бір айғағындай, қазақстандықтарға арнаған биылғы Жолдауында елімізде медицина саласын барынша дамыта отырып, ел халқының орта жасын таяу жылдарда 72-ге дейін жеткізу міндетін алға қойды. “Бізде жер де, жер байлығы да жеткілікті. Тек халық саны аз. Әлемдегі іргелі елге айналу үшін көбеюіміз керек”, деді Мемлекет басшысы. Соның бәрі үшінші байлыққа, яғни халықтың денсаулығына байланысты екендігі айтпаса да түсінікті. Адам жанының арашашысы деп аталатын біз, дәрігерлер қауымы сол үшін күресетін боламыз. Семей.
•
02 Ақпан, 2010
ОНЖЫЛДЫҚТА ОЙДАҒЫМЫЗ ОРЫНДАЛАДЫ!
1457 рет
көрсетілді