• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
10 Қараша, 2011

Астана – тәуелсіздіктің тұғырлы белесі

1129 рет
көрсетілді

Еліміздің жаңа астанасын көшіру және салу Тәуелсіз Қа­зақстанның қалыптасуындағы елеулі тарихи кезең болып табылады. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа ас­тананың алғашқы қазығы қағылған күнінен бастап, қа­ла­ның әрбір ғимаратын, әрбір құрылыс алаңын жүрегінің жы­луы­мен аялап, бас жоспарынан бастап, архитектуралық док­тринасына дейін қалыптастыруы Астана қаласының ас­қақ­тай дамуына жүйелі де тиімді қарқын беріп отыр.

АРМАН ҚАЛА

Қазақстан астанасы тәуелсіз еліміз­дің тұғырлы символдарының бірі бо­лып табылатындығы сөзсіз. Астана – Ел­ба­сының, Арқа төсіндегі ғасыр ға­жа­йы­бы авторының ақыл-ойы, мақсат-мүд­десі, арман-қиялының қыш болып қашалып, тастай құйылып, болашаққа мұра қыл­ған тұғырлы жетістігі. Сон­дық­тан да Ас­тана Мемлекет басшы­сы­ның және еге­мен еліміздің әрбір тұр­ғы­нының жү­ре­гінде лайықты орын алған. Әрбір қа­зақстандық өзінің бас қаласын мақтан тұтады. Ал еліміз бойынша жүр­гізілген әлеуметтік зерттеулер қо­ры­тындысы бой­ынша ел азаматтарының 93 пайызы оны республикамыздың қарқынды да­мып келе жатқан экономикасының бас­ты локомативі деп түсінеді. Президент Астананы одан әрі дамыту мәселесіне арналған биылғы кеңесте: «Астана – бұл біздің ортақ жұмысымыз, ортақ мақ­танышымыз, ортақ міндетіміз», деп атап көрсетті. Мұндай мақсатты бағдар ұлы жетістіктерге жеткізеді. 2000 жылдан бастап қаламыздың өңір­лік жалпы өнімі 16 есе өссе, бір адамға шаққанда 9 есе өсіп, әрбір қала тұрғынына шаққанда 18,5 мың АҚШ дол­ларын құрады. Бұл Қазақстан бой­ынша жалпы орташа көрсеткіштен 2 есе жоғары. Бұл – Еуропалық одақтың да­мы­ған мемлекеттеріне тән көрсеткіш. Өткен онжылдықтар көлемінде қала­мыз­­дың тамаша архитектуралық сәулеті және ғажайып келбеті қалыптасты. Қала тұрғындары үшін қолайлы тұрмыстық жағдай жасалды. Мәселен, 2010 жылы 20 мың ағаш және 15 мың түп бұта отыр­ғызылды немесе әрбір адамға шақ­қанда 11,4 шаршы метр жасыл желек қалыптасты. Биылғы жылдың аяғына дейін 40 мың түп ағаш және 7 мың құма метр бұта отырғызылмақ.

АЙТУЛЫ ОҚИҒАЛАР ОРДАСЫ

Астана қаласының жоғары дәреже­сіне және саяси салмағына қаламызда тұ­рақты түрде өтіп келе жатқан ха­лық­аралық дәрежедегі маңызды шаралар куә болса керек. Соңғы жылдар Қа­зақстанның жас астанасы тарихындағы аса маңызды оқиғаларға толы болды. Тәуелсіз еліміздің бас қаласында ЕҚЫҰ саммиті, VII Қысқы Азия ойындары, ИКҰ форумы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесі, Шанхай ынтымақтастық ұйымының мү­шелтой саммиті және басқа маңызды да ауқымды жаһандық оқиғалар аса жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Төменгі диаграммада көрсетіліп от­ыр­ғанындай, елорда тұрғындары Қысқы Азия ойындарының өткізілуіне жоғары баға берді. Астаналықтардың басым көп­шілігі Азиаданы ұйымдастырушы отан­дастарымызға ерекше жоғары балл қойды. Қазақстанның елордасы әлемнің әртүрлі елдерінен көптеген қонақтарды қарсы алады. 2010 жылы қаламызда бол­ған қонақтар саны 464 403 адамды құрады. Үстіміздегі жылы Астана қала­сында маңызды халықаралық шаралар­дың көптеп өткізілуіне байланысты бұл көрсеткіш еселеніп отыр. Төмендегі диаграммадан көрініп отырғанындай, Астанаға келетін турис­тердің басым көпшілігі – 52,8 пайызы іскерлік мақсатта және 44,2 пайызы де­м­алыс мақсатында келеді екен. Елі­міз­дің астанасында оларға 185 туристік фир­малар қалтқысыз қызмет көрсетеді. 2010 жылы туристік саланың көр­­сет­кен қызметінің жалпы көлемі 11,7 миллиард теңгеден асып жығылса, сатылған жолдамалардың бағасы 1,4 миллиард теңгені құраған.

