Аса мәртебелі, Нұрсұлтан Әбішұлы!
Заманауи Қазақстан қоғамы мазмұны жағынан рухани қайта түлеп, жаңғыруда. Ширек ғасыр ішінде ел мүддесі шеңберінде қол жеткізілген жетістіктер ұлан-ғайыр. Ұлы Даланың төсінде жүрегіңізден шыққан ұлағаттарыңыз Қазақстан халқының ойындағысын тап басып, үнемі қолдауға ие.
Қадірлі Нұрсұлтан Әбішұлы! Бабаларымыз айтып кеткендей, «Алғыс – ел сыйы». Біз, Қазақстан Республикасының зиялы қауымы, білім, ғылым және мәдениет саласының қайраткерлері, Сіздің жаһандық сын-қатерлер аясында қаншама батыл бастама көтергеніңізге куәгерміз. Жалпы ішкі әлеуметтік-экономикалық даму немесе сыртқы елдермен ынтымақтастық қарым-қатынаста болсын, оңай болмағаны белгілі.
Сіздің ел игілігі үшін жүргізген салиқалы саясатыңыз, ұлттық құндылықтарды жалпыадамзаттық құндылықтармен ұштастыру шеберлігіңізді жоғары бағалаймыз және ризашылығымызды білдіреміз.
Тәуелсіздіктің алғашқы қадамы ұлт болып ұйысып, ел болып қалыптасу қағидасымен ұштасты. Бойыңыздағы көрегенділік қасиетіңіз, Қазақстанның Еуразия кеңістігіндегі орны мен басымдықтарын бағалауға жол сілтеді. Рухани-мәдени мұраны жаңғырту көзі ретінде тарихи, ұлттық-мәдени тамырларға аса зор мән бердіңіз. Дүниежүзілік тәжірибелерді саралай келе, түбінде қазақстандықтардың әлемнің алпауыт елдерімен қатарласа алатынына сенім ұялаттыңыз.
Қазақстан Республикасының бәсекеге қабілетті келешегі – стратегиялық бағыт-бағдардың бастамашысы болдыңыз. Елбасына лайықты даналық көрсете алдыңыз. Қоғамдық санаға қозғау салып, жігеріне жігер қостыңыз. Бүгінгі күні «Мәдени мұра», «Ғылыми қазына», «Халық тарих толқынында» және басқа да мемлекеттік бағдарламалар мен салааралық ғылыми, мәдени зерттеулер жалғасын тауып, сананы жаңғыртуға және жетілдіруге зор ықпалын тигізуде. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақалаңыз аясында «Туған жер» бағдарламасының ұсынылуы қазақстандықтарға ерекше серпіліс бергенін атап өткен жөн.
Құрметті Елбасы! Биыл қасіретке толы, зобалаң да зұлмат – XX ғасыр зиялыларының рухы ұлықталып, Рухани жаңғыру: Алаш және азаттық идеясының сабақтастығы аясында Алаш қозғалысының 100 жылдығы ел көлемінде ғана емес, шетелдерде де аталып өтті.
Тарихтың басты тағылымы – ұлттық бірегейлік, руханият, дәстүрлі мәдениетімізді сақтау болып қала бермек. Оған қоса, «Рухани жаңғыру» ұлттың өткен жолын ғылыми негізде қорытудың жаңа философиясы мен мүмкіндігін айқындап берді. «Отан – елдің анасы, ел – ердің анасы» болғандықтан да, халық қамы үшін айтылатын Сіздің әрбір пайымыңызды қастерлейміз. Тарихи-мәдени мұрамызды ұрпақтан-ұрпаққа аманаттау – парызымыз! Тіпті экономикалық және түрлі ғылыми іс-шараларда шетелдік сарапшылардың тұшымды пікірін естігенде мәртебеміз өсіп қалатынын да жасыра алмаймыз. Мысалы, 2017 жылдың 10 қарашасы күні өткізілген халықаралық ғылыми-тәжірибелік іс-шараға катысқан Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей және де басқа елдерден келген ғалым-сарапшылар тарапынан «Рухани жаңғырудың» тарих және салт-дәстүрлер сабақтастығындағы рухани-мәдени негіздері жоғары бағаланды. «Намысты мыңды жығады» демекші, Сіздің қамшылауыңызбен халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесінің сәтті өтуі ел абыройын арттыра түсті.
Қазақстандықтардың патриоттық рухы артып, келешекке деген сенімі нығая түсті. Расында, бұл – ақиқат дүние.
Нұрсұлтан Әбішұлы! Сан салалы қиыншылықтар мен кедергілерге қарамастан, осыншама айтулы тарихи оқиғалар мен жетістіктерді көре тұра Сіздің көшбасшылық қадір-қасиетіңізді тілге тиек етпеу, бүгінгі зиялы қауымға сын болар еді. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын!» демекші. Қазақстанның зиялы қауым өкілдері атынан Сізге бойыңызға қуат, қарымды қадам, ұзақ ғұмыр тілейтінімізді жеткізгіміз келеді.
Қазіргі кезеңде Қазақстанда адам өмірінің мәні – ел тыныштығы, отбасы амандығы, жеке бастың рухани дамуына мүмкіндік жасалып қана қоймай, жаңа Рухани жаңғыру белесіне қадам басып отырмыз. Сіздің әрбір бастамаңыз бен көзқарастарыңызды қолдау, келешек үшін аянбай еңбек ету және сүбелі үлес қосу – біздің міндетіміз!
Ізгі ниетпен, Қазақстан Республикасының зиялы қауым өкілдері атынан: Қ.Сартқожаұлы, Н.Айтұлы, З.Самашев, Ж.Бейсенбайұлы, Қ.Ахметжанов, Қ.Саматұлы, Т.Жұртбай, Е.Нұрпейісов, Р.Иманжүсіп, А.Қашқымбаев, В.Салахов, Ғ.Есім, С.Қасымов