Қазақстан Республикасы Президентінің архивінде ел Тәуелсіздігі күніне орай «Мәңгілік Ел» қайраткерлері: Хамза Қиқымов» тақырыбында көркемөнер көрмесінің ашылуы болды. Іс-шара қазіргі Қазақстанның саясаттағы, экономика мен мәдениеттегі жетістіктерін кең көлемде насихаттау бойынша «Мәңгілік Ел» қайраткерлері. ХХ ғасыр» құжаттық-көркемөнер көрмелер циклына кіреді.
Суретші Хамза Қиқымов 200-ден аса суреттің авторы. Ол Н.В.Гоголь атындағы Алматы көркемөнер училищесі мен Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын бітірген. Республикалық және халықаралық көрмелердің белсенді қатысушысы бола жүріп, көптеген жүлделердің иегері атанған. Оның еңбектері Қазақстан, Аустрия, Германия, АҚШ және тағы басқа елдердің музейлері мен жеке коллекция жинақтайтындардың қолында сақталған.
Көрменің ашылуында Қазақстан Республикасының Президенті архивінің директоры Борис Жапаров өткен аптада Астана қаласында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туған өлкесіне арналған «Үшқоңыр» кітабының тұсаукесері болғанын атап өтті. Еңбекте Елбасының қанатты сөздерімен көмкерілген белгілі суретшілердің туындылары басылған. Суретші шығармашылығына арналған көрмеге келгендердің алдында сөз алған архив директоры Борис Жапаров: «Осы кітапқа Хамза Қиқымовтың «Үшқоңыр», «Отбасы» және тағы басқа Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған өлкесіне қатысты 12 суреті енген. Бүгінгі көрмеге сол суреттердің төртеуі қойылды. Бүгінгі күні елімізде орын алған түбегейлі өзгерістер, мемлекетті дамытуға бағытталған тұжырымды қадамдар жасампаз әрекеттерге жетелеп отыр. Өз кезегімізде «Мәңгілік Ел» қайраткерлеріне» арналған шараларымыздың болашағы айқын, іргесі берік елдің негізін қалауда өскелең ұрпақ бойына ұлтжандылық пен отансүйгіштік қасиеттер қалыптастыруда маңызы зор боларына сенеміз», деді.
Х.Қиқымов – Алматы облысының гербі мен туының, «Алматы облысының құрметті азаматы» төсбелгісінің, Талдықорған қаласы гербінің авторы. «Алматы облысының құрмет грамотасы» эскизі де Х.Қиқымовтың еңбегі.
Өнертанушы И.Юферова болса, Хамза Қиқымовты «терең ойлы, ізденімпаз суретші» деп атады және оны табиғаттың әсемдігі мен ұлылығын ашып көрсететін табиғат ырғағы мен сызбалары, жарығы мен бояулары қызықтырады, дейді. Ирина Юферова көрмеге суретшінің бұрынғы суреттерімен қатар соңғы кездердегі туындыларының да қойылғанына назар аударды. Суретшінің қазіргі еңбектерінің ерекшелігін, оның соңғы кездегі туындыларының серпінді және жігерлі, әсем әрі абстрактілі шығып жүргеніне тоқталып өтті.
Ал Х.Қиқымовтың шығармашылығына арналған көркемөнер көрмесі желтоқсан айының соңына дейін жұртшылық назарына ұсынылады.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