ҚОЛАЙЛЫ МЕКЕН

Бас қаламыздың қарқынды дамуы, миллиардтаған инвестициялардың құ­йы­луы, аз уақыттың ішінде архи­тек­ту­ра­лық-құрылыс сәнінің салтанат құруы Астананың ТМД қалалары ішіндегі өмір сүруге ең қолайлы қала ретінде та­ны­луы­ның кепілдігіне айналды. Ха­лық­ара­лық астаналар және ірі қалалар ассам­блеясы өткізген байқау қорытын­ды­сын­да Астана конкурсқа қатысқан ТМД-ның 81 қаласының ішінен үздік деп та­нылды. Бұл нақты фактілермен дәйек­телді. Астана бүгінде ТМД аумағында адами ресурстарды өзіне тартатын негізгі орталыққа айналды. Өткен 13 жыл ішінде елорда тұрғындары 2 еседен астам өсіп, статистика деректері бойынша 700 мың адамнан асты. Төмендегі суреттен көрініп отыр­ға­­­нындай, соңғы жыл­­­дары ішкі көші-қон көрсеткіші бойынша Астанаға негізінен Ақмола, Оңтүстік Қа­­­­зақстан және Қара­ғанды облыс­тар­ы­ның тұрғындары көп­теп қоныстанған. Шетелдіктерге келетін болсақ, қа­зақстандық елордаға тұрақты өмір сүру үшін қоныс аударатындар негізінен жа­қын шетелдерден келеді. Ал Астанаға келетін еңбек мигранттары керісінше, негізінен алыс шетелдердің азаматтары екен. Еліміз бойынша жүргізілген әлеу­меттік зерттеулер қорытындысында, астаналықтардың басым көпшілігі мигранттар мәселесіне түсіністікпен қарайтыны анықталды. Сондай-ақ сауал қойылған респонденттердің көпшілігі мұндай көші-қон экономикамызға оң ықпал етіп, Қазақстанды жаңа идеялар тартатын ашық алаңға айналдырады деп есептейді.

ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҚ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Қазақстан халқына арнаған өткен жыл­ғы Жолдауында «Біздің елордамыз, эко­номикасы бәсекеге қабілетті, ел аза­мат­тары мен туристер үшін тартымды қала – Астананы одан әрі дамытуға айрықша маңыз берілетін болады», деп атап көрсетті. Мәселен, соңғы жылдары қалаға тар­тылған инвестиция көлемі 6,5 есе өскен, өнеркәсіп өндірісі артып, шағын бизнес өнімдерінің көлемі 9 есе, тұрғын үй құрылысын пайдалануға беру көлемі 10 есе өскен. Қала бюджеті 10 есе ар­тып, 2 миллиард АҚШ долларын құрайды. Мемлекет басшысының елордаға деген тұрақты жанашырлығы мен қолдауы Астана қаласындағы құрылыс саласы­ның оң динамикасының сақталуына ық­пал етті. Тек соңғы 3 жыл ішінде ғана қалада 4 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Ағ­ым­дағы жылы тағы да 1,4 миллион шар­шы метр тұрғын үй іске қосылады. Қала әкімдігі 2011-2014 жылдарға арналған тұрғын үй құрылысының жаңа бағдар­ламасын жүзеге асыруға кірісті. Бұл мәселе бойынша жұмыс басталып кетті. Жаңа бағдарлама шеңберінде 1 миллион шаршы метр тұрғын үй іске қосылады деп жоспарлануда. Елордадағы бизнес-ахуал барған сай­ын тартымды болып келеді. Кәсіп­кер­лік белсенділіктің артуына байла­ныс­ты Қазақстан көп ретте өңірлік жал­пы өнім көлемі бойынша көшбасшы бо­лып отыр. 2011 жылдың бірінші жарты жылдығында Астана бойынша жалпы өңірлік өнім көлемі 865 049,7 миллион теңгені құрады. Бұл көрсеткіш жан ба­сы­на шаққанда 1 240,9 мың теңгеден айналады. Төмендегі диаграммадағы көр­­сеткіштерге сәйкес сауда, қызмет, көр­сету жылжымайтын мүлік операция­лары, көлік және логистика сияқты салалар жоғары қарқынмен дамуда. Астанаға келетін қазақстандық және шетелдік инвестиция көлемі тұрақты түрде артуда. Соңғы 10 жыл ішінде қазақстандық елордаға тартылған инвестиция көлемі 30 есе өскен. Қалалық әкімдіктің мәліметі бойынша, тек 2010 жылы тартылған шетелдік инвестиция көлемі 5,3 миллиард теңгені құраған. «Астана – жаңа қала» ЕЭА инвестиция тартудың нәтижелі тетігіне айналды. Бүгінгі таңда ЕЭА-дағы Индустриялдық парк аумағында жалпы құны 173 миллиард теңгені құрайтын 41 жобаға сұ­ра­ныс жасалған. Оның ішінде жалпы құ­ны 13,4 миллиард теңге болатын 3 жоба іс жүзіне асырылып, 600 жаңа жұмыс орны ашылған. Әлеуметтік зерттеулер жасаған сауалнама деректері бойынша, маман­дар­дың 84,3 пайызы соңғы екі жыл ішінде қаладағы экономикалық ахуал елеулі түрде жақсарды деп есептейді. Астана экономикалық және инвестициялық фо­рум­дары сияқты халықаралық бас­қо­су­лар өткізу дәстүрге айналған. Елорда­дағы осы бір пікір алысу алаңы қа­зақстандық және шетелдік инвесторлар үшін тағатсыз күтетін оқиға болуда.

