• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
11 Қараша, 2011

Алтынға баланған күміс

243 рет
көрсетілді

Қазылар Майя Манезаны бас жүлдеден айырды Парижде Қазақстан ұлттық құрамасының өнері көпшілік көңілінен шығуда. Сәрсенбіге дейін небәрі екі спортшымыз ғана жарыс жолына шықты. Бұл сында екеуі де жақсы өнер көрсетті. Жексенбіде Зүлфия Чиншанло (53 кило) түр­­­кия­лық Айлым Дасделен мен қы­тайлық Джи Джинг­ті жолда қалдырып, алтын­­­нан алқа та­­ғынса, сейсенбіде Майя Мане­­за­ның (63 кило) асқан шеберлігіне тәнті болдық. Жарыс қар­­са­­­ңында мамандардың көбі бұл салмақ дәреже­сінде негізгі бәсекелестік біздің Манеза мен қытайлық Хиофанг Кианг ара­сында өрбиді деген пікір айтты. Сонымен бірге Ресейдің Светлана Царукаева мен Марина Шаинованың да мүмкін­діктері жоғары баға­лан­ды. Осы спортшыларға чемпионатта осын­дай сенім артылғаны тегін емес. Манеза – әлемнің екі дүркін чемпионы. Кианг – әлем чем­пионатының қола жүлдегері, Азия бірі­н­шілігінің жеңімпазы. Царукаева бірнеше рет әлем чемпионатында жүлдегер атанды. Шаинова – Еуропа чемпионы. Сейсенбі күні жұлқып көтеру жаттығуы бой­ынша Светлана Царукаева алдына жан сал­мады. Ол 117 килолық зілтемірді тік көте­ріп, әлемнің жаңа рекордын жаңартты. Хиофанг Кианг екінші орынға табан тіреді. Оның көрсеткіші – 113 кило. Майя Манеза 109 ки­лолық нәтижемен үшін­ші сатыға жайғасты. Серпе көтеруде қытай қы­­зының жолы бол­ма­­ды. Кианг 133 килоны қанағат тұтты. Марина Шаинова 135 киломен шектелді. Цару­каеваның 138 килоға әлі жетті. Манеза ал­ғашқыда 139 килоны еңсере алмағанымен, екін­­­­ші рет дәл осы салмақты ырқына оңай көндірді. Бұл – кемінде қола медаль қоржында деген сөз. Алайда бұл нәтижемен шектеліп қалуды жөн көр­­­­ме­ген қазақ­стандық зілтемірші 147 килоға тап­сырыс берді. Осы кезде бүкіл зал іштей тын­ды. Егер Майя бұл салмақты басынан асырса, әлемдік рекорд төрт килоға жаңарады. Біздің Манеза тәуекелге бел буып, зілтемірді мой­нына дейін жеткізді де, оны жерге тастай салды. Оның не себепті осындай әрекетке бар­ғаны бірден белгілі болды. Зілтемірдің бір басына артық салмақ қосып жіберген екен. Тепе-тең­­­діктің сақталмауы салдарынан біздің спортшы мүлт кетті. Сол кезде қазылар зілтемірдің бір басына артық салмақ қосылып кеткенін байқама­ға­­­нын айтып, Майяны тағы да ортаға шығарды. Бұл жолы отандасымыз рекордтық салмақты ырқына көндірді. Бірақ, спорт кешеніне жи­налған дүйім жұрт ду қол шапалақтап, қайсар қызға құрмет көрсетіп жатқанда, жүргізушінің «бұл әрекет есепке алынбайды» деген ащы да­уысы естілді. Барлығы аң-таң. Жанкүйер­­лер­дің қуанышы су сепкендей басылды. Төре­­ші­­лер өздерінің бұл шешімін: «Қазақстан спорт­шысының зілтемірді көтеру барысында қолы қайысып кетті. Сөйтіп, ереже бұзылды», – деп түсіндірді. Осылайша қа­зылардың қитұрқы ойынының салдарынан Манеза қолда тұрған алтыннан айырылды. Өткен жо­лы Зүлфия Чин­­­­­шалоның алтын жүлдені же­ңіп, құрмет тұғырына көтерілгенде, ұйымдас­ты­рушылар елі­міздің ескі әнұранын қойып, бәрі­мізді таң­ғал­дырған еді. Енді міне, қазылар жағы Қазақ­стан құрамасына тағы қитұрқы әрекет жасап, Манезаның қара термен жеңіп алған алтын жүлдесін тартып алып отыр. Сөйтіп, бұған дейін әлемнің екі дүркін чемпионы атанған Майя Манеза бұл жолы күміс медальды қанағат тұтты. Оның көрсеткіші – 248 (109+139) кило. Ал бас жүлдені Светлана Царукаева иеленді. Ресей қызының нәтижесі – 255 (117+138) кило. 246 (113+133) килолық көрсеткішпен қы­тай­лық Хиофанг Кианг қола медальды еншіледі. Сәрсенбі күні 69 кило салмақ дәреже­сін­дегі Ирина Некрасова мен Жазира Жапарқұл жарыс жолына шықты. Алдағы кезде де чем­пионаттың қызығы еш кемімейді. Өйткені, бақ сынауға бел буған атақты ауыр атлеттердің қатары қалың. Олардың арасында Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттарында атой салған саңлақтар да жоқ емес. Ал қазақ­стан­дық жанкүйерлер өз кезегінде Анна Нұрма­ғам­бетова (63 кг), Светлана Подобедова (75 кг), Александра Аборнева (+75 кг), Кирилл Павлов (77 кг), Владимир Кузнецов (85 кг), Илья Ильин (94 кг), Алмас Өтешев (94 кг), Сергей Истомин (105 кг), Владимир Седов (105 кг), Дмитрий Каплин (+105 кг) және Александр Зай­чи­ков­тің (+105 кг) өнерлерін тамашалайтын болады. Дастан КЕНЖАЛИН.