ҮМІТТЕРДІ ҮКІЛЕГЕН ШАҺАР

Жыл сайын елорда тұрғындарының табиғи өсімі артып келеді. Бұл игі құбылыс өткен жылдардағы дағдарыс кезінде де бәсеңдеген жоқ. Төмендегі кестеден көрініп отырғанындай, елорда тұрғындарының табиғи өсімі соңғы ондаған жылдарда ұдайы өсу үстінде. Жылдан-жылға елордамызда зама­науи технологияларға сай жабдықталған озық медициналық орталықтар қатары көбейіп келеді. Сонымен бірге «100 аурухана» бағдарламасы шеңберіндегі ны­сандар салынуда. Осы бағдарлама ая­сында Астанада 9 нысан бой көтермек. Оның ішінде 2 орталық 2010 жылы іске қосылды. Қалған нысандар биылғы мерекелі жылдың соңына дейін пайда­лануға беріледі. Елордадағы денсаулық сақтау саласының басты жетістігі – балалар мен аналар өлім-жітімінің, туберкулез сырқаттарының азаюы, онколо­гия­лық және қант диабеті ауруларын асқынбай тұрған кезеңде анықтау болып табылады. Сондай-ақ медицина қызмет­керлерінің мәлімдеуінше, елордалықтар ішінде шылым шегетіндердің саны 20 пайызға төмендеген және астана­лық­тардың өмір ұзақтығы республика бой­ынша орташа көрсеткіштен едәуір асып, 75 жасты құрап отыр. Бас қаламызда қарттарға ерекше қамқорлық көрсеті­леді. Астанада зейнеткерлер қоғамдық көлікте тегін жүреді. Астанадағы бала туу деңгейі 5 жыл ішінде 1,5 есе артқан. Тәуелсіз Қазақ­стан­ның сәулетті елордасы шын ма­ғы­насында бақытты балалық орталығы болып саналады. Бұл үшін мемлекетіміз қолдан келгеннің бәрін жасауда. Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Балапан» бағдар­ла­масы шеңберінде қалада 2010 жылы 50 мектеп жасына дейінгі мекеме пайда­лануға берілген. Бұл дегеніміз – балалар бақшасындағы 11 мыңнан астам жаңа орын. 2011 жылдың соңына дейін елордада тағы да 33 мектеп жасына дейінгі мекеме пайдалануға берілмек. Бұл – тағы да жаңа 9095 орын. Қазақстандық білім беруді халық­ара­лық стандарттарға көшіруге игі ық­пал ететін жаңа «Интеллектуалды мектептер» ашылуда. Мұнымен қоса, «100 мектеп» бағдарламасы шеңберінде Астанада жоспарланған 7 мектептің 6-уы пайдалануға берілді. Елордамыздың әлеу­меттік-экономикалық әлеуеті жо­ғары. Осыған байланысты Астана қала­сы­ның 2030 жылға таман әлемдегі бә­секеге қабілетті 50 елдің қатарына қо­сылуы туралы бастамасы толық жүзеге асатын ақиқат екендігіне күмән жоқ. Oxford Economics институтының кө­мегімен өткізілген шаралар шеңбе­рін­дегі Ernst&Young-тің (E&Y) «Жедел дамып келе жатқан рыноктар болжамы» (ББР) атты алдын ала жасалған бол­жам­дары бойынша қазірдің өзінде Тәуелсіз Қазақстан әлемдегі ең жедел қарқынмен дамып отырған үштік экономикалардың қатарына кірді. Бұл үдерісте Қазақ­станның бас қаласы шешуші рөлге ие. Міне, сондықтан да әлеуметтік зерттеулер жүргізген сауалнамалар қорытын­дысында, сарапшылардың жартысынан астамы Астананы жоғары әлеуметтік-мәдени және экономикалық әлеуеті бар еліміздің басты бренді деп таниды. Қазақстан елордасының болашағы ту­ралы сарапшылардың басым көпшілігі Астана алдағы уақытта континенттің ірі іскерлік, мәдени және білім беру орта­лығына айналады деген пікірде. Қазірдің өзінде Астанада 13 жоғары оқу орны жұмыс істейді. Астаналық жоо-лардың флагманы «Назарбаев Университеті» болып табылады. Бұл еліміздегі жаһандық дәрежедегі тұңғыш университет. Университет базасында үш ірі ғылыми зертханалар: «Пәнаралық инженерлік орталық», «Өмір туралы ғылым орталығы» және «Энергетикалық зерттеулер орталығы» бар. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.